Маңғыстаудағы шекара бекетінде қаза тапқан сарбаз ісі: командир екі жылға сотталды
Ақтөбе гарнизонының әскери соты Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара бекетінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың қаза табуына қатысты іс бойынша үкім шығарды. Шекара бөлімшесінің бастығы салғырттық танытқаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Оinet.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, командирге дизель агрегатынан майдың ағуы және радиатордың бітелуі мүмкін екені хабарланған. Алайда, кешкі уақыт болғанына қарамастан, ол екі мерзімді әскери қызметшіге жабдықты тазалау тапсырмасын ауызша берді.
Қатардағы сарбаз Еркебұлан Сағындық жанар-жағармай қоймасына канистрлермен барып, цистернаның үстіне шығып, 20 литрлік ыдысқа бензин құйып жатқан кезде жанармай буына уланып, есінен танып қалған. Әріптестері алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, сарбазды құтқару мүмкін болмаған.
Тергеу анықтағандай, шекара бөлімшесінің бастығы жабдықтың ақаулы екенін және мұндай жұмысты қараңғы уақытта жарықсыз жүргізуге тыйым салынғанын білетін. Сонымен қатар, қоймада арнайы жанармай құю жабдығы болмаған, ал қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама жүргізілмеген.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, жауапкершілікті түсінетінін мәлімдеген.
Сот 26 жастағы шекара бөлімшесінің бастығын кінәлі деп танып, жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеумен екі жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады. Сондай-ақ, ол қаза тапқан сарбаздың анасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


