«Қазақ әдебиеті – әлем әдебиетінің бір бұлағы»: Дүйсенәлі Әлімақын
Дүйсенәлі Әлімақын – ақын. 1989 жылы ҚХР, Іле Қазақ облысы, Нылқы ауданында туған. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университеті Филология институты «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығының магистратурасын бітірген. Қазіргі таңда республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі. "Жанарымда түн сөйлейді", "Табалдырық" кітаптарының авторы.
– Заты шекара демесек, шекараның арғы бетіндегі Іле облысында, қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы ортада туып-өскен екенсіз. Шекараның бергі бетіне өткен кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Ол сәтті үнемі есіме алып тұрамын. Себебі, ол кез менің, менің отбасымның жаңа бір өмірге қадам басқан шағы еді. Шекарадан өте салып, қазақтың ұлан-ғайыр даласын көрдік, «маған отыр» деп айқайлаған таксистердің біріне отырып, Талдықорғанға бет алдық. Қасымда жарым мен кішкентай қызым бар. Олардың не ойлағанын білмеймін. Ал мен «Құдай біздің ырызығымызды осы жаққа шашқан ғой, енді соны теріп жерміз» деп ойладым. Бұдан бөлек, үлкен ақын болсам, жақсы өлеңдер жазсам, қазақтың марқасқаларының көзін көрсем деген «қиялды» бірталай күн малдандым. Үлкен ақын болмаған шығармын, бірақ жақсы өлеңдер жаздым, көптеген ірі ақын-жазушылармен аға-іні болып араластым, соларға ердім. Шыңғыс Айтматовтың «жүрегің нені қаласа, тағдырың соны бұйырады» деген аталы сөзі бар еді. Сол рас екен. Бір сөзбен айтқанда, шекарадан чемодан арқалап өткенімде, үлкен газеттерде жұмыс істеймін, күндердің күні бір журналист менен сұхбат алады деп ойлаған жоқпын. Былай қарасаң, өмір сонысымен ғажап.
– Бойыңызға өлең дарығанын қашан және қалай сездіңіз?
– Үш-төртінші сыныпта білдім, сол кезде бізде ана тілі деген пән болатын. Қалай екенін білмеймін, соған қатты қызықтым. Ептеп тақпақтар жазып жүрдім, бірақ оны өзім жазып, өзім оқитынмын.
– Жақында ғана мемлекеттік тапсырыспен «Табалдырық» атты кітабыңыздың жарық көргенін көріп, қуанып отырмыз. Құтты болсын! Бұған дейін «Жанарымда түн сөйлейді» атты жыр жинағыңыз шыққан болатын. Жаңа кітабыңыз әлі қолға тимеді. Аталған кітаптардың ерекшеліктері, бір-бірінен айырмашылықтары жайында өзіңізден естіп білсек...
– Бұл кітапқа шетел әдебиетіндегі оқшау таланттар туралы әртүрлі көлемдегі мақалалар енді. Сонымен бірге, «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүргенде, өзімше жаңа жоба жасап, шетелдегі мықты қаламгерлердің басын қосын дөңгелек үстелдер жүргіздім, сол дүниелердің бірнешеуі осы кітапқа кірікті.
– «Көп білген кісі кемеңгер емес, білгені елге көп пайда келтіретін кісі кемеңгер» дейді Эсхил. Соңғы кездері әлем әдебиетінің авторларын белсенді түрде аударып жүрсіз. Аудармаға алғаш қашан көңіл бөлдіңіз?
– Университет оқып жүргенде, ағылшын тілінен сабақ беретін Яң Ли деген мұғалім қатты қатал болды. Әр күні жаттап келуге үш-төрт бет көлемдегі шетел жазушыларының әңгімелерін үй жұмысына беретін. Сол текстерді жаттау маған көп көмегін тигізді, әр күні стадионға шығып, дауыстап оқып, ағылшын тілі мәтіндерін жаттайтынмын. О.Генри, Пит Хемил сияқты америкалық жазушылардың шығармашылығымен сол кезде таныстым. Ара-тұра қол босағанда сол әңгімелерді қазақшаға аударып жүрдім. Бұл үрдіс менің қазіргі үйреншікті әдетіме айналды. Әр жылы Нобель сыйлығына ұсынылған, сол сыйлықты алған қаламгерлердің шығармаларын сол күні аударып, баспа бетінде жариялауды өзіме міндет еттім, осылай жасап келе жатқаныма үшінші жыл. Бұл бір жағынан өзіңнің ізденісің үшін, екінші жағынан тілді жақсы меңгеру үшін таптырмас мүмкіндік. Жазушы Тәкен Әлімқұлов бір сөзінде: «Проза аударсаң құл боласың, поэзия аударсаң, жарысасың» деп еді, қазір шетел ақындарын аударып, олармен «жарысып» жүрмін.
– Қай тілдерді меңгергеніңізді және қай тілді меңгеру жоспарда бар екенін айта өтсеңіз...
– Қазір шет тілдерінен ағылшын тілі мен қытай тілін білемін, ал түрік тілі мен жапон тілін үйрену үстіндемін. Көп өтпей ол тілдерді де меңгеріп кететініме сенімім мол. Тіл білу – қаламгер үшін өте маңызды. Басқасын айтпағанда, әр шығарманың орыс тіліне, сосын қазақшаға аударылуын күтпей-ақ, түпнұсқадан оқи бересің. Қолында қаламы бар адам бірнеше тіл білсе, одан жаман шығарма тумайды. Біз оқып жүрген классиктердің бәрі көп тіл білген, тіпті хәкім Абайдың өзі сол заманда бір неше тілді еркін меңгеріп, ақыл-ойдың данышпанына айналды. Осындай мысалдар жетерлік.
– Қандай да бір дүниемен айналысып жүрген адамның тарапына әртүрлі пікірлер айтылады. Сынды қалай қабылдайсыз? Еңбектеріңізге айтылған керітартпа пікірлерді көңіліңізге ауыр алатын кезіңіз бола ма?
– Қазір ешкім ешкімді сынамайтын болды, бұның себебін мен анық білмеймін, не сыншы жоқ, не сынға лайық шығарма жоқ. Ал өзімнің шығармаларыма батыра сын айтқан ағаларды көргем жоқ. Айтса, жазса, жақсы болар еді. Мүмкін, аға буынның қолы тимейтін шығар.
– Жалпы әр нәрсенің екі ұшы бар деп жатамыз ғой. Қаламгердің неғұрлым көп тіл меңгеруі өте жақсы дүние. Бірақ, тіл меңгермей тұрып оқыған, жазған қазақ ой орамдарын сол кеңістіктен тауып алған кезде қандай сезімде боласыз? Әлде «ой үндестігінің» құдіреті ғана деп білесіз бе?
– Алматыда ашаршылық туралы шығарма жазған қаламгердің кей сөз-сөйлемі, немесе суреттеулері Африканың бір қаламгерінің сол сарындағы шығармасына ұқсастау келсе, оған таңырқаудың еш қажеті жоқ, махаббат, аштық, азап, бақытсыздық дегендердің сипаты да, соңғы нүктесі де бір жерде түйіліседі. Оны суреттеулер де кейде ұқсас болып кетеді. Ал ізденіс пен оқшау талант қайткен күнде де әр нәрсені түрлендіріп, құбылтып, ойын дара етіп жеткізе алады.
– Тақырыпты әлем әдебиетіне бұрып жіберіппін. Бұл туралы қорытынды сұрақ болсын. Сіздіңше, әлем әдебиетінде қазақ әдебиетінің орны бар ма?
– Әрине, орны бар. Қазақ әдебиеті – әлем әдебиетінің бір бұлағы. Оны лайлау да, ары қарай тұнық қалпында сақтау да өз қолымызда. Мен «Егемен Қазақстан» газетіне келген соң, шетелдегі мықты жазушылармен тікелей сұхбаттар жасап, газетке жарияладым, сөйлескен әр кейіпкеріме «Қазақ әдебиетін білесіз бе?» деген сұрақ қойдым, бәрі «білмейміз, мені кешір, енді оқуға ынтықпын» деп жауап жазды. Бұған олар кінәлі емес, біз кінәліміз. Бар әдебиетті сапалы аудармамен шетелдерде кітап етіп шығарып, оқырманға ұсынсам, олар бұндай сөз айтпас еді. Жоқты жоқ деп шындықтарын айтып отыр, ал біздің әдебиет ешбір елдің әдебиетінен кем емес, былайша айтқанда, біздің әдебиет ұялатын әдебиет емес. Бізді қынжылтатыны – біздің енжарлығымыз. Қайталап айтамын, шетел оқырмандарына қазақ әдебиетін кең ауқымда насихаттайтын кез келді.
– «Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді. Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы» дейді Халел Досмұхамедұлы. Біздің қазіргі әдебиет нақты бір ағым атауы жоқ, әр мектептің түлектері жиналған көпағымды, тым еркін әдебиет болып кеткен сияқты. Замандас қаламгерлердің қарым-қабілетіне көңіліңіз тола ма?
– Біздің замандастардың қаламы қуатты, ойлары еркін, қиялдары бай екеніне көзім жетті. Поэзияда жүрген қаламдастардың екпіні тіптен бөлек. Әрбірінің шығармашылығына қатты қызығамын, ізденісте жүргендеріне тіптен ішім жылиды. Ақын болып туып, ізденбеу мүмкін емес. Кейде мен оларға қарап, бой түзеймін. Болашақ қазақ әдебитін үлкен деңгейге алып шығатын буын – ол біздің замандастар.
– Кейбір ситуацияларда ақын-жазушылардың табиғатын, мінезін қоғам қабылдай алмай жатады. Әл-Фараби «Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады» дейді. Ал руханият жанашырларының мінез-құлқы құбылса, ұлтқа қауіп төндіре ме?
– Нені айтып тұрғаныңды түсіндім. Азаматтық ұстаным – тек ақындар үшін ғана емес, барлық адам баласы үшін керек. Әмірхан Балқыбектің «Батқан күннің атар таңы бар ғой деп, өкінгем жоқ сатқанда да дос мені» дейтіні бар еді, сол айтпақшы, қазіргі қоғамда алуан түрлі мінезді адамдардың болуы заңдылық. Себебі, қоғамның өзі құбылмалы.
– Ақындар қанша жерден саясаттан саяқ жүруге тырысқанымен өз әлемін көтеріп, елдің мұң-мұқтажынан бөлініп тысқа кете алмайды. Сізді күрмеуі шешілмей жатқан қоғами дүниелердің қайсысы көбірек уайымға салады?
– Мемлекеттік тіл мәселесі. Осы мәселе шешілсе, қоғам бірігеді. Тілі бөлектің түрі - бөлек, ісі - алуан, ниеті - сан тарау. Қалғаны екінші мәселе.
– Бөлген уақытыңыз бен риясыз сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Сезім Мергенбай