Индустриалдық аймақ отандық өндірістің бағын ашуда

Oinet.kz 09-08-2024 2261

Түркі әлемінің рухани ордасы, мемлекетіміздің алтын бесігі саналатын Түркістанның  жаңаруы мен жаңғыруы бір аймақтың ғана емес, тұтас  қазақ елінің  гүлденіп келе жатуының айғағы. Көне шаһар инвестиция саласында мол мүмкіндіктер ұсынып отыр.  Қайта жаңғырған рухани астананың кәсіпкерлік саласы да қарыштап дамып келеді.  Қала экономикасының негізін құрап, инвесторлар үшін қайтарымы мол жобаларды ұсынатын негізгі бағыттар  – өндіріс және туризм болмақ.  Қазірдің өзінде Түркістанда айрықша  инвестициялық климат қалыптасып келеді. 

Осы бағыттағы негізгі рольді атқарып отырған ауқымды жобалардың бірі - «Turkistan” индустриалды аймағы екені даусыз. Ашылғалы бері аса көп уақыт өтпесе де, талай сәтті жобалардың жүзеге асырылғанына ел куә болып отыр. Индустриалдық аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Алдағы уақытта қандай жобалар іске асырылмақ? Осы тақырыпта «Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы» ЖШС бас директорының орынбасары Қалыбек Шерімен сұхбаттасқанды жөн санадық.  

Screenshot_2.jpg

— Шері Қанатбекұлы, бастапқыда Түркістан индустриалдық аймағының жоспарлауына Түркияның мамандарды тартылған екен.  Сол кезде әзірленген тұжырымдаманың қандай ерекшеліктері болды?  Түркістан индустриалдық аймағының еліміздегі өзге индустриалдық аймақтарға қарағанда қандай-да артықшылықтары бар ма? 

— Біздің индустриалдық аймақты ерекшелейтін тұстары көп. Бұл аймақтың құрылуындағы басты мақсат  - кәсіпкерлерді қолдау. Мұнда кәсіпкерлерге  дайын инфрақұрылым, яғни жер телімі, газ, су және электр энергиясы секілді инженерлік коммуникациялар ұсынылады. Әрі барлығы өте қолжетімді етіп жасалған. Кәсіпкерлер тек  өз қондырғыларын әкеліп, зауыттың жұмысын бастап кетсе болды. Эскиз жобаларын өткізіп, жоба мақұлданған соң  жұмыстарын  бастай береді. Қаланың әр жерінен орын іздеп, коммуникациялар іздеп жүрмейді. Өте ыңғайлы.  Бізге жүктелген міндет - кәсіпкерлерге жерді рәсімдеп беру. Индустриалды аймақтың өзі жерді жалға алады. Яғни, бізге 2068 жылға дейін жер телімі жалға берілген. Сондықтан мұнда қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді жіті бақылаймыз. Кәсіпорындардың эскиздік жобаларын тексеріп, болашақта қанша адамды жұмыспен қамтитыны, шыққан өнімнің сұранысқа ие болуы туралы нақтылап тексереміз. Индустриалдық аймаққа бастапқыда 40 гектар жер берілген болатын. Кейін шаһардың индустриалдық әлеуетін арттыру мақсатында  қосымша  310 гектар бөлінді. Оның 180 гектары  «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының қарамағына өтті. Ол жақта да кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін өте жақсы жағдай жасалған. Қазіргі таңда Түркістан қаласына тиесілі индустриалдық аймақта 190 гектар жер телімі бар. Оның 40 гектарына инфрақұрылым жүргізіліп, толық игерілді. Пайдаланылмаған  шамамен 5 гектардай жер ғана қалды. Оның орналасу орнына байланысты кәсіпорындар әзірше қызығушылық білдіріп жатқан жоқ. Қалған 150 гектар жер жыл соңына дейін толықтай инфрақұрылыммен қамтылатын болады.  Жалпы, елімізде индустриалдық аймақтардың заңы барлығына ортақ. Түркістан ғана емес, бүкіл республика көлеміндегі аймақтар бір заңға бағынады. Индустриалдық аймақтардың ерекшелігі  тек олардың орналасқан аумағы мен өндіретін өнімінде ғана деп айта аламын. Себебі, еліміздің әр өңіріндегі ауа райы, табиғат құбылыстары әртүрлі болғандықтан барлық аймақ бірдей өнім шығара алмайды. Мысалы, Түркістан индустриалды аймағы негізінен құрылыс заттарын және жеңіл өнеркәсіптік заттарды шығарады. Ал айталық, Тараз индустриалды аймағы химия қоспаларын өндіруге басымдық береді. Осы  секілді әр аймақтың өзіне тән өндірістік бағыттары бар. 

— Индустриалдық аймақта кәсіпкерлерге жер телімі мен дайын инфрақұрылымнан  басқа қандай жеңілдіктер ұсынылады?

