Путин бес қазақстандықты арнайы марапаттады
28-03-2023
Тарихи құжаттарға қарағанда Сталин 1953 жылдың 1 наурызында өзінің саяжайындағы кіші асханада, еденде ес-түссіз жатқан күйі табылған. Оны осы қалыпта күзетшісі көрген. Ближный саяжайына келген дәрігерлер көсемнің «оң жақ бөлігі салданған» деген диагноз қойды. 4 наурызда Сталиннің ауыр халде жатқаны радиодан хабарланды. 5 наурыз күні 21 сағат 50 минутта көсем қайтыс болды. Оның жантәсілім еткені ертеңіне таңғы сағат алтыда радиодан хабарланды. Медициналық қорытындыға қарағанда Сталин миына қан құйылып өлген. Бірақ осы уақытқа дейін көсемнің өз ажалымен өлмегені, қастандық жасалғаны туралы әңгімелер тынымсыз айтылып келеді.
Сталиннің өлімімен тұтас бір дәуір аяқталды. Көсем «КСРО-ны соқамен қабылдап алып, атом бомбасымен тастап кетті». Хрущевтің жылымығынан кейін Сталиннің тұлғасы бірте-бірте аласара берді. Бірақ бәрібір де халықтың санасынан «Ұлы Отан соғысында немістерді Сталиннің арқасында жеңдік» дегене таным-түсінікті сылып тастау мүмкін болмады. Горбачевтің демократиясынан кейін мұрағаттағы көптеген құпия құжаттар жарыққа шықты. Осы кездері Сталин миллиондаған жазықсыз жандардың сүйегінің үстіне империя құрған қанқұйлы диктатор ретінде танылды. Бірақ неге екені белгісіз, соңғы жылдары Сталинге деген бір жылылық пайда болды. Саясаткерлер оны Ресей тарихындағы Ұлы билеуші ретінде дәріптеуге көшті. Тарихшылар оны ақтап алуға кірісті. Голливудттың танымал актерлері Сталиннің рөлін сомдауға құмарта бастады.
Әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы да соңғы кездері Сталинге деген ынтызарлық өсе бастағанын көрсетіп отыр. «Левада-центр» ұйымының жүргізген зерттеулеріне қарағанда, бүгінде ресейліктердің 34 пайызы қандай қателік жіберсе де Сталин тарих үшін маңызды тұлға, соның арқасында кеңес армиясы Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен деп есептейді екен (2007 жылды мұндай пікір білдіргендердің көрсеткіші 28 пайызы құраған). Халықтың 20 пайызы Сталинді КСРО-ны империяға айналдырған ақылды билеуші деп біледі. 21 пайызы Сталинді қатыгез басшы, миллиондаған жазықсыз адамдарды құрбандыққа қиған тиран деп таниды. 2007 жылы мұндай пікірді жақтаушылардың көрсеткіші 29 пайызды құраған екен.
Биыл Ресейде 5 наурызда-- Сталиннің өлген күні атап өтілді. Осы күні мәскеуліктер Кремльдегі Сталиннің моласына барып, гүл шоқтарын қойған. Мәскеуліктер неге Ленинді еске алмайды? Неге ақ патшаларының моласына барып гүл қоймайды? Неге Сталинді іздейді?
Бірақ ресейліктердің бәрі Сталинді жақсы көреді десеңіз қателесесіз. 5 наурызда Мәскеудегі аялдамалардың бірінде Сталиннің өліп жатқан бейнесі салынған плакат пайда болды. Оның астында «Ол өлді, бұл да өледі» деген жазу бар. Сурет әлеуметтік желі арқылы көпшілікке тез тарап кетті. Плакаттың Сталиннің өліміне 63 жыл толуына орай дайындалғанын жұртшылық жақсы түсінді. Жазудағы «ол» деген Сталин, «бұл» дегеннің Путин екенін де аңғару қиын емес.
Сталин ресейліктердің басын біріктіре алатын тұлға дегенге сену қиындау. Өйткені жез мұртты көсемнің Ресейдің қиыр-қиырында тұратын халықтарға жасаған зорлық-зомбылығы әлі ұмытылған жоқ. Ұмытылмайды да. Сталин Ұлы Отан соғысы жылдарында тұтас халықты жазалау шарасын ұйымдастыру жөніндегі бастаманың авторы, осыған тікелей тапсырма беруші. Жуырда Шешенстанның президенті Рамзан Қадыров әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазыпты:
- Жетпіс екі жыл бұрын Иосиф Сталин шешен және ингуш халқын күштеп қоныс аударды. Операцияны Лаврентий Берия орындады. Екеуін де қарғыс атсын!
Мұрағаттан, 2016 ж