Омырау имплантатымен бала емізуге бола ма?
Көптеген жағдайда имплантат үлкен кеуде бұлшық етінің астында орналасқандықтан және оның сүт безіне ешқандай қатысы болмағандықтан, маммопластикадан кейін бала емізуге болады. Жүктілікті операциядан кейін кем дегенде 6 айдан кейін жоспарлауға кеңес береді. Карима Сәдуақасованың айтуынша бұл кезең имплантат қуысының толық қалыптасуы үшін қажет.
– Операциядан кейін пациенттер енді сүтім шықпай қала ма, ол балаға зиян емес пе деп сұрап жатады. Қорқудың еш қажеті жоқ. Одан сүт тартылып қалмайды және нәресте де емін-еркін еме береді. Жеке тәжірибемнен байқағаным, керісінше отадан кейін сүт молынан келеді екен, – дейді ол.
Дәрігерлер имплантаттың мынадай жағдайда жыртылып кетуі мүмкін екенін ескертеді. Теория жүзінде кез келген жағдай орын алуы мүмкін, мысалы, жол апатына түскенде кеуде қуысы қатты жарақаттанғанда немесе үшкір өткір затпен механикалық тұрғыдан зақымданғанда ол жыртылып кетуі мүмкін. Бірақ іс-тәжірибеде сүт безі имлпантаттары бір рет және өмір бойына орнатылады. Ол пациент омырауының көлемін түзеткісі келгенде ғана алмастырылуы мүмкін. Ұшақ бортында немесе теңіз түбінде имплантатты зақымдап алудан қорқудың қажеті жоқ екен.
Маммологтар не дейді?
Сүт безі әйел психикасының қызметіне тәуелді. Егер тым ашуланшақ, уайымшыл, күйгелек болсаңыз, омырауыңыздың да дерті көбейеді. Сүт безі бала емізу мүшесі ғана емес. Ол көп нәрсеге жауапты. Ең алдымен ол –гормон. Әйел ағзасының падишасы. Гормондық ауытқушылық болса тек омырауыңыз емес, ағзаның көп мүшесі зардап шегеді. Мәселен, бүйрек үсті безі, бауыр, асқазан-ішек жолдары, қалқанша безі, буындар мен орталық жүйке жүйесі қалыпты жұмысынан жаңылады. Сондықтан маммологтар ең алдымен әр әйел сабырлықты үйренуі керек дейді. Жаны тыныш таппаған әйелдің емшегі сыздайды. Түйін пайда болады. Үрпісінен түрлі сұйық бөлінеді. Ал бұл белгілер сүт безіндегі белгілі бір өзгерістің орын алғандығы. Мұндайда көп уақыт созбай дәрігерге көріну керек. Кез келген күйзеліс, уайым сүт безінің қызметіне әсер ететіндігін ұмытпау керек.
Сұлулықты кім құп көрмейді? Әйтсе де сұлулықтың кілтін пышаққа түсу арқылы іздеген жөн емес шығар. Әлемде бірде-бір дәрігер жасайтын отасына 100 пайыз кепілдік бере алмайды екен. Сол секілді әрбір пластикалық операция үлкен тәуекел деуге болады. Сондықтан, мүмкін болса табиғи сұлулығыңызды сақтаған жөн!