Мал бордақылап, сүт сауады
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында елімізде ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жүрген кез-келген азаматқа мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер жетерлік. Мал шаруашылығы – табыстың көзі екенін білетіндер осы салаға жанын салып, еңбегінің жемісін көріп келеді. Түркістан облысы, Сайрам ауданы ет өндіруден республикада көш бастап тұр.
Ауданда өндірілетін ет өнімдері бүгінде республикамыздың барлық облыс, қалаларына тарайды. Соңғы жылдары ауданда мал шаруашылығы, ет өндіру жағынан Қарабұлақ, Манкент ауылдары көш бастап келсе, қазір мал шауруашылығымен айналысатын ауылдардың қатарында Көлкент ауылының да аты аталып жүр. Осы ауылдың «Шапырашты» шаруа қожалығында барлық қолайлы жағдай жасалған «Дария-Лидер» ауылшаруашылық серіктестігін көпшілік жақсы біледі. Құрылғанына бес жылдан асқан серіктестікте бүгінде мыңнан астам жылқы, 500-ден астам ірі қара бордақылануда. Сонымен қатар елуге жақын сиыр сауылып, оларға арнайы күтім жасалады. Жеке кәсіпкер Дархан Тілеубеков жетекшілік ететін бұл серіктестіктегі ірі қара мал негізінен Алматы мен Жамбыл облыстарынан әкелінген «швед» тұқымына жатады. «Мал шаруашылығы біздің атадан қалған кәсібіміз, малда береке мен молшылық бар. Ал қазір бұл табыс көзі. Қазір осы саланың игілігін көріп отырмыз. Сауынды сиырларымыздан алытан сүт көптеген шығындарымызды өтеп отыр»,- дейді кәсіпкер Дархан Тілеубеков.
Мұнда 10 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жаз мезгіліне жақын 70-80 азамат уақытша жұмысқа орналасады екен. Кәсіпкер алдағы уақытта мал санын көбейтіп, жіп шығару цехын ашуды көздеп отыр. Мақсаты жүзеге асса алдағы уақытта мұнда 10-ге тарта адам жұмыспен қамтылатын болады.