Жанысбек ӨТЕГЕН: Жаңа жүйеге жаңа тұлғалар келуі керек

Oinet.kz 11-02-2026

Реформалар мен жаңа жүйелер қоғамда жиі талқыланып келеді. Алайда олардың нәтижесі күнделікті өмірде қалай көрініс табатынын бағалау үшін азаматтардың белсенділігі мен қоғамдық талқылауға қатысуы аса маңызды. Осы тұрғыда біз Ордабасы ауданының Құрметті азаматы, қоғам белсендісі Жанысбек Өтегенмен сұхбаттасып, қазіргі реформалардың мәні, Құрылтайдың құрылымы, сондай-ақ Халық кеңесінің рөлі жайында әңгімелескен едік.

fc072749545303f46aa2dd1d13005db5.jpg

– Жанысбек Тұрсынәліұлы, қалай ойлайсыз қазіргі реформалардың басты мақсаты қандай? Елге өзгеріс әкелу ме, әлде тек саяси имидж қалыптастыру ма?

– Қазіргі жүргізіліп жатқан реформалардан айтарлықтай нәтиже шығады деп үлкен үміт күту қиын. Себебі «Жаңа Қазақстан» деп ұрандатып келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. Алайда қарапайым халық күнделікті өмірінде сол өзгерістерді анық сезініп отырған жоқ. Атауы өзгергенімен, мазмұны өзгермеген реформалар қоғамда сенімнен гөрі күмәнді күшейтіп отыр. Егер реформалар халықтың нақты ойынан, өмірлік қажеттіліктерінен туындаса, халықтың тұрмысын шын мәнінде жақсартуға бағытталса, онда нәтиже шығады деп сенуге болар еді. Алайда бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік жағдайы, әсіресе, ауылдық жерлердегі ахуал әлі де күрделі күйінде. Көп ауылдарда адамдар күнкөрістің қамымен «өлместің күйін» кешіп жүр. Жұмыссыздық, инфрақұрылымның әлсіздігі, сапалы медициналық көмек пен білімге қолжетімділіктің төмендігі – бұл мәселелер жылдар бойы айтылып келе жатқанына қарамастан, түбегейлі шешімін таппай келеді. Әлі де халықтың тұрмыстық деңгейі төмен.

Осындай жағдайда «қазір өзгеріс болады» деп айтуға бола ма? Жүйенің ішінде отырған адамдар сол баяғы бұрыннан келе жатқан кадрлар. Бір лауазымнан екінші лауазымға ауысып, бір орынтақты екіншісімен алмастырып жүргенімен, басқару тәсілі де, көзқарас та өзгермейді. Тек атауы мен қызметі ауысқанымен, жүйенің өзі сол күйінде қалып отыр. Мәселе жеке адамдарда ғана емес, сол адамдар қалыптастырған басқару мәдениетінде. Халықпен ашық сөйлесу, сынға құлақ асу, жауапкершілік алу сияқты қағидалар жүйелі жұмыс істеуі үшін жүйеге жаңа ойлайтын, жаңа көзқарастағы азаматтар келуі керек. Бұрынғы тәсілмен, бұрынғы кадрлармен жаңа нәтижеге жету мүмкін емес.

Жоғарыда айтып өткенімдей, жаңа жүйеге қоғамның ортасында жүрген, халықтың шынайы жағдайын білетін, әсіресе, ауыл мен аймақтың проблемасын өз көзімен көріп жүрген азаматтар тартылуы қажет. Олар тек есеп берумен шектелмей, мәселенің шешілуіне жауап беретін, өз шешімдері үшін халықтың алдында есеп беруге дайын болуы тиіс. Сонда ғана реформалар қағаз жүзінде емес, өмірде сезілетін өзгеріске айналады.

Реформаның табысы оның атауында немесе жарияланған ұранында емес, оның артында тұрған адамдарда. Егер жаңа реформалар ескі кадрлармен жүзеге асса, онда нәтиже де бұрынғыдай болады. Ал егер жүйеге жаңа азаматтар, батыл ойлайтын, жауапкершілікті сезінетін тұлғалар келсе ғана қоғамда нақты өзгеріс болады деп үміттенуге негіз пайда болады.

– Кейбір сарапшылар Парламенттің бір палаталы болғанын да дұрыс көріп отырған жоқ. Сіз қалай ойлайсыз, қазіргі таңда ұсынылып отырған өзгерістерден біз не ұтамыз?

– Жаңадан құрылатын Парламентті «Құрылтай» деп атап жатыр. Құрылтайдың атауы немесе оның бір палаталы не екі палаталы болуы өз алдына бөлек мәселе. Ең бастысы оның мазмұны, яғни оған кімдер мүше болады және олардың ел алдындағы жауапкершілігі мен сапасы қандай болмақ – мәселенің түйіні осында. 

Құрылтайға мүшелер негізінен партиялық тізім арқылы өтеді деп жоспарланып отыр. Ал қазіргі партиялық жүйенің жағдайы қоғамға жақсы белгілі. Қазақстанда тіркелген партиялар бар болғанымен, олардың басым бөлігі бәріміз білетін бір партияның төңірегіне шоғырланған. Шынайы бәсекелестік те, нақты оппозициялық ұстаным да жоқ. Мұндай жағдайда партиялық тізім арқылы ғана жасақталған Құрылтай халықтың шынайы үнін білдіретін орган бола алмайды.

Партиялық тізімдер арқылы өтетін адамдардың көпшілігі партия басшылығының шешімімен анықталады. Бұл қарапайым азаматтың таңдауы шектеледі деген сөз. Ал халықтың тікелей дауыс беру құқығы формалды сипатта қалып қояды. Мұндай жүйе қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді, аймақтардағы нақты проблемаларды, қарапайым адамдардың күнделікті өміріндегі қиындықтарды толық жеткізе алмайды. Сондықтан Құрылтай құрамының кем дегенде жартысы бір мандатты округтер арқылы сайлануы қажет. Бір мандатты округтен сайланған депутат нақты бір өңірдің, нақты бір қауымның өкілі. Ол халықтың алдында тікелей жауап береді және келесі сайлауда сол халықтың бағасына тәуелді болады. Мұндай жауапкершілік болмаса, өкілдік те, сенім де қалыптаспайды.

Бір мандатты округтер арқылы Құрылтайға елге танымал, халықтың ортасында жүрген, қоғамдағы түйткілдерді жақсы білетін азаматтар келуі тиіс. Олар міндетті түрде партия мүшесі болмауы да мүмкін. Ең бастысы олардың ар жағында партия емес, халық тұруы керек. Сонда ғана Құрылтай бюрократиялық құрылым емес, тірі, әрекет ететін, қоғаммен байланысы бар институтқа айналады.

Құрылтай мүшелерінің жалпы саны алдын ала белгіленіп қойғаны мәлім. Енді сол құрамның кем дегенде жартысын халықтың өзі тікелей сайлауына мүмкіндік берілсе, бұл билік пен қоғам арасындағы сенімді күшейтер еді. Мұндай қадам азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елдегі өзгерістерге халықтың өз қатысы бар екенін сезіндіреді. Құрылтайдың тағдырын оның атауы емес, құрамы шешеді. Егер Құрылтайға шынайы халық өкілдері барса, онда бұл орган ел дамуының жаңа кезеңіне жол аша алады. Ал егер бәрі бұрынғыдай партиялық сүзгіден өткен адамдармен ғана шектелсе, онда Құрылтай қоғамның үмітін ақтай алмай, кезекті формальды құрылым болып қалу қаупі бар.

– Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі белсенділігімен көзге түсіп жүр, өзіңіз де сол кеңестің мүшесі болдыңыз. Қоғамдық кеңесте тәжірибесі бар адам ретінде айтыңызшы, «Халық кеңесі» қаншалықты белсенді әрі ықпалды бола алады? Жалпы, мұндай кеңестердің жұмысы нәтиже беруі үшін оларға да реформа қажет емес пе?

– Халық кеңесінің де алдағы уақытта қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні ең алдымен оның құрамына байланысты. Қандай ереже қабылданса да, қандай өкілеттік берілсе де, егер кеңеске халық өкілдері келмесе, оның жұмысы да формальды деңгейден аса алмайды. Сондықтан Халық кеңесін жасақтауда да басты өлшем оның мүшелерінің кім екені және қоғаммен қаншалықты байланысы бар екені болуы тиіс.

Халық кеңесіне ел ішіндегі жағдайды жақсы білетін, халықтың мұң-мұқтажын күнделікті сезініп жүрген белсенді азаматтар баруы қажет. Олар ауыл-аймақтың, қала тұрғындарының нақты проблемаларын көріп жүрген, сол мәселелерді ашық айтып, шешімін талап ете алатын адамдар болуы керек. Тек осындай тұлғалар ғана халық пен билік арасындағы көпір қызметін атқара алады. Ал егер Халық кеңесінің мүшелері жоғарыдан іріктеліп, билік құрылымдарының өз ішінен немесе соларға жақын адамдар арасынан ғана таңдалатын болса, оның жұмысы жанданады деп айту қиын. Мұндай жағдайда кеңес тәуелсіз пікір айтатын алаң емес, бұрыннан қалыптасқан жүйені қайталайтын кезекті құрылымға айналып кетеді. Қоғамдық бақылау әлсіреп, сын айту мен балама ұсыныс жасау мүмкіндігі шектеледі. Қазіргі жүйеге жаңа тұлғалар келуі тиіс. Бұл ретте, әсіресе, тәжірибелі жастарға жол ашылуы керек. Олар қоғамдағы өзгерістерді сезінетін, жаңа идеялар мен тың бастамалар ұсына алатын азаматтар болуы қажет. Сонымен қатар өз ойын ашық айтып, қажет кезде билікке сын көзбен қарай алатын, диалогтан қашпайтын тұлғалар Халық кеңесінің негізгі тірегіне айналуы тиіс.

Халық кеңесі тек кеңес беретін формальды алаң болып қалмауы үшін оның құрамында әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері болуы маңызды. Қарапайым жұмысшылар, кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер, ауыл белсенділері, азаматтық қоғам өкілдері осылардың барлығы кеңес жұмысына шынайы мазмұн береді. Бұл әртараптылық қоғамдағы нақты жағдайды толық көрсетуге мүмкіндік жасайды. Сонда ғана Халық кеңесі қағаз жүзіндегі құрылым емес, елдегі өзекті мәселелер талқыланатын, ұсыныстар нақты шешімдерге ұласатын алаңға айналады деген үміт пайда болады. Оның жұмысының нәтижесі мүшелерінің атақ-дәрежесімен емес, халық алдындағы жауапкершілігімен және айтылған сөздің артынан іс келе ме, сонымен өлшенуі керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Аида ӨТЕП

Дос КӨШІМ, саясаткер: Парламентті Құрылтай деп өзгертуге қарсымын
Әлихан Жақсылық, жазушы: Дүниеге қайта келмес едім
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу