Адемау Толысбаева: «Еңбек адамымен диалог көбіне ресми сипатқа ғана ие»
Жұмыстың оңайы жоқ. Қызмет барысында айтпай келетін қауіп те, төтенше жағдай да орын алып жатады. Алайда, қандай жағдай болсын еңбек адамының есебін түгендеп, қолдап-қорған болар заң мен арнайы ұйымдар бар. Тіпті, Президентіміздің өзі еңбек адамына құрмет көрсету қажеттігін айрықша айтып жүр. Осы тақырып аясында «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Түркістан облысы өкілдігінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Адемау Толысбаевамен әңгімелескен едік. Сұхбат барысын қаз-қалпында оқырман назарына ұсынамыз.
- Адемау Тұрдыбайқызы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз қажет. Нақтырақ айтсақ, еңбек адамының заңдық құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау, өмір сапасын жақсарту керек" деген еді. Қалай ойлайсыз, Президентіміздің тапсырмасы қаншалықты жүзеге асып жатыр?
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекеттіміздің әлеуетін құрайтынын айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады», – деген сөзінің астары терең деп білем. Қазақ қоғамының еңбекке деген қатынасы өзгеру керектігін меңзеп отыр. Бұрын өндіріс директорынан механик, слесарь сияқты кәсіби мамандар жоғары жалақы алатын. Олардың әлеуметтік жағдайы қамтылған, қоғамда беделді тұлға ретінде дәріптелді. Адамдар адал еңбегінің арқасында баспаналы болып, зейнетке шыққанда лайықты өмір сүретінін білетін. Қазіргі Жаңа Қазақстан үшін де осындай бір жүйе керек. Еңбек адамы қызмет етуінің «жетістік межесі» белгіленіп, кәсіптің түрлері классификацияланып, еңбектің ауыр, жеңілдігіне қарай мамандық таңдай алу мүмкіндігі барын сезінсе, еңбекке деген қатынасы да өзгереді.
Үйден шықпай-ақ интернет дүкендер, әлеуметтік желі платформалары арқылы қыруар қаржы табу әлемдік тенденцияға айналды. Пайдалы жақтары да көп, қызмет көрсету сапасы артты. Дегенмен, жылдам баюға деген құлшыныс қоғамның адалдыққа басымдық бермеуіне алып келді. Түрлі алаяқтық сол алаңдарда туындауда. Жемқорлықтың белең алуының да себептерін жақсы білеміз. Бұл уақытша үрдіс. Шағын және орта бизнес дамып, өз өнімдеріміз экспортталмай өркендеу болмайтыны анық. Сондықтан Президент тапсырмасы осы бағытта идеологиялық тұрғыдан насихатталуына баршамыз мүдделі болсақ, нәтижеге жетеміз. Азаматтық қоғам осыған атсалысуымыз керек.
- Он-жиырма жыл бұрын жастар негізінен экономист, заңгер, кеден ісі, қаржыгер дегендерге көп барушы еді. Бұл тенденция әлі де сақталып отыр ма? Қазір бізге қандай мамандықтар қажет деп ойлайсыз?
- Еңбек нарығы мен мамандықтар тізімі сұраныстарының статистикасына қарасақ, бізде сантехник, слесарь секілді қызмет көрсету мамандарына қажеттілік жоғары. Педагогтар, IT мамандары, дәрігер, дизайнер, архитектор секілді идея бере алатын шығармашылықтың адамдары мен биоинженерия, биотехнология мамандары жоғары сұраныста болатын сияқты.
Қай салада болсын табысты болу, не болмау әр адамның өзіне байланысты. Себебі, әр маман өз кәсібін, атқаратын қызметін жоғары деңгейде сапалы ете білсе, ол қай салада да табысты болады. Сондай-ақ, табысты болу – жұмысының нәтижесіне үлкен мақсат қойып, анализ жасауға және адамдармен дұрыс коммуникация құра алуына да байланысты. Сондықтан, бұл жерде басымдықты мамандыққа емес, адамның қарым-қабілетіне қою керек.
