Қазақстанда сүйек кемігін берген донор мен пациент алғаш рет кездесті

Oinet.kz 09-04-2026

Астанада 28 жастағы донор мен жілік майы трансплантациясы арқылы өмірі сақталған жас жігіт алғаш рет жүздесті. Бұл – Қазақстан тарихындағы осындай алғашқы кездесу, деп хабарлайды TengriHealth-ге сілтеме жасаған Оinet.kz.

image.png

Донор Юрий Алешкин 2021 жылы жілік майы донорларының ұлттық тізіліміне тіркелген. Ал 2023 жылдың қаңтарында ол гемопоэтикалық жасушаларын тапсырды. Бұл жасушалар сол кезде 16 жаста болған, 11 жасынан бері лейкозбен күресіп келген қарағандылық Карим Гайсинге салынды.

Юрий өзі көмектескен науқас туралы тек оның жасөспірім екенін ғана білген. Ал Каримге де донор туралы ешқандай ақпарат берілмеген. Бұл – халықаралық талап: туыс емес донор мен реципиент бір-бірімен тек белгілі бір уақыт өткен соң, екі жақтың келісімімен ғана кездесе алады.

Кездесу барысында залда ерекше эмоция байқалды. Юрийді дәрігерлер, Карим және оның ата-анасы қарсы алды. Екеуі алғашында сабыр сақтап қол алысып, кейін құшақтасып амандасты.

Каримнің анасы Наталья Олоер көз жасына ерік беріп, донорға алғысын білдірді.

– Егер сіз болмасаңыз, не боларын білмейміз... Рақмет сізге, – деді ол.

Кездесуден кейін Юрий мен Карим өз әсерлерімен бөлісті.

– Қазір тек жақсы сезімдер ғана қалды, – деді донор.

– Кездескенімізге өте қуаныштымын, – деді Карим.

Айта кетейік, Қазақстанда жілік майы донорларының тізілімі 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде туыс емес донорлардан 20 трансплантация жасалғанымен, мұндай кездесу алғаш рет өтіп отыр.

Бұл оқиға жілік майы донорлығының маңызын көрсетіп қана қоймай, өзге адамдарға да үлгі бола алады.

Ауру астан басталады: Шымкентте өткен конференцияда өзекті мәселе көтерілді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу