ШҚО әкімінің бұрынғы орынбасары алты жылға сотталды
Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

3 сәуірде №2 сотта өткен соңғы отырыста Жақсылық Омар алаяқтық пен пара алу айыптары бойынша жауап берді. Іс қысқартылған тәртіппен қаралды.
31 наурызда өткен сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Омарды алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Сот оның кінәлі екенін танып, мүлкін тәркілеумен бірге 6 жылға соттады. Сондай-ақ оның Toyota маркалы автокөлігін тәркіледі, және ол өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті басқару органдарында және квазимемлекеттік секторда жұмыс істей алмайды.
Сотта прокурор айыптауды екі эпизод бойынша оқыған. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болған кезінде орын алған. Тергеу мәліметіне сәйкес, бір адамның өтінішімен қалалық кәсіпорыннан автокөлік алу рәсімі жүргізілген. 2021 жылы Toyota Camry 75 автокөлігін алған адам кейін оны әкімдікке жеткізіп, кілтін тапсырған. Кейін көлік үшінші тұлғаға ресімделіп, trade-in арқылы жаңа көлікке айырбасталған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 млн теңге деп бағаланған, бірақ сотта ол шығынның өтелгенін айтып, талап арыздан бас тартқан.
Жақсылық Омар туралы қысқаша:
1980 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туған.
2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін география мамандығы бойынша тәмамдаған, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде мемлекеттік басқару мамандығын, 2018 жылы ШҚО мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолы: Мәдениет министрлігі, Қаржы министрлігі, “Қазақстан” телерадиокорпорациясы, ШҚО әкімдігі және Алматы облысы әкімдігі. 2018-2024 жж. Өскемен қаласының әкімі болды, 2025 жылы ШҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Айта кетейік, 2026 жылғы 13 ақпанда Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. ҰҚК соталды тергеудің бар екенін растады, ал облыс әкімдігі оның денсаулығына байланысты демалыста екенін мәлімдеді.


