Алматыда тұрғындарға тас жаудырғандар Қазақстаннан қуылып, Тәжікстанға қайтарылуы мүмкін
Алматыда қала тұрғындарын қорқынышта ұстаған жасөспірім қыздар анықталды. Полиция олардың Тәжікстан азаматтары екенін мәлімдеп, қазіргі таңда елден шығару мәселесін қарастырып жатыр.

Алматыда соңғы күндері әлеуметтік желілерде бір топ жасөспірім қыздардың агрессивті әрекеттері түсірілген бейнежазбалар тарады. Кадрларда олардың қала орталығында өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, ақша сұрап, бас тартқан жағдайда тас лақтырып, тіпті төбелес шығарғаны көрінеді. Кейбір тұрғындардың жеке заттарын тартып алғаны да айтылған.
Полиция қызметкерлері күдікті жасөспірімдерді анықтап, ұстады. Белгілі болғандай, олар — Тәжікстан Республикасының азаматтары. Барлығы полиция бөлімшелеріне жеткізіліп, кейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
"Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Медеу және Алмалы аудандарының қызметкерлері арнайы тексеріс жүргізген. Қазіргі уақытта жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр. Оқиғаға байланысты олардың ата-аналары да жауапқа тартылды. Олар балаларды дұрыс тәрбиелемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке алынған. Құқық қорғау органдары әрбір дерек бойынша тексерісті жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, жасөспірімдерді Қазақстан аумағынан шығару мәселесі де қарастырылуда", – деп мәлімдеді полиция.


