«Олардың қасіреті – адамзаттың ортақ трагедиясына айналып кетті»: Әлішер Рахат
Әлішер Рахат – жазушы. 1995 жылы, 11 қаңтарда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында туған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлтық Өнер академиясының «кинотеледраматургия» мамандығын бітірген. «Махаббатым – Constant», «Параллель» кітаптарының авторы.
– Өзіме қаламгердің алғаш қалам ұстаған сәті бейне бір мифтік не мистикалық оқиға секілді елестейді де тұрады. Сол үшін әңгіменің денін жазуға қалай келгеніңізден бастасақ...
– Автор ретінде қағаз шимайлау, шыны керек, әпкем аяқ-асты қаза тапқаннан кейін пайда болғанға ұқсайды. Оған дейін мектепте шығармалар жаздым, КВН-ге сценарий жазатынмын, десе де әдебиет сүйікті пәнім болған емес. Ал менің әпкем филолог еді, марқұм. Әпкемнің қырқын бергенде ме екен, асын бергенде ме, ол кісінің күнделігін тауып, отбасымызбен оқығанымыз есімде. Қай кезде қуанғаны, қай кезде ренжігені, бәрі жазылыпты. Сол бір оқиға кейін маған ықпал еткенге ұқсайды, қазір бақсам. Біріншіден, жақын адамыңнан айырылып, соны жан жүрегіңмен сезіну. Екіншіден, өзің өмірден өткеніңмен жан сырың сақталған хаттың өміршеңдігіне көзім кенет жетуі мүмкін деп ойлаймын. Әдеби, қайғы-мұңы қалыңырақ кітаптар оқи бастадым. Өзім де еліктеп, ұқсап бағып, түртіп жүрдім. Бір-екі мәрте жарық көрген соң, дәндеп те қалады екенсің.
– Бүгінгі таңда жазушылар романды өте сирек жазады. Тіпті «роман жазу – құр уақыт өлтіру» деп білетін де қаламгерлер бар. Ал сіздің екі романыңыз жарық көрді. Әрі екеуінің де көлеңкеде қалмай жақсы оқылғанына куәміз. Бүгінгі қазақ әдебиеті романға қаншалықты мұқтаж?
– «Адам әрқашан хикаят (оқиға) тыңдағанға құмар»,- дегенге саятын ой айтады Роберт Макки. Анау заманнан бері адамдар әңгіме айтумен келе жатыр. Ертегі, жыр болсын. Бүгінгі таңда бір блогердің басында бір оқиға болсыншы, бірден подписчигі көбейіп, қаралымы артып кетеді. Неге? Өйткені адамдар оқиғаға расымен құмар. Киноға, театрға, кітапқа не үшін қызығады? Ішінде оқиға бар. Ол білмейтін, ол көрмеген бір құпия бар. Ал енді осы тұрғыда адамның ішкі архитектурасын құрайтын әдебиетшілер ғой. Олар өнімді жұмыс істемесе, көпшілік қауым «ертегіні» де реалды өмір деп қабылдайтын болады. Жеңіл әннің сөзіне, тексіздеу әзілге сүйенетін болады. Өз орнын білмейтін, шекараларды сақтай алмайтын адамдармен күнде соғылысып жүреміз. Роман – адамның ішкі болмысы қалай болу керек екенін көрсететін бірден-бір жанр деп ойлаймын. Ал ол бізде әлсіреп тұр.
– 2-3 жыл бұрын «Қазақ әдебеті»-не шыққан «Үздіксіз әуез» атты әңгімеңізге әлдебір автор тісін батыра пікір жазыпты. Тиісінше, сіздің де жазған жауабыңызды оқып шықтық. Онда сіз «Өнер – өмірдің айнасы екенін ескерсек, қоғам өзгергенмен, өнер өзгермей қалса, яғни дұрыс көрсетпейтін айнаға адам қарай ма?» дейсіз. Жалпы қазір қоғам айнаға қаншалықты жиі қарайды?
