Шымкентте қайыр сұраған әйелдің жанындағы бала біреудің баласы ма? Полиция түсініктеме берді
Әлеуметтік желіде бұған дейін Шымкентте көшеде садақа сұрап отырған әйелдің жанындағы бала жоғалған балалардың бірі деген қауесет тараған болатын. Бұл іске қала полициясы араласып, тексеріс жүрзізді, деп хабарлайды Оinet.kz сайты Politico.kz-ке сілтеме жасап.

Еріктілер ұйымының өкілдері әлеуметтік желіде жерасты өткелінде садақа сұрап тұрған әйел мен оның жанындағы бала туралы жазба жариялағаннан кейін қоғамда пікірталас туындады. Жазбада баланың анасы туралы сұраққа тек бас изеп жауап бергені, екеуінің де орыс тілін білмейтіні және сәбидің басқа біреудің баласы болуы мүмкін екені айтылған.
Ақпарат таралған соң желі қолданушылары баланы бұған дейін іздестірілген немесе қайтыс болды деп танылған балаларға ұқсатып, қайыршылардың оларды ұрлап, есірткі беріп тыныштандырады деген қауесет тарата бастады.
Шымкент қаласының полиция департаменті әйелдің жанындағы баланың өзге біреудің баласы деген ақпаратты толықтай жоққа шығарды.
«Полиция қызметкерлері дереу қажетті шараларды қабылдады. Әйелдің шетел азаматы екені анықталды. Жеке басын куәландыратын және Қазақстан аумағында заңды түрде болуын растайтын құжаттары жоқ болғандықтан, ол барлық мән-жайлар анықталғанға дейін қабылдау-тарату орталығына орналастырылды. Әйелдің жанындағы баланың оның ұлы емес екені туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда бала әкесімен бірге», – делінген департамент хабарламасында.


