Сүт безінің қатерлі ісігі жасарып келеді

Oinet.kz 12-09-2018 1184

SN2.jpg   

Онкологтар соңғы жылдары сүт безі рагының жылдан жылға көбейіп отырғанын мәлімдеді. Сүт безі обыры әйелдердегі қатерлі ісіктің жалпы құрылымында бірінші орында тұр. Дүние жүзінде жылына 500-600 мың адам осы аурудан қайтыс болса, Қазақстанда 8 минутта бір әйелде сүт безі қатерлі ісігі табылады екен. Сүт безі обыры анықталған әрбір үшінші әйел диагноз қойылған сәттен бастап бір жыл ішінде өмірден озады. 

Статистикалық цифрлардың бұлайша өсуі дерттің дер кезінде анықталмауынан дейді мамандар. Мәселенің алдын алу үшін нәзік жандылар жылына 1 рет скринингтен өтуі тиіс. Алайда бұл іске келгенде немқұрайлылық танытатындар көп. Сондықтан Шымкент қалалық онкологиялық диспансерде қазан айының әр сенбісі «Ашық есік» күні ретінде белгіленді.

– Қазан айының әр сенбісінде  тұрғындарды жолдамасыз тексеріп жатырмыз. Алғашқы аптада 12 науқас келсе, өткен аптада жиырмаға жуық әйелді қабылдадық. «Денсаулық» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырған «Ашық есік» күнінің мақсаты – аты жаман кеселдің алдын-алу, сондай-ақ сүт безінде кездесетін түйінді ерте кезден анықтау және емдеу, – дейді маммолог Марат Ижанов.  

48 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны Дүйсенкүл Ақайдар күмәннен арылу үшін диспансерге тексерілуге келіпті. 

– Көкірегім ауырып, мазамды алған емес. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ» деген. Ешқандай аурудың жоқтығына көз жеткізу үшін дәрігерлерге келдім. Бәрі таза, жақсы екен. Енді алаңдамай жүруіме болады. Замандас, құрбыларыма да келіп тексеріліңіздер дегім келеді, – дейді 5 баланың анасы.  Денсаулығына алаңдап келген пациенттерді қазір 3 дәрігер қабылдап жатыр. 

Марат Түсіпбекұлының айтуынша сүт безінің қатерлі ісігі бойынша облыста 3 мыңдай науқас есепте тұр. Ақ халаттылар осыдан 10-15 жыл бұрын жылына 180-200 адамнан аталған ауруды тапса, қазіргі таңда олардың саны 400-ден асып жығылады. Мәселен, былтыр мамандар 420 қыз-келіншектен қатерлі ісікті анықтаған. Олардың 200-ден астамы бес жылдан артық өмір сүреді екен. Бұл жақсы көрсеткіш дейді маммологтар. Дәрігерлер сүт безінің рагы жылдан жылға көбейіп отырғанымен қоймай жасарып келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Өңірдегі онкологиялық диспансерде есепте  тұрған 25-27 жастағы қыз-келіншектер де бар көрінеді. Бұл сүт безі рагының жасарып келе жатқандығын білдіреді.

Ауруды бірінші, екінші сатыларында анықтау мақсатында елімізде 40-70 жас аралығындағы әйелдерге скринингтік тексерулер жүргізіледі. Былтыр диспансердің мамандары скринингтік тексерулердің нәтижесінде 112 әйелден кеселді тапқан. Олардың басым көпшілігі қатерлі ісіктің бірінші, екінші сатылары кездескен. Яғни, түйіннің көлемі 2 сантиметрден аспаған. Дерттің алғашқы сатысында емделсе, рактан 100 пайыз айығуға болатыны бүгінде дәлелденген. 

Қалалық онкологиялық диспансерде қатерлі ісікті емдеудің төрт тәсілі қолданылады. Олар: хирургиялық, сәулелік, дәрілік емдер және  химиятерапия. Ісіктің биологиялық, гистологиялық құрылымына және жасына қарай дәрігерлер науқасқа ем тағайындайды. Мамандардың айтуынша бұрынғыдай агрессивті ем қолданылмайды. 

– Бұрындары науқастың көкірегін тазалап кейде тұтастай алып тастаушы едік. Омырауды алып тастау онсыз да сырқат әйелдің психологиясына қалай әсер ететінін елестетіп көріңізші?! Мұндай жағдайдан кейін көп пациенттер үлкен күйзеліске ұшырайды. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін қазір дәлдік ем қолданылады. Яғни сүт безін толық алмай тек түйінін ғана алып тастаймыз. Көкіректің кем-кетігін кей науқастар имплантпен толтырып жатады. Импланттың онкологиялық ауруларға ешқандай кері әсері жоқ, – дейді Марат Ижанов.

Сүт безі обыры ауруының қатерін мына жағдайлар арттырады дейді дәрігерлер: тұқымқуалаушылық және отбасылық бейімділік (анасы немесе әпкелері сүт безі обырымен ауырған әйелдердің осы аурумен ауыру мүмкіндігі жоғары), кешігіп келген менопауза, етеккірдің ерте келуі (12 жасқа дейін), 30 жастан асқанда тұңғыш баласын дүниеге әкелу, жүктілікті үзу, ешқашан тумаған әйелдердегі фиброзды-кистозды мастопатия және сүт безінің басқа да пролиферативті аурулары, семіздік (қалыпты салмақтың 40% жоғары), қант диабеті, гипертония ауруы, жүйелі түрде шылым шегу және алкогольдік ішімдік ішу.

Ақ халаттылар әйелдерге жылына бір рет маммологқа көрініп тұруға кеңес береді. Қазақшылыққа салынып, тәуіп-молдаларды жағалау ауруды асқындыруға алып келетінін естен шығармаған жөн.

Отызға дейін босанбау денсаулыққа зиян ба?
Ринопластиканың пайдасы мен зияны қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу