Іле өзені жағасында күзетші балықшыға «Құлыбаевтың жері» деп балық аулауға кедергі келтірген
Қонаев қаласының маңында күзетші мен балықшы арасында туындаған дау бойынша Алматы облыстық полиция департаменті ресми түсініктеме берді.

Оқиға Қапшағай су электр станциясынан төмен орналасқан Іле өзенінің жағасында болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада қармақпен балық аулап отырған азаматқа өзін жеке аумақтың күзетшісімін деп таныстырған ер адамның кедергі келтіргені көрінеді. Күзетші бұл аумақ «Құлыбаевқа» тиесілі екенін және оған заң жүрмейтінін айтқан.
Бейнежазбада күзетші аталған аумақтың жеке меншік екенін айтып, балық аулауға тыйым салынғанын жеткізген. Сондай-ақ ол жер иесінің балықшыға қатысты қылмыстық іс қозғауға мүмкіндігі бар екенін айтып, қорқытқаны байқалады.
Аталған жайтқа байланысты Алматы облыстық полиция департаменті тексеру жүргізген.
— Тексеру нәтижесінде жеке аумақтың күзетшісі ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны анықталды. Осыған байланысты ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар барлық азаматтар анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, заң талаптары мен азаматтардың құқықтарын сақтау қажеттігі түсіндірілген.


