«Әйелі суық қарайды»: Трамп Макронды мазақ етті
АҚШ президенті Дональд Трамп Франция басшысы Эммануэль Макрон туралы әзіл аралас пікір айтып, оның жұбайы Брижит Макрон өзіне салқын қарайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Оinet.kz хабарлайды.

Британдық дереккөздердің мәліметінше, Ақ үйдің YouTube-арнасында Трамптың жеке форматтағы түскі асы түсірілген бейне қысқа уақытқа жарияланған. Кейін жазба өшірілгенімен, журналистер оның көшірмесін сақтап үлгерген. Сарапшылар бұл видеоны көпшілікке арналмаған материал болуы мүмкін деп болжайды.
Жазбада Трамп НАТО-ны Ирандағы жағдайға байланысты тағы да сынға алып, сонымен қатар Макронға қатысты 2025 жылы тараған видеоны еске түсірген. Онда Франция президентін жұбайы итеріп жібергендей көрінген сәт талқыланған еді. АҚШ президенті бұл жайтты мысалға алып, әріптестерімен әңгіме барысында француз көшбасшысын әжуалаған.
Сондай-ақ Трамп Макронмен жақында болған телефон әңгімесін айтып, оның ағылшын тіліндегі акцентін келемеждеп, жеке өміріне қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, Макрон әлі күнге дейін жақ сүйегіндегі жарақаттан толық айығып үлгермеген.
Бұл мәлімдемелер Францияда сынға ұшырады. Ел парламентінің төменгі палатасының төрайымы Яэль Браун-Пиве қазіргі таңда әлемдік деңгейде маңызды мәселелер қаралып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, Ирандағы жағдай миллиондаған адамға әсер етіп, қақтығыстар жалғасып жатқан кезде мұндай пікірлер орынсыз.
Сонымен қатар “Непокорённая Франция” партиясының өкілдері де Макронды қолдап, Трамптың сөздерін айыптады.
Өз кезегінде Эммануэль Макрон Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласына жасаған сапары кезінде журналистердің сұрақтарына жауап беріп, бұл мәлімдемелерге пікір білдіруден бас тартты. Ол халықаралық деңгейдегі маңызды тақырыптарға назар аудару қажет екенін айтып, мұндай сөздерге жауап беруді орынсыз деп санайтынын жеткізді.


