Пандемия кезіндегі дәрігерлердің жанкешті еңбегіне құрмет көрсетілді
Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы орталық аурухананың алдында «Ақ халатты абзал жандар» аллеясы ашылды. Бұл шара дәрігерлердің пандемия кезіндегі жанкешті еңбегіне алғыс ретінде ұйымдастырылды.
Аллеяның ашылу салтанатына облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов пен Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев, депуттар мен медицина саласының ардагерлері, дәрігерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Бүгін – ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілген күн. Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ еліміз бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Қиын жағдайда медицина қызметкерлері алдыңғы қатарда күрескендердің сапында болды. Бүгінгі ашылған «Ақ халатты абзал жандар» аллеясы аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген медицина саласы қызметкерлерінің құрметіне арналады. Бұл – ел құрметінің белгісі», – деді Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Аллеяда аудан тұрғындарының демалып, бой сергітуге ыңғайлы орындықтар, түнгі жарықтандыру шамдары орнатылған. Арша, аққайын көшеттері отырғызылған. Аллея ортасынан «Ардақты ардагерлер» және «Өзгенің өмірін арашалаймын деп, өз өмірі қиған ақ халатты абзал жандар» тақтайшалары орнатылған.
Жиын барысында пандемия кезінде індетпен күресуде жанкештілік танытып, қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына сый-сыяпаттар тапсырылды. Айта кетейік, өңірде коронавирус індетіне қарсы күресуге бағытталған 44 аурухана мен емхана, оңалту орталықтары мен санаториялар қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар 27 БМСҚ, 190 дәрігерлік амбулатория, 266 фельдшерлік-амбулатория және 210 медициналық пункт бар. Қазіргі таңда да індетке қарсы күрес бәсеңдеген жоқ. Жағдай сала мамандарының бақылауына алынған.