Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Пластикалық хирургия Қазақстан медицинасына кешеуілдеп жеткенімен, бұл қызмет түрі бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен қолданыла бастады. Ал кеңес үкіметі жасанды сұлулықтың сырына өткен ғасырдың сексенінші жылдары қаныға бастады. Кеңестік дәуірде елге абыройлы, танымал ер-азаматтар да пластикалық операция жасатуға қарсы болмаған сияқты.
1985 жылдың өзінде кеңес өкіметінде пластикалық операцияға жүгінген жалпы пациенттердің 10 пайызын ерлер құраған көрінеді. Сұлулыққа деген сұраныс, әсіресе, тоқсаныншы жылдары арта түсті. Пластикалық хирургияға адам организміндегі барлық кемістікті жою мақсатында жүргізілген операциялар жатады. Отаның бұл түрі көне заманнан белгілі. Мәселен, Тибетте біздің эрамыздан 3 мың, Үндістанда біздің эрамыздан 1 мың жыл бұрын пішіні бұзылған мұрынды қалыпқа келтіруге жасалған операция туралы дерек табылған.
Бүгінгі «Сұлулық сыр» айдары аяснда осы мұрынға жасалатын операция жөнінде кеңірек мағұлмат беретін боламыз. Тыныс алу және иіс сезу мүшесі мұрынның қызметі орасан. Сондай-ақ ол бет-әлпеттің сәнін келтіруші. Алайда кейбір адамдардың мұрындары ажарына сай келмей жатады. Пұшық, қоңқа, құс мұрындарды күнделікті өмірде кездестіріп жатамыз. Ал кейде адамдардың түрлі оқыс жағдайлардан мұрнынан жарақат алып жатады. Салдарынан мұрын қисық бітеді. Осындай келеңсіз жағдайларда адамдар ринопластикаға жүгінеді.
Мұрын эстетикасы қалай пайда болды?
Статистикалық деректерге көз жүгіртетін болсақ, дүние жүзінде эстетикалық ота ең көбі АҚШ-та жасалады. Одан кейін кезегімен Бразилия, Қытай, Жапония және Мексика келеді. Әлемде ең көп жасатылған операциялардың көшбасында май алдырумен қатар мұрын эстетикасы келеді.
Тарихи жазбаларға сүйенсек, Үндістанда кейбір қылмыстылардың кесілген мұрны маңдайынан алынған терімен жөнделіп, жаңа мұрын жасалады екен. Ағылшындар Үндістанды басып алғаннан кейін мұрын жөндеу деп атауға болатын осы операция әлемге тараған. Неміс дәрігері Джак Джозеф мұрын эстетикасы саласында маңызды әдістерді жетілдірді. Ол көптеген яһудидің мұрнын эстетикалық отамен өзгерткен екен.
Мұрын эстетикасындағы «барлығы бірдей, керемет пішінді мұрын жасау» деген көзқарас 1990 жылдардың ортасынан бастап өзгере бастады. Операция жасайтын пластикалық хирургтар саны артты. 1960, 1970 және 1980 жылдары тек фильм жұлдыздары, атақты әншілер, дәулетті адамдар жасатқан мұрын пластикасы 1990 жылдардың ортасынан бастап барша жасата алатын отаға айналды. Операция санының артуы дәрігерлердің тәжірибесінің артуын қамдады.
Мұрын эстетикасы енді тек мұрынды кішірейту емес, мұрындағы артық нәрселердің немесе кемшіліктердің адамның бейнесімен эстетикалық үйлесімділігі назарға алынып жөнделетін бір операция ретінде жүргізіле бастады. Бұрын көбіне әйелдер жасататын мұрын эстетика операцияларын енді ер адамдар да жасата бастады. Бейресми ақпараттарға сенсек, эстетикалық операцияның «қармағына» посткеңестік елдер арасында бірінші болып Грузия іліккен. Мұрындарының қоңқылығын кемістік көрген тау қыздары мен жігіттері мұрын үсті сүйегін сындырып, оны түзетіп, кішірейтіп қайта салдыртуға келіскен екен.
Ринопластика қалай жасалады?
Мұрын бас миға жақын орналасқан орган. Оның құрылымы да күрделірек. Сондықтан отаны тек білікті, тәжірибесі мол дәрігерге жасатқан дұрыс.
Ринопластиканың бірнеше түрі бар. Тыныс алу қиындаған пациенттерге дәрігерлер септопластика әдісін жасайды. Мамандардың айтуынша адамдардың 20 пайызында ғана кеңсірік (носовая перегородка) түзу болады екен. Септопластика сол кеңсірікті түзетуге арналған. Алайда бұл жер бетіндегі қалған 80 пайыз адамның мұрнын түзету керек деген сөз емес. Тек тыныс алуы қиындаған кеңсірігі тым қисық жандар ғана отаны жасатуына болады.
