«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Мұсылман қауым «Алладан басқа жоқ тәңір, Мұхаммед оның елшісі» деп жатады. Соқырға таяқ ұстатқандай қасиетті Құран кітапта «Аллаһтан басқа нәрселерге табынасыңдар ма? Олар сендерге зиян тигізу қабілетіне де, пайда келтіру қабілетіне де ие емес қой. Аллаһ естуші, әрі толық білуші» деп жазылған. Алайда бүгінгінің «діни соқырлары» үй бетін көрмей қабірден қабір қоймай аралап, әулие-әнбиелерге мінәжат қылып, медет тілейтіндер көбейіп барады.Олар өлілерден басына бақ, дертіне шипа, құрсаққа перзент тілеп, жоғын іздеп бейіттердің басына түнеп жүр. Құдайға серік қосқандардың бұл әрекеттері Ислам дініне қаншалықты зиян екенін білсе де, жалған сенімдер саналарын әбден жаулап алғандығы әрине, өкінішті. Ел арасына іріткі салып, өзге секталардың өкілдері аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, сенгіш адамдардың лезде бастарын айналдырып, жолың байлаулы мына атаңның басына баруың керек деп, әр бейітке сүйреп, мал бағыштап союларын, шелпек, қант, мата сатып алу керек деген сылтаулармен ақшаларын да жымқырып жатады. Жыл басынан бері есеп бойынша облысымызда 114 діни топ анықталыпты. Қазақстанда күніне орта есеппен шамамен 10-ға жуық электорнды БАҚ бетінде осы тақырып қозғалады екен.
Жалпы әулие, әруақ, ата-баба рухы, олар кімдер? Шыныменде олар тірі адамдарға көмек бере ала ма? Жоқ. Қабірде жатқан қандай қасиетті адам болса да, одан тілек тілеп, көмек сұрау - Аллаһтың қаһарын тудыратын серік қосу күнәсі екенін білгеніміз жөн. Әулие, әнбие, әруақ - бұлардың бәрі өмірден өтіп кеткен адамдар. Олар біздің қайғы-қасіретімізге, қуаныш-шаттығымызға ортақтаса алмайды. Тіпті олар біздің не тілеп, не сөйлеп жатқанымызды да естімейді. Ендеше әлдеқашан қайтыс болып кеткен о дүниеліктерден не сұраймыз, неге мазаларын аламыз, Жаратушы Алла барда оларға неге сыйынамыз? Бағзы заманнан бері қазақтар әруақтарға сыйынбаған, сыйлаған. Олай болса, айшылық алыс жерлердегі әулиелерге тілек сұрап барудан алдын, әруақтарға сыйыну мен сыйлаудың ара-жігін ажыратып алған жөн шығар.