– Айнаға көп қарамайтын қоғам сияқтымыз. Тек өзіміздің көргіміз келген нәрсені көреміз де, қаламаған нәрсені жасырып қоюға, тіптен кейде кәдімгідей күштеп мидан өшіруге әуестенген секілдіміз. «Бәрі жақсы болады» деп, дарылдап, аңқылдап жүрген 19 миллион халық елестейді, күдікті бір үрейдің артынан ерген. Қаптаған финпирамида, қаптаған секта үгіттеушілері, бітпейтін психолог, коучтер, нумеролог, кәсіпкері бар, оның сыртында саяси науқандары бар. Соның бәріне «бақытты болсам екен» деген миллиондаған адамдар еріп барады. Кім тамада сияқты жақсы сөйлесе, көпшілік соған еруге бейім тұр. Бұл өте қауіпті үдеріс. Шын мәнісінде, біз экономика бойынша өте кедей ел емеспіз. Біз рухани кедейленіп бара жатқанымызды тура уақытысында көруіміз керек. Өйткені мемлекеттің ең бірінші капиталы – мұнай да, зауыт та емес, адам. Кеудеміздегі бостықты офшорға ақша аударсақ та, толтыра алмаймыз.
Айнаға қарау үшін жай ғана теледидарға, сондағы рейтингке қараңыз. Ең сорақы, салдақы бағдарламалар бірінші орында тұр. Әсіресе қыз бен жігітты қосатын, яки зорлық-зомбылық, ұрыс-керіс, жанжал, инцесті бар нәрселердің қаралымы жоғары. Сосын имамдардың уағыздарын қараңыздар, қазір жастар көп тыңдайды ғой. Тең жартысы айналып кеп, төсекке тіреледі. Қызға мынадай кию, кимеу, әйел алу, алмау, қоздыру, ашындыру, еркектің шексіз билігі, қор қызы. Имамдарға қойылатын сұрақтардың басым бөлігі осы. Сосын кез-келген көшедегі жарнаманы алыңыз. Тағы сол жалаңаш қыз, жалаңаш жігіт. Ән тыңдаңыз, тағы махаббат. Ақыр соңы балалар көретін мультфильмдер сүйісуге ойыса бастаған. Бұл ені тек Қазақстандағы ғана жағдай емес, әрине. Алайда мен нық айтатын нәрсем: емшегі жер сүзген, жиіркенішті, арсыз бір образ төбеден төніп, адамдарды емізіп, миын улап тұрғандай әсер қалдырады.
Осы тұрғыда, бәлкім сізде заңды сұрақ пайда болады. «Олай болса, неге сіздің екі романыңыз да махаббат тақырыбында және екіншісінде ашық көріністер бар?» деген. Мен махаббаттың одан терең екенін көрсетуге талпындым және адам деген 2D форматтағы сурет, баннер емес, кәдімгі жаны бар тіршілік иесі екенін, үміті мен күдігі қатар жүретінін жазғым келді. Сөйте тұра, мен оқырманды жалған, алдамшы сезімдерден алыс болуға, өз бақытынан адасып қалмауға үндедім деп ойлаймын. Әрине, бұған оқырман қауім өз бағасын бере жатар. Алайда әдебиеттің бір миссиясы – ертегі әлемінде «қалып қойған», жылт еткен бақытқа алданып қалатын адам баласына «тікелей эфир» ұйымдастыру деп санаймын.
– Қатарлас қаламгерлердің аудиториясымен салыстырар болсақ, оқырманға кедей емессіз. Ал жалпы қоғамға шағып қарасақ әдебиетті оқитын орта аз. Неліктен? Әлде сіз де «нағыз әдебиетті оқушылар, әрқашан аз болады» деп ойлайсыз ба?
– Бұл өзі ұзақ әңгіме. Әдбиеттің де түрі бар, сапасы бар. Шын зиялы қауым әдебиетті, ғылыми зерттеуді, трактаттарды оқиды, театрға барады. Ал олар азайса, қоғамда ақау бар деген сөз. Бұл бүкіл әлем бойынша белең алған проблема. Нағыз әдебиетті оқитындар көбейсе, онда қоғам алға жылжиды деп топшылауға негіз бар деп ойлаймын. Ол үшін осы салаға көп адамдар жұмылдырып, белгілі бір жүйе құрылса, «кітап оқитын халық» бола аламыз деп ойлаймын. Бәлкім әсірелеп отырған болармын.
– Эйнштейн «қиял – білімнен гөрі маңыздырақ» дейді, ал Шерхан Мұртаза «білім жоқ жерде қиял – қысыр, арман – ада» екенін айтады. Өзіңіз жазу барысында қайсысына көбірек иек артасыз?
– Қиялдың жолында білім қызмет еткенде ғана бір дүние іске асады, пайда болады деп ойлаймын. Дегенмен де, қиял жетекші. Білім оны жүзеге асыруға (реализовать) жәрдемші деп ойлаймын. Білім жоқ жерде қиялдікі құр далбаса екені түсінікті.
