Ораза айтта мұсылмандарға не істеу керек?

Oinet.kz 22-03-2019 1077

Screenshot_11.jpg

Мұсылман әлемі отыз күн оразадан кейінгі Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды.  Алла тағаланың рахымы мен мейіріміне, кешірімі мен шарапатына толы Рамазан айымен мұсылмандар   қимастықпен қоштасады. Ал Ораза айт  дүние мен ақыреттің ғажап құндылықтарын сездіріп, жүрегімізді ерекше рахатқа кенелтетін мейрам екені әмбеге аян. Бұл мереке бір айлық оразадан кейінгі жалпы халықтық ауыз ашар іспеттес. 

 Асыл дінімізде Ораза және Құрбан айт мерекелерінің артықшылықтары жайлы көптеген деректер бар. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айт мейрамына тағам жеп, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту тән екендігі айтылған. Яғни, бұл әрі сауабы мол, әрі  көтеріңкі көңіл-күймен өтетін мереке. Алланың елшісі (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда, олардан: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз,» -деген жауап естіді. Сонда Мұхаммед (с.ғ.с..): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары» деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген.

Ғұламалардың жеткізуіне қарағанда Алла-тағала жұмақты осы Ораза айт күні жаратып, Туба (жаннаттағы өсімдік) ағашын осы күні еккен. Жебірейілді де осы күні пайғамбарларға уаһи түсіретін періште ретінде таңдап, перғауынның сиқыршыларының тәубасын да осы күні қабыл еткен. Осы күні шайтанның әскерлерін бір жерге жиналып: «Сіз неге көңілсізсіз?», деп шайттаннан сұрағанда, ол: «Алла-тағала бүгін мұсылмандарға кешірім берді. Енді оларды қайтадан нәпсісіне бағындыру үшін жұмыс істеуіміз керек», деп мұсылман қауымының кешірімге ие болып, ұшпаққа шыққанына қатты өкінеді екен.

Мұсылман адам ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйяды. Отыз күнгі ораза көпшілікті тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет.  Ораза айтында ата-ана мен қарияларға сәлем беріп батасын алу, сырқат кісілерді зиярат етіп көңілін сұрау да ізгілікті амалдарға жатады. Ренжісіп қалған кісілермен татуласып, қатынас үзілген туыстардың үйлерін аралау да ерекше маңызды. Өйткені Алла тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Ағайын-жұрағат арқа-жарқа болып, бір сәт күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмытып, қойны-қонышына симаған қуанышын бір-бірімен бөліседі.  Көңілі қаяу мұқтаж адамдар мен жарлы-жақыбай, міскіндер айт күндерінде көбірек көмек-қолдау, садақа күтіп, дәметеді. Сондықтан да мұндай мұқтаж жандарға қайыр-садақа үлестіріп, көңілдерін аулаған мақұл.

Ханафия мазхабын ұстанатын Орта Азия мұсылмандары Ораза айт мерекесіне бір күн бұрын дайындалады. Бұл күнді «арафа» деп атайды. Негізінен, «арафа» сөзі Құрбан айт мерекесінен бір күн бұрын мұсылмандардың Арафат тауында өткізетін дұға жасау рәсіміне байланысты пайда болған. Кейін «арафа күні» деп Ораза айт мерекесінен бір күн бұрынғы күн деп атала бастады.  

Жаратушысына жүгінген жұмыр басты пенде Ораза айт мерекесінде періштедей пәк күйге бөленіп, хақиқат сырларына қанығады. Ендеше, Алла тағала  Рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей!      

Әулие аралап, оларға табыну дұрыс па?
Кейбір мешітте жұрт жұма намазда жүзін Меккеге емес, Израилге бұрады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу