Тоқаев: «Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек»

Oinet.kz 13-11-2021 751

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитіне қатысты деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. 

DSC_2326.jpg_2.jpg

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммиті Ыстанбұл қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өтті. Алқалы жиынға Қазақстан президентінен басқа Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Сондай-ақ Саммитке бақылаушы елдердің басшылары Түрікменстанның Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан қатынасты. Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттердің басшыларымен Ыстанбұл қаласында жүздескеніне және Режеп Тайып Ердоғанға Анадолы жерінде көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұның тарихи белес екенін атап өтті. 

- "Біз осы кезеңде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қатынасты нығайта түстік. Биылдың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткіздік. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың айқын көрінісі. Қазақта "Төртеу түгел болса, төбедегі келеді" деген ұлағатты сөз бар. Осы жерде жиналған елдердің жоғары деңгейдегі өкілдерінің ниеті түзу. Біз барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз", – деді Қазақстан президенті. 

Мемлекет басшысы екі жылдан бері аталған Кеңеске тиімді төрағалық етіп келе жатқан Әзербайжан басшылығына алғыс білдірді. Сондай-ақ олардың Кеңес жұмысын жандандыра түсуге зор үлес қосқанын атап өтіп, әлемді жайлаған індетке қарамастан, түркі кеңістігінде бірқатар жақсы жаңалық болғанын айтты. Түркітілдес мемлекеттер пандемияға қарсы күресте күш біріктіру үшін алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткізді, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы атанды, сондай-ақ Таулы Қарабақ мәселесі де Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты. Енді Кеңестің төрағалығы Түркия Республикасына өтеді.  

img-20211112-161821-105_mediumThumb.jpg

- "Анадолы елі бұл міндетті абыроймен атқарып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін. Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі. Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл бәріміз үшін маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осы жиынның қорытындысы бойынша Түркі кеңесінің үшінші тараппен ынтымақтастығы туралы ережелер қабылданбақ. Қазақстан президенті мұны уақтылы және заман талабына сай әзірленген құжат деп санайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның жаһандық деңгейде лайықты орнын алатынына сенім білдірді.

- "Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын. Бірлігіміз әрдайым бекем болсын", – деді мемлекет басшысы. 

Lexus мінген полицей қарсы жолаққа шығып кетіп, автобусты соқты (видео)
Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 2022 жылдың қаңтарына дейін ұзартылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу