Домалақ ана кесенесіне туристерді кіргізбеген шырақшылар жазаланбақ
Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Домалақ ана кесенесі аумағында болған жағдайға байланысты әлеуметтік желіде видео тарады. Кадрлардан бір топ адамның кесене есігін ашуға әрекет жасағанын көруге болады.

Оқиғаға қатысты Бәйдібек ауданы әкімдігі ресми түсініктеме берді деп жазады Оinet.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Ведомствоның мәліметінше, видео 27 наурыз күні түсірілген. Сол күні Атырау облысынан келген туристер кесенеге кіре алмай қалғаны анықталған.
Әкімдік мәліметінше, туындаған жағдай сот шешімімен байланысты. Атап айтқанда, Домалақ ана кесенесі мен оған тиесілі жер учаскесі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жасыл саябақтар» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2025 жылдың ақпан және қазан айларында кесене шырақшылары Сәттігүл Дәулетова мен Құрманбек Дәулетовті мәжбүрлеп шығару туралы шешім шығарған.
2026 жылғы 27 наурызда аталған сот шешімін орындау мақсатында сот орындаушысы, аудан әкімдігі өкілдері мен тиісті мекеме басшыларының қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Алайда шырақшылар тарапынан кесене есіктері құлыпталып, туристердің кіруіне кедергі келтірілген. Әкімдік олардың бұл әрекеттері заңға қайшы екенін ескертіп, жауапкершілік қарастырылатынын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта «Жасыл саябақтар» мекемесі сот шешімін толық орындау бағытында жұмыстарды жалғастырып жатыр.


