Павлодарда жұмысшы әйел 15 метр биіктіктен құлап кетті
Павлодардағы кәсіпорындардың бірінде өндірістік апат болып, кран машинисі 15 метр биіктіктен құлап кеткен. Зардап шеккен әйел ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді.

Оқиға 30 наурызға қараған түні болған. Дәрігерлердің айтуынша, әйел түрлі ауыр жарақат алған: екі аяғы, жамбас сүйектері, қабырғалары және шонданай сүйегі сынған, сондай-ақ миы шайқалған.
№1 қалалық аурухана өкілдерінің мәліметінше, науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағалануда. Әйел есін біледі, алайда өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сонымен қатар оған уақытша бекіту құрылғысын орнату бойынша ота жасалған.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті хабарлады.


