"Қасқырды байлап қойған". Видеоға байланысты полиция тексеру жүргізді
Абай облысында қасқырға қатыгездік жасалды деген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып, полиция тексеру жүргізуге мәжбүр болды деп жазады Оinet.kz.

Видеода Үржар ауданына қарасты Таскескен ауылында арқанмен ағашқа байланған түз тағысына қатыгездік жасалғаны айтылған.
Ақпараттың анық-қанығын білу үшін полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Тексеру нәтижесінде бейнежазбаның Қаракөл ауылындағы «Бірінші ферма» қыстағында түсірілгені белгілі болды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, видеодағы жануар — Боря есімді қасқыр мен хаски тұқымдарының буданы. Ол мамыр айында бір жасқа толады, иесі бар және мал бағуға пайдаланылып келеді. Құқық қорғау органдары жануарға қатыгездік көрсету белгілері анықталмағанын, сондай-ақ оны ұстау жағдайы қолданыстағы талаптарға сай екенін хабарлады.


