Кейбір мешітте жұрт жұма намазда жүзін Меккеге емес, Израилге бұрады

Oinet.kz 24-03-2019 1410

Screenshot_27.jpg

Намаздың дұрыс болуы құбыланың туралығына байланысты екенін кез-келген имам растап береді. Құлшылық үстіндегі кісінің  жүзі бір сәтке  болсын құбыланың бағытынан   ауытқыса намаздың бұзылатыны, оны қайта өтеу қажет екенін де ислам ғұламалары әлдеқашан  айтып кеткен. Көптен бері елімізде, оның ішінде Оңтүстіктегі мешіттердің біразы құбыладан ауытқып кеткені жайлы әңгімелер айтылып келеді. Бұл тұрғыда тіпті ресми органдардың өкілдері де пікірін ортаға салған. Айталық, кезінде мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза осы мәселеге көңіл бөліп, журналистерге берген сұхбатында «мамандардың жоқтығына байланысты кейбір мешіттер исламның канондық талаптарына сәйкес келмейтін жағдайда салынған, тіпті, намазға жығылар жағы құбылаға емес, Қытайға қарап кеткен мешіттер бар екенін жасырудың жөні жоқ» деген болатын. 

Еліміздегі мешіттердің үштен бір бөлігі облысымызда шоғырланғаны белгілі. Ресми дерекке сенсек, бүгінде облысымызда 830-дан астам ислами ғибадат орындары бар. Оның 40-тан астамы Шымкенттің еншісінде. Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылман дегенімізбен, шын мәнінде ислам бұйырған күнделікті бес уақыт намазын оқитындардың үлесі бір пайызға да жетпейтіні ақиқат. Десек те, әр жұма сайын мыңдаған адам Алланың алдындағы парызын өтеу үшін мешітке қарай бет алады. Әсіресе дініміздегі ең үлкен екі мейрам - Ораза  және Құрбан айт кезінде  құлшылық үйлеріне лек-легімен  келушілердің көптігі соншалық, жұрт мешітке, оның ауласына  сыймай көшеге дейін шығып кетеді. Егер соншама мұсылман намазды Мекеге емес, басқа жаққа қарап оқыса, оның обал-сауабы кімге?  Мұның жаабы кімнен сұралады?

Меккенің бағытын бұрынғы ғасырлардағыдай күннің батуына, жұлдыздардың орналасуына қарап шамалайтын заман емес, қазір кәсіби құралдар мен жабдықтар жетерлік. Осы мәселемен айналысып жүрген Шымкент қаласының тұрғыны Рахматулла Нәлібаев жуырда редакцияға хабарласып, көкейінде жүрген мәселені қозғады. 

- 1 градус шамамен 50 шақырымдай айырмашылықты білдіреді, - дейді ол. – Кейбір мешіттер Құбыла бағытынан 20, кейде тіпті 30 градусқа дейін ауытқып кеткенін ескерсек, айырмашылық 1000-1500 шақырымға дейін жетеді. Яғни, ондағы намаз оқушылардың жүзі Мекке емес, Израиль, Ливан мен Түркияға  бағытталған.  1-2 градусқа мен таласпаймын, дегенмен ауытқушылық 10 градустан жоғары болған мешіттердің бағытын дұрыстау керек деп санаймын.  Дұрыстау дегенде мешіттің құрылысын өзгертіп әуре болудың қажеті жоқ. Бар болғаны  намаздағы сап тура болу үшін жіп тарту керек.  

  Рахматулла Нәлібаев – геодезия саласының кәсіби маманы. Осы саладағы біліктілігін арнайы растай түсетін құжаттары да қолында.  Айталық, Қазақ ұлттық университеті геоморфология және картография кафедрасының меңгерушісі Н.Керімбай қол қойып, мөрін басқан анықтамада «Нәлібай Рахматулланың компаспен, картамен Меккенің бағытын анықтай алатын мүмкіндігі бар» деп жазылған. Рахматулла Шымкенттегі құбыласы тура емес мешіттерді анықтап, солардың имамдарына жолығып, түсіндірген екен. Бірақ, кейбір ғибадат үйлеріндегі құлшылық бұрынғысынша, яғни  құбыласы ауытқыған күйде жүргізілетіні қынжылтады. 

- Өз басым бірқатар мешіттің құбыласын анықтап, бұрышын шығарып бергенмін. Айталық, «Бекжан» базарының маңында жаңадан салынып жатқан мешітті жобалау кезінде қателік кетіп, Қағба бағытынан 10 градус ауытқыған. Оны ретке келтірдік. Ал енді Гагарин көшесіндегі «Тұрсынай» дүкенінің қарсы бетіндегі, сонымен қатар 112 орам, «Айна» базарының маңындағы мешіттердің, сол сияқты тағы бірқатар ғибадат үйлерінің  құбыласы дұрыс емес. 112 орамдағы мешітте күнделікті  бес уақыт намазды Меккеге қарай оқығанымен, жұма намаздарында жүзін Түркияға қарай бұруда. Мұны имамдар  «адамның көптігінен құбылаға қарап тұру ыңғайсыздық туғызуда» деп түсіндірді. Бұл ақылға қона ма? Жұма намаз әрі кетсе жарты сағат, шыдауға болатын шығар?  Қарабұлақ елді мекеніндегі орталық мешіттің ауытқуы 30 градусты құрайды. Оның себебі, кезінде мешіттер Меккеге қарай емес, асфальт жолына қарап  салынған. Кейбір имамдар «құбыланы дәл анықтау мүмкін емес қой, құралдар да қателесуі мүмкін» деген негізсіз уәж айтады. Олай болса ұшақтар мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан қалаларға қалайша тура тауып барады? Оның үстіне, Меккенің бағытын интернеттегі карта арқылы оп-оңай анықтауға болады. Осы мәселені имамдарға талай рет түсіндірдім. Тіпті мүфтиятқа да бірнеше рет хат жаздым, нәтиже  шықпай отыр. Меккенің бағытын анық білмесе бір сәрі, біліп тұрып жүзін басқа жаққа бұру дұрыс емес қой, - деп налиды Р.Нәлібаев. 

Өкініштісі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында мешіт құбыласының дұрыстығын тексеретін маман жоқ. Айтпақшы, Р.Нәлібаев көршілес Қызылорда облысындағы барлық мешіттерді аралап, құбыласын анықтап берген. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы облыстағы өкіл имамы Ақтамберді Мұсабек бұл бастаманы қолдап, құлшылық үйлерінің құбыласын дұрыстауға рұқсат берген. Өзінің алғыс хатында М.Ақтамберді «Нәлібай Рахматулла облыс бойынша барлық 125 мешіттің құбыла тарапын анықтап берді. Соның ішінде 42 мешіттің құбыласы дұрыс болып шыққан. Ал қалған 83 мешіт құбыласыынң дұрыс жағын көрсетіп, жіп керіп берген» деп ризашылығын білдіріпті.   

Мешіттердің құбыласы мәселесіне байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровпен де хабарласып, пікірін білдік.   

- Намаздың екі парызы бар болса,  соның бірі құбыланың қайда екенін білу, намазды Меккеге қарап оқу, - дейді М.Естеміров. -  Жасыратыны жоқ, барлық мешіттердің құбыласы түзу деп айта алмаймыз, арасында ауытқығандары бар.  Кезінде жобалау кезінде есептеулер дұрыс жүргізілмей салынып кеткен құлшылық үйлері аз емес. Тіпті облыстық мешіттің де құбыласы бұрын 15 градусқа айныған. Шымкенттегі  ескі мешіт, 112 орамдағы мешіттер кезінде дұрыс салынбаған. Олар ретке келтірілді.  Әсіресе, ауылды жерлерде салынған мешіттердің Мекке бағытынан ауытқуы бар. Солардың басым бөлігінің құбыласы қазір түзелді. Бұл мәселемен   біраздан бері шұғылданып келеміз. Спутниктік жүйені пайдаланамыз. Құбыланың бағытын дәл анықтап беретін арнайы сайт та жұмыс істейді. Кейбір мешіттерде көнбеген кісілер болды, оларға  айтар дауымыз жоқ. Дегенмен, бұл дабыра етіп, ел+жұртты шулататын мәселе емес. Әйтпесе осы мәселе төңірегінде кейбір елді мекендерде, айталық, Қарабұлақ ауылында тұрғындар арасында ұрыс-жанжал орын алып, жамағат екіге бөлініп кеткен кез де болды. Мешіттің құбыла бағытын анықтау үшін Діни басқарма тарапынан арнайы комиссия құрылып, оған жауапты мамандар тағайындалады.  Осы мәселе жайлы тұрғындар арасында сұрақтар болса, бізге хабарласуына болады.  

Дерек: 

Бірнеше жылдан бері Алматы қалалық мешітінің де құбыласы дұрыс еместігіне қатысты пікір-талас өрбуде. Кейбір мамандар оңтүстік астанадағы орталық мешіттің бағыты Меккеден 20 градусқа ауытқыған дейді. Мешіт өкілдері болса мұны жоққа шығаруда. 

Алдыңғы жылы құбыла мәселесі Мәскеуде де ушығып, шегіне жеткен. Мұсылмандарының саны 2 миллионға жеткен Мәскеуде бар-жоғы 4 мешіт бар. Солардың ең көнесі - сонау 1904 жылы тұрғызылған Мұнаралы мешіт.  Ресей астанасының тарихи құндылығы бар ғимараттарының бірі болып келген бұл құлшылық үйі 2011 жылы «ескіріп, тозған әрі  құбыласы дұрыс емес, 7,5 градусқа ауытқыған» деген желеумен бұзылды. Осы елдің Муфтилер одағы  жаңа ғимараттың құрылысын қолға алғанын мәлімдегенімен, Ресейдің өзге ислами ұйымдары ашық наразылық білдіріп, бас мүфти тарапына ауыр айыптар айтылды. Кеңес одағы дәуірінде де жұмыс істеген мешітті компартия 1980 жылғы олимпиада кезінде бұзбақ болған. Абырой болғанда, дін өкілдері мен араб елдері елшілерінің араласуымен бұған жол берілмеген болатын.  

Мұрағаттан: 07.02.2013

Ораза айтта мұсылмандарға не істеу керек?
Толстой ислам дінін қабылдаған ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу