Әлихан Жақсылық, жазушы: Дүниеге қайта келмес едім

- Әлихан, ең алдымен сізді Mecenat.kz әдеби байқауында жеңіске жеткеніңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймыз. Енді сізге өмір бойы ай сайын 500 доллар беріліп отырады екен. Бірақ қалың бұқара бұл байқау туралы терең біле бермейді. Осы байқау жөнінде түсіндіре кетесіз бе?
- Қайырлы күн! Құттықтап жатқан сіздерге зор алғыс айтамын! Бұл маған үлкен мүмкіндік пен өлшеусіз серпін берген байқау болды. Оқырманның, жақындардың қолдауын сезінген сәт және өмір бойғы жазу, өмір бойы жазу - бұл әлем жазушылары армандайтын дүние деп ойлаймын. Mecenat.kz әдеби байқауы жаңа романдар сайысқа түсетін өте үлкен байқау. Қазылардан іріктеліп, қалың көпшіліктің, оқырманның дауысына жолданады. Егер сәтті де, әдемі, мықты роман жазсаңыз оқырман қолдап, жазушыға дауыс беріп мүмкіндік сыйлайды. Телеарналарда, көптеген жаңалықтарда байқау туралы жыл сайын айтылып жүр, жаңа романдарды оқып отырған оқырман да артып келеді, бұл әдебиет үшін, жазушы үшін, оқырман үшін де үлкен қолдау. Ұйымдастырушыларға, қолдаушыларға, оқырмандарға, Тимур Турлов мырзаға зор алғыс айтамын, байқау көптеген адамның махабатына бөледі.
- 2024 жылы Асылтас қоры ұйымдастырған әдеби байқауда дауыс саны бойынша оқ бойы ілгері келе жаттыңыз. Бірақ қазылардың шешімімен сіз жүлдеге ілікпей қалдыңыз. Кейін осы жөнінде әлеуметтік желіде мәселе көтерілген соң олар «байқау екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең дауыс саны бойынша, екінші кезеңде қазылардың шешімі бойынша жеңімпаз анықталады» деді. Бұл уәжге келістіңіз бе? Әлде байқау ұйымдастырылғанда ережеде қателік кетті ме?
- ”Асылтас” туралы не айтуға болады? “Қазаншының өзі білер қайдан құлақ шығарса” дейді ғой. Солай болайын деген болар. Ереже, уәж, тағысын тағы өздері біледі ғой, ең бастысы мен дәлелдей алдым, мені қолдайтын жанашырлардың көптігін, көптеген оқырманға шығармаларым ұнағанын, әлі де қолдай түсетінін ұқтым. Сол “Асылтас” кезінде дауыс жинаған сәтте маған қиын болғаны, жазушы-ақындар ғана емес олардың аяулы жарлары да маған соншалық қарсы болып, жекеге шығып шүйлігіп жатқандары. Мұндай сәнді де әдемі бәйгеге отбасын араластырғандары дұрыс емес қой. Мен бәйге біткенде 3 апта бойы мазамды алған адам туралы пост жазып шығардым. Тағы 2-3 қаламгердің ерсілігін атадым. Әйелдерін араластырғам жоқ, ұялдым, азамат жігіттер ғой, әйелдеріне ақыл айтып, “қой, қалқатай, араласпай-ақ қой” деп айтар деп үміттендім. Жігіттердің сол тұсы сәл ыңғайсыздау болды, ештеңе етпес, өмір болған соң болады ғой, қолдау да, жек көру де, сүю де бәрі қатар жүреді.
- Шамамен отыз жасыңызға дейін 10-шақты роман жазам деп өзіңізге уәде берген екенсіз? Бұл физикалық және интеллуалдық тұрғыда мүмкін бе? Сан қуалап кетіп, шығармашылығыңыздың мазмұнын суалтып алмайсыз ба?
- Иә, ауырып қалмай, бірдеңеге ұшырап қалмай аман жүрсек жазамын. Физикалық дегенде сол алып бара жатқан күш түспейді ғой, отырыс, жүріп келіп қайта отыру. Ынтығып, ентігіп жүгіріп жазбайсың ғой. Сондықтан физикалық жағынан мүмкін, оны дәлелдеп келемін. Мазмұн жағына келер болсақ жаңа тақырыптарға, жаңа жанрларға баруға тырысамын, мүмкін сондай қызықтың әсерінен жазуда қиналыс жоқ шығар. Біз қазір екеуміз мазмұнды, физиканы талқылағаннан бәрібір кейін роман сапасын, өміршендігін, әдеби жаңалықтарын уақыт көрсетеді ғой.
- Қазақстандық авторлардың прозалары Нобель алуға қауқарлы ма? Қашан және қандай дүние жазса алуы мүмкін? Біздің жазушыларға әлемдік деңгейге шығуға не жетіспейді?