Қазір жасанды интеллектің пайда болуына байланысты, біраз мамандықтар қажетсіз болады деп жоспарланған. Алайда, біздің жағдайымызда, жасанды интеллект барлық салаға еніп үлгергенше, мамандықтар өз маңызын жоймайды. Яғни, қазіргі қолданыстағы мамандықтар жойылмай, нарықтың сұранысына қарай басқаша бейімделуі мүмкін.
Мамандық таңдау мен табысты болуда адамның жеке қабілеттері маңызды. Себебі, мамандықты жалақысына қызығып оқығанмен, болашақта оны әрі қарай алып кету де үлкен жауапкершілік. Сосын, қазір еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқандықтан, бұрынғыдай бір мамандықпен өмір бойы жүре алмайсыз. Демек, уақытқа сай бейімделуге тура келеді. Қай салада болсын адам өзінің жеке қабілеттерін шыңдап отыруы тиіс.
- Иә, бастысы еңбекқор болу керек дейсіз ғой. Осыған байланысты кейбіреулер "қазақ - жалқау" дегенді айтып жатады. Осымен келісесіз бе?
- Тарихи зерттеулерде Голощекин және оның жандайшаптары қазақ даласындағы сұмдық апат туралы: "Бұл халықтың қырылғанына біз емес, өздері кінәлі. Еңбектенгісі келмейтін жалқаулығынан қырылып жатыр" деп ақпар берген. Осылайша, "қазақ жалқау" деген пропагандалық сөз арқылы өздерінің адам төзгісіз айуандықтарын ақтап алмақ болған. Кеңес заманында орыстан өзге ұлттарды төмен санау идеологиясы болғанын білеміз. Меніңше, бұл ұғым қазір біз үшін маңызды болмауы керек. Жылына жерден үш рет өнім алатын оңтүстік халқын жалқау дегенге кім сенеді?
- Жақында ғана еліміздегі еңбек адамдарының құқығын қорғайтын "Әділдік және Өркендеу" қоғамдық қоры құрылып, оның Түркістан өңіріндегі жетекшісі Сіз болдыңыз. Қоғамдық қордың негізгі мақсат-міндеті қандай? Оң нәтижелер бар ма?
- Қазіргі жаңа Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың саяси, әлеуметтік өмірдегі өзгерістерге бастайтын әлеуеттері азаматтардың белсенділігіне тәуелді. Осы жолда «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры құрылды. Еліміздің барлық облыстарынан қоғамға танымал, белсенді тұлғалар өздері бастамашы болып, Үндеуін жариялады. Бұл 2024 жылдың ақпан айында Астана қаласында қордың аймақтық өкілдіктері басшыларының бас қосуында жарияланып, қол қоюларымен рәсімделді.
Халқымыздың әлеуметтік, экономикалық жағдайына алаңдап, мәселелерімізді сындарлы жол арқылы шешуге ден қойған саналы азаматтар «жеке жүріп жетістікке жету емес, бірігіп ұлттың жағдайын жақсарту» жолын таңдады. Басты мақсат - еңбек адамының құқықтары қорғалып, өз елінде бай, бақытты ғұмыр кешуіне мүдделі қоғам қалыптастыру. Халық пен билік арасы алшақтап кетті, адамдарда биліктің әрбір ісіне күдікпен қарайтын сенімсіздік орын алды. Жемқорлық барлық салада жайылғаны сонша, адал жолмен еңбек ету деген ұғым жоғалды десек болады. Сондықтан азаматтық қоғам белсенді, констуктивті бола отырып, өз талаптарына назар аудартып, дұрыс шешілуіне мүдделі болғанда қоғам өзгереді деп білеміз.
Алғашқы нәтижеміз - Астана қаласында «Жұмысшылардың өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жөнінде талқылау өтіп, ұсыныстар үкіметке жолданды. Сондай-ақ, «Әділдік және Өркендеу» республикалық қоғамдық қорының белсенділері қоғамда қордаланған маңызды мәселелердің бірі – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және денсаулық сақтау саласына қатысты проблемалар» тақырыбында сессиялық талқылау да ұйымдастырды. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі ауысса да, шешіле қоймаған МӘМС мәселесінде қандай сұрақтар оң шешімін таба алмады, жаңа министрдің алдында қандай сауал бар шешетін? Басқа да проблемалар бойынша қызу талқылаулар өтті. Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі өкілі, МӘМС қорының төраға орынбасары, дәрігерлер, денсаулық саласы бойынша тәуелсіз эксперттер және Қордың белсенділері қатысты. Талқылау соңында қорытынды құжатта ұсыныстар жолданды.
