Балтамен шабуыл жасаған оқушы буллингке ұшыраған
Құлсары қаласындағы мектепте құрдастарына балтамен шабуыл жасаған оқушының анасы бар шындықты айтты. Мәншүк Жиембетованың айтуынша ұлының мұндай әрекетке баруына буллинг жағдайы әсер еткен. Сол күні өзге сыныптың 4 оқушысы ұлын мектептің дәретханасына шақырып алып, қысым көрсеткен және мұндай жағдай жиі қайталанып отырған.

Оқиға болған күні буллингке ұшыраған бала әжетханадан шыққан бойда бір жерден балтаны тауып алып, оқушыларға шабуыл жасаған. Артынша мектеп аумағынан бой тасалаған.
Анасының айтуынша ұлы өзге балалардан қысым көріп жүргенін айтып, басқа мектепке ауыстыруын өтінген. Алайда ата-анасы оны оқу жылының аяқталуын күтуін сұраған. Отбасы әзірге басқа оқушыларға қатысты арыз жазбаған және татуласуға үміттеніп отыр.
Еске сала кетейік, 5 ақпан күні «102» арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған болатын. Көп ұзамай №6 мектептің директоры қызметінен кеткен еді.