— Кәсіпкер ұсынған жобаның құны 7 млрд теңгеден асқан жағдайда, жер және импорт салығынан босатылады. Тағы бір айта кететін мәселе, кәсіпкерлер үшін электр энергиясының төлемақысын 47,3 теңгеден 25 теңгеге дейін төмендеттік. Бұл кәсіпорындардың шығынын едәуір азайтатын маңызды факторлар. Инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы бірегей жоба – браунфилд кешендерін айтып өтсек болады.  Әрқайсысының  аумағы 2400 шаршы метрді құрайтын браунфилдтің ғимаратында   кез-келген кәсіп түрін ашуға барлық жағдай жасалған.  Кеңсе бөлмелерінің жалпы ауданы 400 шаршы метр, ал өндірістік аумақ 2000 шаршы метрді құрайды.   Мұнда көліктік және инженерлік инфрақұрылым мәселесі толық шешілген. Яғни, кәсіпкерлер үшін өте тиімді жоба.  Қазіргі таңда индустриалдық аймағымызда екі браунфлид ғимараты бар. Біріншісінде парта, орындық шығаратын жиһаз зауыты, екіншісінде шұлық шығаратын кәсіпорын орналасқан. Жиһаз шығаратын зауыт қазіргі таңда ғимаратты толығымен сатып алуға әрекет жасап жатыр. Яғни, белгілі-бір кәсіпкердің қарамағына тиесілі болады. Шұлық зауытында көбіне әйелдер жұмыс жасайды. Өйткені, тігін ісі болғандықтан қыз-келіншектер икемді келеді. Бұл кәсіпорында қазір жиырмаға жуық адам жұмыс істейді. 

— «Түркістан» индустриалдық аймағында қазірге дейін қанша жоба іске асырылды? Қала экономикасының дамуына қосып жатқан үлесі жайлы айтып өтсеңіз.  

— «Түркістан» индустриалды аймағының Түркістан қаласына тиесілі аймағында 32 жоба бар. Оның 25-к жуығы бұрыннан келе жатқан  кәсіпорындар болса, қалған 7 жоба жуырда жүзеге асырылды. Үздік өндірістердің қатарында қала экономикасына айтарлықтай үлес қосып отырған жиһаз өндіретін “Grand Mix” кәсіпорнын атап өтуге болады. Мұнда Түркістан қаласының тұрғындары тұрақты  түрде жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін 500-600 адамды жұмыспен қамтыған үлкен зауыт.  Алдағы уақытта мың адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Мұндай үлкен ауқымдағы жиһаз зауыты  елімізде бізде ғана бар. Жуырда Мәжіліс депутаты Руслан Берденов жұмыс мсапарымен шаһарымызға келіп, арнайы осы жиһаз зауытының жұмысымен танысып кеткен болатын.    Жеңіл жиһаз өндірумен айналысатын «Cordial Turkestan» кәсіпорны да біздің мақтанышымыз. Өнімнің басым көпшілігін экспортқа жөнелтеді.  «Kaztor LTD» атты арнайы сымнан қоршаулар жасайтын зауыт жұмыс істеуде. Өнімі қарапайым  болғанымен сұраныста өте жоғары. Осы зауыттарды сәтті жобалардың қатарына жатқызуға болады. 

— Индустриалдық аймақтағы өндіріс негізінен қандай бағыттарда  дамып жатыр? Алдағы уақытта қамтылатын  жаңа өндірістік салалар бар ма?

— Негізінен біздің өңір үшін жеңіл өнеркәсіп саласы ыңғайлы болып тұр. Өйткені, кәсіпорын салуға ұсыныспен келіп жатқан кәсіпкерлер де осы бағыт бойынша өтініш білдіруде. Мысалы, тамақ өнеркәсібіне қатысты лапша, крахмал, сүт өнімдерін шығаратын зауыттар бар. Бұл бағытқа кәсіпкерлердің көптеп назар аударуының себебі, өндіріс тез өріс алады әрі өнімдер халық арасында сұранысқа ие.  Сол себепті алдағы уақытта осы бағыттарды мейлінше дамытуға мән бергелі отырмыз. Болашақта индустриалдық аймағымызда жаңадан іске қосылуы мүмкін кәсіпорындар аз емес. Мәселен, жақын арада Түркістанға қағаз майлықтар шығаратын зауыт  салынады деп жоспарлануда. Қарап тұрсақ болашағы зор сала.  Біздің өңірде  бұрын-соңды ондай зауыт болмаған. Айтуға жеңіл зат болғанымен оның да күрделі өндірістік технологиясы бар.  Қаламыздың дамуына айтарлықтай үлес қосады деп білемін. Жалпы, индустриалдық аймақтың болашағы зор, мұнда жаңа өндіріс орындары көптеп ашылады деген сенімдеміз. Біз де өз тарапымыздан индустриалдық аймаққа инвесторларды молырақ тартуға күш жұмсаймыз. 

Қайрат Сақ: «Отандық БАҚ «Қазақ» газетіндей болғанын қалаймын»
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу