Ауру астан басталады: Шымкентте өткен конференцияда өзекті мәселе көтерілді
Қазақстанда соңғы бес жылда балалар мен жасөспірімдер арасында асқазан-ішек аурулары үш есеге көбейді. Бұл мәселе Шымкентте өткен гастроэнтерологтардың республикалық конференциясында кеңінен талқыланды.

«Асқазан-ішек патологиясы бар күрделі науқастар: мамандықтар тоғысындағы шешімдер» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына еліміздің 150-ден астам үздік маманы қатысты.
Іс-шараны GastroMed гастроэнтерология клиникасы, Қазақстан гастроэнтерологтарының Альянсы және Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда гастрит, панкреатит сияқты аурулар тек ересектер арасында ғана емес, жастар мен жасөспірімдер арасында да жиі кездеседі. Асқазандағы ауырлық, іштің кебуі сынды белгілер көптеген адамдар үшін қалыпты жағдайға айналып бара жатыр.
Дәрігерлер бұл жағдайдың басты себептерінің бірі ретінде дұрыс тамақтанбауды атап өтті. Әсіресе фастфуд пен газдалған сусындарды шамадан тыс тұтыну ағзаға айтарлықтай зиян келтіреді. Мұндай әдеттер семіздікке, қант диабетіне, атеросклерозға, бауыр ауруларына, жүрек-қантамыр және эндокриндік жүйе сырқаттарына алып келеді. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанбаудың салдарынан қатерлі ісікке шалдығу жағдайлары да жиілеп отыр.
GastroMed гастроэнтерология клиникасының директоры Ләззат Сыздықова оңтүстік өңірде асқазан-ішек жолдары ауруларының патологиясы бар науқастардың саны көп екенін алға тартты. "Еліміздің білікті дәрігерлерін Шымкентке шақыртып, аталған тақырыпта республикалық конференция өткізуіміздің басты себебі де осы. Бұл басқосуда кәсіби мамандардың өзекті тақырыптарда баяндамалары тыңдалды. Бұл іс-шараны Алматы мен Астана қаласының жетекші мамандары, гастроэнтерология саласындағы сарапшылар өңіріміздің дәрігерлеріне, еліміздің басқа қалаларынан келген әріптестеріне пайдалы ақпараттар ұсынып, тәжірибе алмасуы үшін арнайы ұйымдастырдық», дейді GastroMed гастроэнтерология клиникасының директоры Ләззат Сыздықова.
Гастроэнтеролог дәрігерлердің пікірінше, аурулардың көбеюіне салауатты өмір салтын сақтамау, сондай-ақ түрлі бактериялар мен вирустардың әсері де ықпал етеді. Сондықтан мұндай ғылыми жиындардың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, заманауи емдеу тәсілдерін талқылау және жас мамандардың біліктілігін арттыру.
Жиында гастроэнтеролог Әсем Құрманғалиева конференцияның мақсаты – өңірдегі мамандарды бір алаңға жинап, заманауи зерттеулер мен тәжірибені жас мамандарға жеткізу екенін тілге тиек етіп, қазіргі таңда салауатты өмір салтын сақтамау, бактериялар мен вирустардың әсері ас қорыту жүйесі ауруларының көбеюіне әкеліп жатқанын жеткізді.
Жалпы, гастроэнтерология саласы бүгінде денсаулық сақтау жүйесіндегі ең өзекті бағыттардың біріне айналып отыр. Мамандар халық арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, аурулардың алдын алу шараларын күшейту арқылы ғана бұл мәселені шешуге болатынын айтады.