Мұрнының пішініне көңілдері толмайтындардың көбісі жабық ринопластиканы қалайды. Себебі ол мұрынның ішінен жасалады да сыртқы теріге ешқандай зақым келмейді. Егер мұрын іштен түзетуге келмеген жағдайда хиругтар амал жоқ ашық ринопластикаға жүгінеді.
Отасыз ринопластика – пластикалық хиругияның жаңа тәсілі. Статистика бойынша ол тек пациенттердің 5-10 пайызына ғана жасалады екен. Мұнда болмашы кемшіліктер түзетіледі. Операция шамамен 1 сағатқа созылады. Мұрын түзетудің шеберлері ринопластиканы көбінесе тым ұзын немесе ұшы сүйірленіп келген және дөңестенген мұрын иелеріне жасайды.
Елімізде операцияның құны 250 мың теңгеден басталады. Қазақстанда мұрын түзетуге дәрігерге әйелдерден гөрі ер адамдар жиі келеді екен. Ерлердің көп сұрайтыны – қисық және құсмұрынды түзету. Операциядан кейін пациент мейілінше күтінгені дұрыс. Шылым шегу, шарап ішуден аулақ болып, ауыр тағамдары тұтынбағаны абзал. Ұйқы режимін де қадағалаған жөн. Көңіліңіз қалаған мұрын пішініне қол жеткізгеннен кейін екі үш айға дейін моншаға түсуге, күннің көзін көп қабылдауға тыйым салынады.
Кімдер мұрнын түзете алмайды?
Әдетте кез-келген пластикалық отаны аса қажет болмаған жағдайда 18 жасқа толмаған жасөспірімдерге жасауға болмайды. Мамандар ринопластикаға лайықты жас 20 мен 35 жастың аралығы дейді. Жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар келіншектерге жасауға болмайтыны бәріне түсінікті шығар. Сондай-ақ дәрігерлер қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын және бүйрек пен бауыры жиі мазалайтын адамдарға ринопластиканы мүлдем жасауға болмайтынын алға тартуда. Сонымен қатар мұрын түзетуді созылмалы, инфекциялық ауруларға шалдыққан, мұрын айналасында безеуі көп немесе басқа да дермотологиялық аурулар кездесетін жандарға да ұмыта тұруға тура келеді. Өйткені ағзада горманалды ауытқулар болуы мүмкін. Ота үстеліне жатпас бұрын кез-келген пациент алдымен психологтың кеңесін тыңдап алғаны жөн. Өйткені кейбір адамдар мұрнында мін болмаса да өзіме ұнамайды деген ойды санасына сіңіріп алады да, өзін өзгелерден төмендетуді бастайды. Егер мұрныңыз сау болса, ауырып мазаңызды алмаса немесе пішіні қалыпты болса пышаққа түсудің қажеті жоқ дейді хирургтар.
Ринопластиканың салдары қандай болмақ?
Отадан кейінгі кездесетін алғашқы қиындықтардың бірі – мұрынның ісінуі. Отаның жеңіл-күрделілілігіне қарай ісіктер 7-20 күннің ішінде қайтуы керек. Бұл уақыт аралығында пациент мұрын гипспен таңып жүруі тиіс. Жалпы ринопластиканың нәтижесі бір жылдан кейін белгілі бола бастайды. 365 күнде мұрынның тіндері толық қалпына келеді.
Мамандар ринопластиканың кері әсерлері жоқ дейді. Тек кей жағдайда мұрынның иіс сезу қабілеті төмендеуі мүмкін. Әйтсе де көптеген ғалымдар мұрынға пышақ тигізу адамдарға көптеген қиындық тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе отадан кейін мұрынға түрлі инфекция түсуі салдарынан уақыт өте келе қатерлі ісік туғызуы бек мүмкін екен. Ақ халаттылар ринопластиканың соңы герпеске, қанның ұйығыштығына, жіті ринитке, жүрек ауруына, пиелонефритке, психиканың бұзылуына әкеліп соғатынын айтады. Әлем бо¬йынша мұндай 5000 операцияның біреуі адам өлім¬імен аяқталатынын ұмытпаған жөн.
Ота жасату ойыншық емес. Біреулер отаны бір емес, екі-үш рет жасатады. Бетке пышақтың жүзі қайта-қайта тиген соң, беттегі жүйке талшықтары зақымданады. Әлемдегі ең сорақы, ең қате жасалған пластикалық операция – поп-жұлдыз Майкл Джексонның мұрнына жасалған операция. Қайта-қайта түзете берген соң, оның мұрнының ұшына қан жүрмей қалған көрінеді.
Есте сақтаңыз: ешбір пластикалық хирург операцияның сәтті шығатынына кепілдік бермейді.