Бектеновтың екі жылы. Ол неліктен министрлердің тасасында қалып қойды?
OINET.KZ - 2024 жылдың ақпан айында Олжас Бектенов ел Үкіметінің тізгінін қолға алған болатын. Жасырып қайтеміз, тәуелсіз Қазақстанның 13-ші Премьер-министріне ел-жұрт әжептеуір үмітпен қараған еді сол кезде. Өйткені басқа-басқа, министрлер кабинетінің басшылығына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің генерал-лейтенанты келіп отырса, демек биліктің дәліздері парақорлыққа белшесінен батқандардан толық болмаса да біршама тазаланып шығар ма еді деген дәме пайда болған халық арасында.

Бектеновтың бұл қызметке тағайындалуын ешкім күтпеп еді. Соған қарап бастапқыда «Бектенов – Тоқаевтың тұз көзірі» деген де әңгімелер айтылды. Алайда көпшіліктің күткеніндей емес, «көзірдің тұзы кем» болып шыққан сияқты. Қаптаған министрліктер мен ведомстволардың «тазаруы» былай тұрсын, Үкіметтің бұрынғы құрамы негізінен өзгеріссіз қалды. Бірді-екілі жаңа есімдер болмаса, министрлердің көбі креслоларын сақтап қалды. Жас та болса батыл әрі қайратты болып көрінген Олжас Бектенов ресми жиындарда ара-тұра қатқыл мәлімдемелер жасап жүргенімен, ел алдына шығып көсіліп сөйлегенін бір-ақ рет көрдік. Былтыр жазда 4 сағатқа созылған баспасөз мәжілісінде журналистер көкейінде жүрген біраз сұрақтарын қойып үлгерді. Ал оған дейін де, одан кейін де Бектенов премьер ретінде жеке-дара сұхбат бермепті.
Мына қызықты қараңыз. Сарапшылардың пайымдауынша, Президент Тоқаев Үкімет басшысының өзінен гөрі оның орынбасарларын жиірек қабылдайтын көрінеді: бірде Скляр, бірде Бозымбаев, енді бірде Балаева немесе Жұманғарин, Тоқаевтың жанында осы саясаткерлер көбірек жүреді екен. Президенттің өңірлерге жұмыс сапарымен Бектеновсіз шығып кететіні де жиі айтылады.
Әу бастан айтылған әңгіме: «Премьер-министр экономика саласының аса білгір маманы емес». Тағайындау болғалы бері өткен екі жыл осы сөзді растай түскендей. Үкімет тарапына отандық белгілі экономистер тарапынан көптеген сын айтылды. Оның бастысы – министрлер кабинетінің нақты айқындалған мақсаты жоқ, реформа деп жасалып отырған барлық дерлік қадамдары – құр тығырықтан шұғыл түрде шығудың уақытша амалдары ғана.
Былай қарағанда Ішкі жалпы өнімнің өсімі жаман емес. 2025 жылы Қазақстанның экономикасы 20 миллиард долларға өсіп, даму көрсеткіші 5 пайызды құраған. Бірақ бұл Үкіметтің керемет жұмысының нәтижесі деудің қисыны келмейді. Есесіне бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы, көптеген мемлекеттік бағдарламаларды орындаудағы көзбояушылықтар, елдегі аса жоғары инфляция деңгейі ел Үкіметінің жұмысында кемшіліктердің жетіп артылатынын паш етіп отыр. Күні кеше Президент Тоқаевтың министрлер кабинеті тарапына сыни пікірлерді қарша боратты. Әсіресе бюджеттің саясат, инвестицияларды тарту мен экономиканы дамыту салаларында жүйелі кемшіліктердің орын алғанын атап өткен жөн. Талай жылдан бері Орта Азия кеңістігінде тікелей шетелдік инвестицияларды тартудан көш бастап келген Қазақстан былтыр оңбай сүрінді. Елдегі инвестициялық ахуалдың нашарлай бастағаны, шетелдік инвесторлардың Қазақстаннан гөрі көршілес Өзбекстанға ойысуы көп жайды аңғартады.
Ұлттық саяси басқару элитасының соңғы рейтингісінде Олжас Бектенов 9-шы орынға тұрақтады. Білдей Үкімет басшысы үшін тым төмен, абыройсыз позиция. Одан жоғары орындарға әсіресе екі министр – Аида Балаева мен Ермек Көшербаевтың, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің және экс-премьер, қазір Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың жайғасуы Үкімет басшысының ықпалы әлсіреп тұрғанын байқатса керек. Бұның алдындағы рейтингтерде Қанат Бозымбаев пен Мұрат Нұртілеу бастығының үстінен аттап, тіпті үздік бестікке де кіріп кеткен болатын.
Елдегі болғалы жатқан конституциялық өзгерістерден Бектеновтің онсыз да төмендеп бара жатқан абырой-беделі өсе қоймайтыны білініп тұр. Вице-президент лауазымының енгізілуі Премьер-министрдің ықпалын әлсірететіні айтпаса да түсінікті.
Былтырдың өзінде-ақ «Бектеновтің Үкіметі отставкаға кетеді» деген әңгіме қайта-қайта қозғалып еді. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды ғой. «Екі жылда Үкімет басшысы тәжірибе жинақтап алды, енді экономикалық мәселелерді шешуге білек-сыбана кіріседі» дейтіндей жағдай да жоқ сияқты. Былтырлары «Бектенов – Президенттің мұрагері болады ма?» деген қауесеттер айтылып, артынша басылып қалды. Ал базбір сарапшылардың пайымдауынша, Бектенов өзінің үйреніп қалған құқық қорғау органдарының басшылығына оралғысы келеді. Ол күннің де ауылы алыс емес тәрізді.


