Прокуратура: Жақсылық Омарға амнистия мен шартты босату қолданылмайды

Oinet.kz 06-04-2026

ШҚО  прокуратурасы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ісіне қатысты мәлімдеме жасап, оның сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғанын және жеңілдік қарастырылмайтынын атап өтті.

image.png

Бұған дейін Өскемен қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот аталған іс бойынша тыңдау жүргізген болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, Жақсылық Омар аса ірі көлемдегі алаяқтық пен пара алу деректері бойынша айыпталған.

3 сәуірде сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сот шешімімен оның мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Жазасын ол орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді.

Сондай-ақ үкімге сәйкес, оның иелігіндегі «Toyota Camry» автокөлігі де мемлекет пайдасына тәркіленді.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, бұл әрекеттер сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жатады және мемлекеттік қызметтің беделіне, қоғам сеніміне елеулі нұқсан келтіреді. Айыптау тарапы істің қысқартылған тәртіпте қаралғанын ескере отырып, заң аясында ең қатаң жаза қолдануды сұраған.

Қадағалау органының түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға амнистия да, шартты түрде мерзімінен бұрын босату да қолданылмайды.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салуы мүмкін
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу