«Бозінген» - ауданға түйені жерсіндірген жалғыз шаруа қожалығы

Oinet.kz 24-11-2024 48

image.png

Жоғары сапалы, экологиялық тұрғыдан таза және бәсекеге қабілетті өнімді яғни, ет, сүт және жүн өндірудің қосымша қоры бар мал шаруашылығының дәстүрлі саласының бірі – түйе шаруашылығы. Қазақта «Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы» деген сөз бар. Демек, ата-бабамыз түйені қасиетті мал санаған. Сондай-ақ, еті мен сүті әрі тағам, әрі шипалы дәру, жүні киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің төресі деуі де тегін емес. 

XX ғасырдың 60 жылдары Қазақстан түйе шаруашылығы бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда болды. Дүниежүзі бойынша түйе шаруашылығындағы механикалық түрде сауу ғылыми мақалалары алғаш Қазақстан террирориясында жарыққа шыққан болатын. Өкінішке қарай, кейіннен бұл  саланың дамуы тоқырап қалды. Тәуелсіздік жылдарынан кейін үкімет ауылшаруашылығы саласын дамытуға шындап кіріскеннен кейін түйе шаруашылығына қан жүгіре бастады. Соңғы жылдары түйе шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының да саны артуда. Қазіргі таңда елімізде негізінен түйе шаруашылығымен Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан  облыстарында айналысады.  Түйе және түйе тұқымдас басқа жануарларды өсіруде негізгі капиталға инвестициялардың ең көп көлемі Түркістан облысына  тиесілі. Өткен жылы  бұл салаға 70,3 миллион теңге инвестиция тартылған. 

 Ойсылқара тұқымын өсіруге климаты қолайлы болмаса да Сайрам  ауданында түйе шаруашылығын қолға алған кәсіпкер бар. Төрт түліктің төресін баптап, мал басын көбейту оңай шаруа емес. Десе де, қажырлы еңбекті қажет ететін жұмысты жүзеге асырған шаруа Әбілқасым Мұстафаев. Қазіргі таңда «Бозінген» шаруа қожалығы  түйе шаруашылығын қолға алып, сүтті бағытты дамытып отыр.

Түйе шаруашылығындағы ең басты қиындықтың бірі – өркешті жануарды жерсіндіру. Бота кезінен бапталып, өлкеге үйренбесе, үлкен мал өскен жеріне қайтып кететіні бар көрінеді.      «Қой – мырзалық, жылқы – сәндік, түйе – байлық» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Әбілқасым Мұстафаев  шаруаны бүгінде отбасылық кәсіпке айналдырып отыр.  

Қожалық иесі  түйелерді Түрікменстаннан 2003 жылы әкелген. Отбасылық кәсіппен 5 шақты адам айналысады. Бүгінде 40-тан астам мал басы бар. Күніне 160-170 литр сүт сауады. Әр литрін 1000 теңгеден саудалап отыр. Жылына 50 тоннадан аса түйе сүтін өндіреді. Жем-шөп мәселесі шешілген. Жайылым жері де бар. Алдағы уақытта мал басын көбейте түсіп, өнімді түрлендіруді жоспарлап отыр.

Шаруа алғашқыда кәсібін 2-3 түйеден бастапты. Кейін бұл малдың пайдасы зор екеніне көзі жеткен соң, он шақты түйе сатып алған. Қазір оның қарасы 40-қа жетіпті. Төл есебінен көбейіп жатыр. Түйе мінсең көлік, еті азық, шудасы киім, шұбаты ем төрт түліктің төресі. Етін сұраныс бойынша базарлар мен дүкендерге, ал кез-келген ауруға ем шұбатты ауыл тұрғындары жиі алып  тұрады дейді кәсіпкер. «Түйелерді жылда ауыстырып сауып отырамыз. Мысалы 14 түйе биыл сауылса , қалғаны келесі жылы сауылады. Үш мезгіл таңертең, түсте, кешке сауылады. Сұраныс өте жақсы. Әсіресе тұрғындар емдік мақсатта сатып алып жатады. Кейбір ауруынан айыққан жандар келіп алғысын айтып кетеді»,- дейді шаруа қожалығының төрағасы.

Бастапқыда құмды әрі шөлді жерде тіршілік ететін түйені Сайрам ауданы Қасымбек Датқа ауылына әкелген кезде ауыл адамдары кәсіпкерге таңдана қараған екен. Тіпті мұнда түйе өсіруге болмайды, жерсінбейді дейтіндер де аз болмапты. Алайда шаруа сол сөзді теріске айналдырып, түйені мұнда да көбейтуге болатынын іспен дәлелдеп отыр. 