Қордың белсенділері елімізде орын алған су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмектер жіберді. Алдағы қалпына келтіру жұмыстары бойынша да орталық штаб қор тарапынан үлес қосу механизмдерін жасауда.
«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры - еліміздегі еңбек адамдарының құқығын қорғайтын, «адал еңбек» культін дәріптеп, қоғамда сондай адамдар арқылы жегі құрттай болған жемқорлық сияқты зиянды мінезден құтылу жолдарына жұмылатын белсенділер тобы.
- Қоғамдық қордың алғашқы нәтижесіне тоқталып, үкіметке ұсыныстар жолдадық деп қалдыңыз. Нақты қандай ұсыныстар жолданды? Көңіл толарлықтай жауап келді ме?
- Өкінішке қарай, жұмыс берушілермен қақтығыстар көбейіп барады. Еңбек адамымен диалог көбіне ресми сипатқа ғана ие. Ықпалды адамдар жұмыс берушілер мен меншік иелерін жақтайды. Ал, нағыз еңбек адамының жағында жеке белсенділер ғана жүр. Еңбек инспекциясының пікіріне ешкім құлақ аспайды. Осы жолда біздің Қордың атынан Үкіметке мынадай ұсыныстар жолдадық:
Ең алдымен, жұмыскер мен жұмыс беруші арасында дәйекті диалогты дамыту. Әсіресе, қауіптілігі жоғары кәсіпорындардағы әрбір жұмыскердің еңбегі мен қауіпсіздігі қатаң қорғалуы тиіс. Тиісінше, осы саладағы заңнаманы күшейту қажет. Еңбек инспекциясының тексерісіне кәсіподақтар мен техника қауіпсіздігі жөніндегі тәуелсіз сарапшыларды қосу керек.
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жанынан қауіптілігі жоғары кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды ұйымдастыратын комиссия құруды ұсынамыз. Комиссияның жұмысына Үкіметтің, жергілікті әкімдіктердің, жұмыс берушілердің, мамандандырылған кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін шақыру керек.
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры жанындағы Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі қоғамдық комиссияның атынан Үкіметке, тау-кен шахталарында еңбекті қорғау жүйесін жаңғырту бойынша Жұмыс тобын құруды ұсынамыз. Ол топқа жұмыс берушілерді, мемлекеттік органдар мен кәсіподақтардың өкілдерін және аталған кәсіпорынның белсенді жұмыскерлері мен Қордың сарапшыларын қосу қажет. Қор жанындағы Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі қоғамдық комиссия қоғам өкілдерін тарта отырып қаупі жоғары кен өндіруші компанияларда еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау мәселелері бойынша сараптама жүргізу үшін ұсыныстар енгізсін.
Қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды жүйелеу керек.
Жазатайым оқиғалардан жұмысшылардың денсаулығын қорғайтын бизнестің сақтандыру жауапкершілігін енгізуді қарастыру керек. Түскен қаражат жаңа шеккендерді қолдауға және зардаптарды жоюға жұмсалуы керек. Бұған қоғамдық бақылау қажет.
Қазақстандық кәсіпорындардың жұмыскерлері мен қызметкерлері арасында еңбек қауіпсіздігінің сақталуына қатысты «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының бастамасымен жүргізіліп жатқан әлеуметтік мониторингке барынша қолдау күтеміз. Ірі кәсіпорындардың атына жұмыскерлерге ақпаратты дер кезінде жеткізуді сұрайтын сауалнама жіберіп, мониторинг нәтижесін көпшілікке жария етуді ұсынамыз.
Біз осы ұсыныстармен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне хат жолдағанбыз. Олар бізді қолдады және бірге жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді. Қазіргі таңда комиссия сараптамалық аудит өткізу үшін кәсіпорындар іздестіруде. Осы бағытта бірге жұмыстар атқарып жатырмыз.
Әңгімелескен Аида ӨТЕП