– Неге кей ақын-жазушылар ең ауыр, ең қасіретті тағдыр арқалап жүрген секілді көрінеді де тұрады?
– Өйткені қасірет деген – ең тартымды дүние ғой, құрғыр. Түрлі-түрлі қасіреттің кілтін ұстап алып, жалға пәтер берушілер секілді шыр айналдырып тұру күлкілі шығар. Бірақ өйтетін кісілер де бар. Соның арқасында назарға түсетіндер де бар. Кейбірінде оригинал, кейбірінде жасанды, әйтеуір. Жалпы адам баласы қайғыға таласпайды ғой, қызғанбайды да, керісінше жаны ашып, жақын боп тұрады. Осы тұрғыдан әдебиетшілерге ол қажет шығар. Ромео мен Джулиетта қосылып бақытты болса, оларды біз ендігі танымас та едік. Қыз Жібек пен Төлеген қосылса да, қарапайым қазақтың бір отбасы болып қалар еді. Ал олардың қасіреті – адамзаттың ортақ трагедиясына айналып кетті. Сосын көп теперіш көрген адамды жақтап, іштей болысып тұрамыз ғой. Сол үшін де әдебиетші қауым қайғы-қасіреттен «әшекей» жасауға құмар шығар деп ойлаймын. Адамды тәубесіне келтіретін де, айнаға қарататын да шын мәнісінде – қасірет қой. Бақытты адам егер кемел болмаса, көп нәрсенің байыбына бара бермейді.
– Ницще «Ұзақ әрі ұлы азаптар адамнан тиран тәрбиелейді» дейді. Бұған тарихтағы тирандардың тағдырын оқып отырып келісе салғың келді. Сонда қаламгерлердің азабы қандай азап болып табылады?
– Қаламгер өз трагедиясынан биік тұра алғанда немесе жанының нәзіктігі мен пацифистігіне берік бола алғанда ғана тиранға айналып кетпейтін сияқты. Кез-келген қатардағы қаламгердің азабы – жан-жағындағы адамдардың қайда бет алғаны болар. Өтірік әңгімеге иманындай сеніп, ешқашан естен шығармайтын құндылықтарды күнде таптап жүретін қоғамы...
– Бүгінде жүрегіңізді ұлттық, жаһандық мәселелердің қайсысы көбірек ауыртады?
– Бәрі ауыр тиеді. Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс. Өзбекстанның Нүкісіндегі ереуіл. Қырғыз-Тәжік, Әзербайжан-Армения, Түркіменстандағы жағдай да мәз емес. Әлемдік мәселе айналып кеп, ұлттық, мемлекеттік дүниеге ықпал ететіні түсінікті. Ал енді бұл сұрақты басқа ракурстан қарасақ, мысалы, ұлттық құндылықтарға бүйрегіңіз бұра ма, әлде космополиттік идеяларға жақынсыз ба десеңіз, айтайын. Осыдан бәлкім төрт бес ғасыр бұрын басталған адамзатты орталықтандыру идеясы жүзеге асып, соның шарықтау шегіне жақындап келе жатқан сияқтымыз. Космополитизм тек қазақтың ғана емес, кез-келген ұлттың құндылығын қылғытып жатыр. Дамыған елдер дәстүрін, өнерін жаңартып, ЖАҢА ЗАҢДЫЛЫҚТАРҒА бейімдеуде. Олардың да өзара қайшылықтары көп. Дамушы елдер соңғы сапарға қай дәстүрін әкетерін білмей, үйін ақтарып жүр дегендей. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақтың кейбір дүниелері болашақта болмайтынына жүрегім ауырады. Сол сияқты мүлдем басқа түсініктегі, көзқарастағы өзге ұлттың тілі, ділі жоғалып бара жатса, жабырқаймын. Бүкіл әлемнің ұлттары батысқа қарап бой түзеп кеттік.
– Қоғамдық қағида, дәстүрлік таным, діни ұстанымдардан азат секілдісіз. Жалпы неге сенесіз?
– Мен жалпы автор ретінде бәрінен бейтарап тұруға, тек бақылаушы болуға тырысамын. Әр діннің, әр ұлттың, дәстүрдің өз шындығы бар екенін жоққа шығармаймын. Өйткені олар ұзақ мерзімде өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Ал мынау біз бәлкім ұшқынын көретін Жаңа әлем солардан бас тартатын секілденеді. Ал азамат ретінде, өзім сезген, ойлаған, көрген, естіген, ұстаған нәрселерге және өлімге сенемін.
– Ой бөлісіп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Сезім Мергенбай