«Барзах әлемі» деген не?
Өлімнен кейін қайтадан тірілуге дейін жалғасатын өмір - қабір немесе барзах әлемі деп аталады.
Кез келген адам өлгеннен кейін топыраққа көмілсе де, яки көмілмей суға батып балықтарға жем болып немесе отқа жанып күл болып кетсе де, міндетті түрде қайта тірілгенге дейін қабір, яғни, барзах өмірін бастарынан өткізеді. Өйткені рух сол бөлек-бөлек боп шашылып кеткен денемен байланыс құра алатындай қабілетте. Мысалы, бір жерден жіберілген радио толқындар дүниедегі миллиондаған радиолармен байланыс құрып, бір хабарды әлемдегі миллиардтаған адамға таратып жатқанда, рухтар неліктен өз денесінің бөлшектерімен белгілі бір байланыста бола алмасын? Негізінде өлген адамдардың денелерінің қабірге жерленуіне байланысты барзах өмірі - қабір өмірі делінген. Өйткені рух қабірдегі денесімен белігілі бір байланыста болады.
Қабір, барзах әлемі ерекше бір әлем болғандықтан, өзіне тән заңдылықтары мен өлшемдері де болуға тиіс. Сондықтан барзах әлемінде болатын азапты яки рахатты, адамдардың иманына қарай қабірдің қысуы мен қараңғы болуын немесе керісінше кең және жарық болуын бұл дүниеге тән заңдылықтармен түсіну, әсте, мүмкін емес. Оны түсінуге біздің шектеулі ақылымыздың да, мына дүниедегі физикалық заңдылықтарының да өлшемі сай келе бермейді. Адам баласы қабірге жерленгеннен кейін Мункәр және Нәкир деп аталатын екі періште келіп оған: «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дінің не?» сияқты сұрақтарды қояды. Сұрақтарға жауап берген иманды жандар дүние өмірінен де тамаша, жұмақ өміріне жақын дәрежеде, рақат және ләззат ішінде болады. Ал, сұрақтарға жауап бере алмаған имансыз яки күнәһар жандар дүние өмірінен де бетер, тозаққа жақын кейіптегі азап ішінде ғұмыр кешеді. Демек, қабір адамдардың дәрежелеріне қарай жұмақ бақшаларынан бір бақша яки тозақтың шұңқырларынан бір шұңқырға айналады. Бір хадисте: «Кісі жан тәсілім еткен уақытта таңертең және кешкісін оған отыратын жері көрсетіледі. Егер жәннаттық болса, жәннат, тозақтық болса тозақ көрсетіледі. Сосын оған, міне, Алла сені қиямет күні қайта тірілткенге дейін отыратын жерің осы делінеді»[ Әл-Бухари, Жәнайз/1379].
Дүниеде мұсылман құлдардың басына келетін әр түрлі аурулар мен қиыншылықтар дүниеде істелген кішігірім күнәлардың кейбіреулеріне кәффарат болып, сол күнәлардың тазалануына себеп болса, дүниеде де тазаланбайтындай кейбір күнәларға қабір азабы кәффарат болмақ. Қабірде де тазаланбайтындай үлкен күнәлар ақыретке, үлкен есеп күніне аманатталады. Бір хадисте: «Қабір ақырет аялдамаларының алғашқысы, кімде-кім осы аялдамадан аман-есен өтсе, кейінгі аялдамалардан да оңай өтеді, ал өте алмаса кейінгілерді өту одан да қиын болады», - делінеді. Басқа бір хадисте: «Мүшріктер (Аллаға серік қосқандар) қабірлерінде қатты азапқа душар болуда. Олардың (шыңғырған) дауыстарын тек қана жануарлар естиді»[ Муснәд, 6/362], - деп қабір азабының ауыр екендігін білдірген.
Қайтыс болған кісі үшін артында қалған адамдар көбірек дұға жасап, күнәларының кешірілуін тілеу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамды жерлеп болғаннан кейін қабірдің жанына тұрып былай дейтін: «Бауырларыңыз үшін Алладан кешірім тілеп (иманында) тұрақты етуі үшін дұға етіңдер. Еш күмәнсіз ол қазір сұраққа тартылып жатыр»[ Әбу Даауд, Жәнайз 73.].
Мына дүниеде оқыған құранымыз бен түнде оқыған тәһажжуд намазымыз тар орнымызды кеңейтіп, қараңғы қабірімізді ерекше нұрға бөлейді.
Қабір азабына себеп болатын кейбір күнәлар
Қабір азабына күнәлардың барлық түрі себеп бола алады. Хадистерде айтылған қабір азабына себеп болатын күнәлар мыналар:
• Ғайбат, өсек айту, біреудің сөзін екінші біреуге жеткізу. Кез келген адамның артынан оның көңіліне келетін әрі ренжитін сөздер айту қабір азабына себеп болады.
• Кіші дәретті сындырғаннан кейін тазаланбау.
• Мойнында қарызы болған күйде жан тапсыру. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Мүминнің рухы мойнындағы борышы өтелгенге дейін сол борышымен байлаулы» хадисінен мойнында қарызы бар борыштының қабір азабын тартатынын аңғарамыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) борышты кісінің қарызы өтелгеннен кейін ғана жаназа намазын оқыған.
• Жалған сөйлеу, Құранды біле тұра ішіндегі айтылғандарға теріс әрекет ету, зина жасау, пайыздық өсім жеу.
Адамдарды алдау, жетімдердің ақысын жеу, мұсылмандардың қателерін, кемшіліктерін іздеу, туған-туыстардан қатынасты үзу, жалған куәгер болу, жан- жануар, жәндіктерге зұлымдық жасау, ұрлық жасау, ар-намысты пәк әйелге жала жабу, нәсібіне разы болмау сияқты күнәлар да қабір азабына себеп болады
(Қ.Жолдыбайұлының "Имани гүл" атты еңбегінен алынды - 166/169 бет. Алмат).