«Түйе шаруашылығы біздің ауданда жоқ. «Бозінген» аудандағы  жалғыз түйе бағып отырған шаруашылық болып табылады.  Әбілқасым ағамыз отыз жылдан бері осы кәсіппен айналысып, ауылға еңбегі сіңіп, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр»,- дейді ауыл әкімі. 

Түйе түлігі негізінен жайылымда бағылып, күтімді, құнарлы азық пен құрылысы күрделі, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылығы малдарымен салыстырғанда, тиімді сала болып табылады. Шөл және шөлейтті жерлерде апталап су ішпей, ащы шөп¬термен қоректенетін түйелерге айтар¬лықтай бап та керек емес.

Шаруашылық иесі Әбліқасым Мұстафаевтың арғы бабалары түйекеш болған. Ғасырлар бойы ойсылқара төлін өсіріп, қасиетін сезінген әулет. Бүгінде Әбліқасым ағамыз атадан қалған тұяқты көбейтіп қана қоймай өркешті жануарды асылдандыруды қолға алған. Болашақта шұбаттан түрлі өнім шығаратын цех ашуды жоспалап отыр. 

Түйесі бардың киесі бар деп бекер айтылмаған. Қазір де шұбаттың мыңда бір дертке шипа екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Осы орайда кәсіпкер түйе сүтінің адам саулығына пайдасын атап өтті. «Тек ас орнына пайдалана отырып, ем қабылдаған адамның организміндегі оңалу тез арада байқалады»,-дейді шаруа. Ал, бүгінгі таңда түркімен тұқымды түйелерден 7-8 литр сүт алынады екен.

«Адам организмінде мұндай осыншама құнарлы, пайдалы сүт өте кем. Әсіресе, түйенің сүті  бауыр, асқазан ауруларына өте пайдалы екен. Бұл жерде бір айта кететіні сүтті  ас емес дәрі қылып ішсең керемет пайдасы тиеді»,- дейді түйе шаруашылығын бес саусағындай білетін азамат. 

Жалпы жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Түйе сүтінің маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл – мың да бір ем. Сондай-ақ, шұбат адамның иммунитетін көтереді.

Жалпы алғанда 2 жылда бір төлдейтін түйе, орта есеппен 25 жыл өмір сүреді екен.Әлемде түйе сүтін өндіру — перспективалы бағыттардың бірі. Қазақы түйе сүтінің сапасы мен майлылығы жоғары екенін тіпті шетелдік мамандардың өзі мойындады. Соңғы жылдары Қазақстанда да құрғақ түйе сүтін шығаратын шаруашылықтар пайда болды.  Атап айтқанда, республика бойынша түйе сүтін өндірумен 200-ден астам шаруашылық айналысады. 

Адам ағзасына тез сіңетін түйенің еті аса құнарлы, онда бірқатар пайдалы элементтер бар. Амин қышқылдары мен ақуыз құрамы бойынша сиыр етімен бірдей. Түйе етінің диеталық тағам, дертке дауа екені анық. Қазақстанда жылына 6,7 мың тонна түйе еті өндіріледі. Түйе сүтімен салыстырғанда, түйе етін өндіру экономикалық тиімділігі жағынан өте төмен, себебі, түйенің етін тұтынатындар саны аз. Сондықтан Қазақстанда түйе шаруашылығында негізінен сүт өндіру бағытына басымдық беріледі және түйе еті экспортқа шығарылмайды.

Түйе малынан алынатын бағалы өнімнің бірі — оның жүні. Түйенің жүні мен түбіті шетелдік өнеркәсіптерде жоғары бағаланатыны белгілі, әсіресе, түйе жүнінен жасалған көрпелер жылуды жақсы сақтайтын болғандықтан, жоғары сұранысқа ие.

Ауыл шаруашылығына серпін берген бағдарламалар аясында отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқыға қора толып, ет, сүт өнімдері де экспортқа шыға бастады.  Сол секілді түйе шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары қарастырылған.  Мемлекеттік қолдаудың арқасында түйелер де өріс алып келеді.

 Ал ауыл-аймақтарда  түйе шаруашылығын дамытып отырған Әбілқасым Мұстафаев секілді кәсіпкерлер бар кезде шөлейт және шөл даланың кемесі түйе – түлік төресі мәртебесін жоғалтпайды деген ойдамыз.

Айтпақшы, БҰҰ-ның қарамағындағы Азық-түлік және Ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО)  2024 жылды Халықаралық Түйе жылы деп жариялаған екен. Осылайша ұйым түйе шаруашылығының әлеуетіне назар аударып, оған жасалатын инвестицияларды арттырғысы келеді. 

Ауыл шаруашылығы өнімінің 57 пайызы мал шаруашылығында өндірілді
Мал бордақылап, сүт сауады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу