Мең және тағдыр
Мең барлық адамда кездеседі деуге болады. Дененің кез келген жеріне шығатын меңнің 300-ден астам түрі бар екен. Ал жалпылама алғанда меңнің туа бітті немесе жүре пайда болатын екі түрі болады.
Қазақ халқы ырымшыл халық, сондықтан да ата-бабаларымыз қалмен, меңмен туылған балаларға ерекше назар аударған. Қал немесе меңі үлкейіп кетпесін, көбеймесін деген мақсатпен, туылған баланың есімін сәйкестендіріп, Қалдыбек, Меңдібай, Қалдыбай, Қалдыбек, Аққал, Меңдіахмет, Қалдыгүл, Меңдіқыз, Меңтай және тағы басқа да есімдерді қойған. Осы жандардың қатарында мен де бармын. Бетімнің сол жағында меңім болғандықтан ата-анам ырымдап есімімді Қалдыгүл қойған. Анам бала күнімде қалымның кішкентай және қоңырқай болғанын айтады. Есейе келе меңім үлкейіп әрі қарайған. Алыстан қараған адамның көзіне бірден түседі.
Айтайын дегенім, қыз баласы болғандықтан сұлулыққа жанымыз құмар емес пе? Беттегі қалымнан, шынымды айтсам осы уақытқа дейін ұялып келдім. Біртүрлі ажарымды бұзып тұрған секілді көрінетін. Косметикалық заттармен қалымды қанша жасыруға тырысқаныммен онымнан түк шыққан жоқ. Беттері дақсыз, таза құрбыларымның жанында жүргенде сүйкімсіз қалымның болғанына намысым келетін. Алайда бұл «кемшілігімді» бетіме ешкім басқан емес. Керісінше марқұм әжем «қалы бар жандар бақытты, бағы барлар» деп айтып отырушы еді. Сонда да бұл сөздер жаныма жұбаныш бола алмады.
Әпкемнің тойы болатын күні сұлулық салонына барып шашымды сәндеп, бетімді әрлеттім. Сонда аққұба келген жас қыз «қалыңызды алдырғыңыз келмей ме?» деп тосыннан сұрақ қойды. Оған дейін мұндайды мен мүлдем ойламаппын. Әрине меңді алдыруға болады екен дегенді естігенім болмаса, бұл тақырыпқа тереңірек үңіліп көрмеп едім. Әлгі қыздың сұрағынан кейін бірден қызғушылығым оянды. Салон қызметкеріне меңді алдырудың жолдары, пайдасы, зияны, құны деген секілді сұрақтарды әбден жаудырттым. Олар лазерлік жолмен лезде, ешқандай ауырсынусыз алып тастай алатындықтарын жеткізді.
Сол күннен бастап меңімді алдыру санамнан еш кетпеді. Күн сайын айнаға қарап бетімді меңсіз елестетуді әдетке айналдырдым. Ақыры анама меңімді алдыратынымды жеткіздім. Анам: «Сен осы қалыңмен сүйкімдісің, қызым. Есімің өзіңе лайықты жансың. Алланың жаратылысына қарсы келме. Мең саған берілген бақ» деген сөзіне қарамастан, сұлулық салонының есігін қақтым. Ондағылар клиенттің табылғанына қуанып, дереу іске кірісті. Көзді ашып-жұмғанша меңсіз қыз болып шыға келдім. Қалай болды екен деп жалма-жан айнаға қарай жүгірдім. Келбетімді көріп, үнсіз тұрып қалдым. Айнаның арғы жағындағы адам өзім емес секілді.
Әрі-сәрі күйде үйге жеткенде анам мені көріп бір жағынан таңырқай қараса, екіншіден аздап жабығып қалғандай. Неше айдан бері ұйқымды ұрлаған қалауыма қол жеткізгеніммен менің де көңілім құлазыды. Ұзақ уақыт бойы денемнің бір бөлшегінен айырылғандай күй кештім. Соңғы кездері жолым да болмай кетті. Жұмыста сәтсіздік, жеке өмірімде келіспеушіліктер көбейді. Қалымның жоқтығына кейіннен көз үйренісіп кетті ғой. Өмірімдегі сәтсіздіктердің қалмен еш байланысы жоқ шығар, бәлкім. Дегенмен анам мен әжемнің «бұл сенің бағың» деген сөздері ойымнан еш кетпей қойды. Меңнің адам тағдырына қатысы барына сену сенбеу әркімнің өз еркінде, сенімінде. Дегенмен сұлулық үшін меңді алдырған дұрыс емес. Себебі Алла адамға денесіндегі әрбір мүшесін, белгісін себепсіз бермейді. Сіз бұған не дейсіз оқырман!
Қалдыгүл Дулатова,
Жамбыл облысы