- Әрине Нобель алуға қауқарлы жазушылар жетерлік. Тек нақты тақырыптарын таба алмай жүр ме деп ойлаймын. Нобель алу үшін қатып қалған осы тақырыпты жаз деген қағида жоқ шығар, жыл сайын Нобель көтерген тақырыптың ауқымдылығына қарап жатады. Сондықтан үлкен де қарапайым ізденіс керек секілді. Әлемдік деңгейді бағындыру үшін әуелі ел ішінде жақсы сатылып, жақсы бағалану керек, яғни жақсы жазу керек. Әуелі ішкі нарықты қалыптастырып барып, кейін шет елдік баспалармен жұмыстану керек, мықты әдеби агенттердің назарына ілігу керек.
- Өзіңіз жеке баспа ашатыныңызды сүйіншілеп хабарлап едіңіз. Осы жағы қалай болып жатыр? Елімізде баспалар өте көп, олармен жұмыс істегіңіз келмеді ме? Қандай талаптары көңіліңізден шықты немесе көңіліңізді қалдырды?
- Елімізде баспалар өте көп. Көп баспада қаржы жағы қиындау, мәселе олар үшін. Ал дамыған баспалар қазақ авторларын сатуға, жарнамалауға, таратуға құлықсыз. Оларды түсінемін әрине, кітап басуға аз ақша кетпейді, баспалар қазақ авторын басып шығаруға тәуекел етпейді, кәсіп ретінде қарағанда да бұл салған ақшаны қайтара қоймайды. Себебі көп қаламгер танымал емес, сондықтан баспалар салған ақшамызды ақтамай қалады деп қазақ қаламгерлерін баса бермейді, қаламгерлер өздері баспаларға ақша төлеп шығарып алып жүр. Өз баспамнан әзірге өз кітаптарымды дайындап жатырмын, сәл тиімділігі бар әрине. Мені автор ретінде бағалап, кітаптарымды үнемі басып, сатып жүрген “Мазмұндама” баспасына рақмет! Басшылығы жақсы жұмыс жасап жүр, шеттетпейді, тәуекелден көп қорықпайды. Меніңше “Мазмұндама” баспасымен қазақ авторлары тығыз жұмыс жасаса көптеген талаптары көңілге қонымды, өкінбейді.
- Жазушыға тек Кітап сату арқылы күн көруге бола ма? Біздің нарық жазушыны асырай ала ма? Кітап дүкеніне жазушының кітабыгың түсуі неге қиын?
- Тек кітап сату арқылы күн көру қиындау. Жасырмаймын кітап өтетін айлар: қараша айы, ақпан айы, қалған айларда кітап өтпейді. Өтсе де аз дана алады. Кітап сатылмайтын айлар: сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, осы 6 айда ештеңе сата алмайсыз, мейлі Нұрсейітке барып жыласаң да өткізе алмайсың. Білмедім, бұл айлардың қандай сиқырын барын, бұл уақытқа дейін бірнеше роман және кітаптар сатып көрдім, қосымша табыс, қосымша жұмыс болмаса тек қана кітаппен қиындау болады. Ал кітап дүкеніне кітап түсу үшін “тәртіпті” жазушы болу керек.
- Қазіргі капитализм заманында қазақ қоғамына жазушы керек пе?
- Дәл қазір жазушы керек, керек емес деп кесіп айту қиындау. Елең-алаң шақта тұрмыз, бұл біздің ең соңғы тұяқ серпуіміз, бұл буыннан жарқырап мықты қаламгерлер шығып жазушы керегін түсіндіре алады немесе осы өшкені өшкен болып қалады. Сондықтан дәл қазір меніңше бізге көбірек жұмыстану керек, көп ізденіп, көп еңбек етуіміз керек. Қоғам қажет, қажет емесін өзі айырып алады.
- Сіз үшін кітап деген не?
- Мен үшін кітап деген көзілдірік.
- Егер мүмкіндік берілсе, дүниеден өткен қай жазушымен шәй ішіп отырып сұхбаттасқыңыз келер еді?
- Мен өлілер арасында Даниэль Дефомен кездескім келеді. Дәл қазіргі көңіл күйіммен айтып отырған сөзім ғой…
- Алыс-жақын тарихта қай кітап өзінің лайықты бағасын алмаған? Және қай кітап шектен тыс қатты мақталған?
- Бұл сұраққа жауап бере алмаймын.
- Егер мүмкіндік берілсе, қай заманда қайта дүниеге келгіңіз келер еді?
- Дүниеге қайта келмес едім. Қайта келуге мүмкіндік берілсе бұл мүмкіндіктен бас тартар едім.
- Қолыңызда шексіз билік болса қазақ қоғамында нені өзгертер едіңіз?
- Қолыңызда қандай билік болса да өзгерісті төбеден жасамайды, өзгерісті қоғамның өзі қолға алады деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан А.Сматуллаұлы


