Педофилдің діндегі жазасы қандай?

Oinet.kz 15-08-2020 920

2015 жылы Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің ІX отырысында қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі педофилияға қатысты пәтуа шығарылған болатын. Педофилияны біреулер туабітті ауру, психикалық бұзылу, көптеген жыныстық ауытқулардың бірі деп есептесе, басым көпшілік оны азғындық деп санайды.

22255653-f5f8-419e-afc0-b1fe26cb1c95.jpg

ҚМДБ-ның пәтуасында: 

«Ислам діні адамдарды мейірімділікке, рақымдылыққа бұйырады. Мейірбандық қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінде ерекше орын алып, ажырамас бөлігіне айналған. Ал қоғамның тыныштығын бұзатын қылмыс пен арсыздыққа Алла Тағала қатаң түрде тыйым салады.

Алла Тағала Құранда: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бұзақылық жасамаңдар» («Ағраф» сүресі, 56-аят), «Алла бұзақылық етушілерді сүймейді» («Мәида» сүресі, 64-аят) деген.

Қазіргі қоғамымызда кездесіп жатқан балиғат жасына жетпеген сәби балаларымызды торуылдап қолға түсіріп, артынша жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлеу, яғни педофилдік осы аяттар ұғымындағы бұзақылық, арсыздық ұғымына кіреді.

Құран Кәрім аяттарына түсініктеме берумен танылған әйгілі табиғин Мужаһид «жер бетінде бұзақылық жасаушыларға» деген сөзге «Бұзақылық – зина жасау, ұрлық жасау, адамдарды өлтіру, ұрпақ пен егістік жерлерді ойран ету, құрту» деп түсініктеме береді.

Бұл сорақы қылмыстың мынадай зардаптары бар:

Бұл әрекет баланың еркінен тыс әрі қорқынышты іс болғандықтан, баланың дұрыс жетілуіне үлкен кедергі тудырады. Бәлки өмірбойы құтыла алмайтын жыныстық ауруларға душар етуі мүмкін.

Баланың психикасына әсер етеді. Бала айықпас психологиялық дертке шалдығуы мүмкін.

Жанұяның беделіне, абыройына үлкен нұқсан келтіреді.

Келер ұрпақтың болашағына балта шабады.

Ал егер мұндай сорақылыққа барған қылмыскер құрбандығын өлтірер болса, жазасы арта түседі. Сондықтан педофилия адамзат баласының жа­ратылысына қайшы әрі ауыр қылмыс болғандықтан, жазасы да өте ауыр. Мұсылман ғалымдары мұндай қылмыскерге қатысты ауыр жаза (өлім т.б.) үкімдерін шығарған. Алайда біздің ел зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан, педофилдік қылмысқа шариғат үкімдері емес, қылмыстық құқық кодексіндегі жаза түрлері беріледі. Яғни биылдан бастап күшіне енген заңға сәйкес педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады.

Хасан АМАНҚҰЛ,

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары

«Барзах әлемі» деген не?
Күнге ысыған сумен дәрет алуға бола ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу