Табыстың көзін тапқан әйелдер бас қосты
Қазіргі таңда бизнестің көзін ерлер ғана емес әйелдер қауымы да тауып жүр. Кәсіпкерліктің дәмін татқан нәзік жандылар Мақтаарал ауданында да баршылық. Таяуда мұнда "Әйел және бизнес" атты облыстық іскер әйелдердің форумы өтті.
Кәсіпкерлік саласын дамытудағы маңызы бар жиынға аудан әкімі Б.Асанов, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Түркістан облыстық филиалының директоры Д.Абсаттаров және "Атамекен" ҚРҰ кәсіпкерлік палатасына қарасты Түркістан облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы мен басқа да мүшелері, ауданымыздың белді кәсіпкер әйелдері қатысты.
"Кәсіпкерлік саласы - мемлекетті дамытудың локомотиві десек, Мақтаарал ауданында осы саланы дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Ауданымызда 9543 кәсіпкерлік бірлік тіркелген: оның ішінде 1383 дара кәсіпкер, 7854 шаруа қожалық бар. Іскер әйелдерге қолдау көрсету және олардың бизнес саласындағы мақсаттарының орындалуына қолайлы жағдайлар жасау арқылы Мақтаарал ауданының экономикасын дамытуға үлес қоса беретіндеріңізге сенімім мол" – деді жиынды ашып берген аудан әкімі Бақыт Насырханұлы.
Жалпы жыл басынан бері аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен «Атамекен» ҚРҰ кәсіпкерлік палатасының Мақтаарал аудандық филиалы ауылдық округтерде бірнеше рет семинар ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарға кәсіпкерлерге арналған бағдарламалардың тетіктері бойынша түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізген. Мамандардың айтуынша 150 азаматқа кәсіпкерлік саласы бойынша кеңес беріліп, 4 кәсіпкерге заңгерлік қолдау көрсетілген. Қазіргі таңда «Бастау бизнес» бойынша 45 азамат оқытылуда. Барлығы 199 азаматқа кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолдау көрсетіліпті.