Ауыл шаруашылығы өнімінің 57 пайызы мал шаруашылығында өндірілді
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аудан, ауыл әкімдерінің міндеті екені белгілі. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері, оны дамыту үшін басшылар пайдаланылмай жатқан егіс алқаптарын іске қосуды, суармалы жер көлемін арттыруды, қарқынды бау-бақша шаруашылығын дамытып, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуды қадағалауы қажет. Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы Манкент ауылында С.Авчиевтің жетекшілігімен «Құрбантай ата» мал шаруашылығы бүгінде қарқынды жұмыс атқаруда. Шаруашылық өз жұмысын 2013 жылы бастаған. Әу баста қол астында тек он бас бұқа мен алты сауын сиыр ғана болған. Мал шаруашылығының қыр сырын жете білгендіктен әрі жаңа үрдістерді игерген шаруа тынымсыз еңбектің арқасында бүгінде шаруашылықта мың басқа жуық ірі қара бар. Мал шаруашылығымен айналысқан адам ғана оның қиындығын біледі. Мал басы өздігінен өспейді. Мал бағу, азық-түлік дайындау, қораны ретке келтіру оңай шаруа емес. Мал басын көбейту үшін көптеген қорлардан қолдау іздеді. Жылдық пайызы жоғары несиелер тиімсіз болды. Ақыры олар мемлекеттің көмегін пайдалануға шешім қабылдады. Мемлекеттің қолдауының арқасында салмағы тез өсетін абердин-ангус сиырларын өсіруді бастау мүмкіндігі туды. Сиырлардың бұл тұқымы жоғары өнімділігімен, сүтінің сапасымен ерекшеленеді, сонымен қатар күтімге үлкен шығындарды қажет етпейді. Мал бордақылаудың да өзіндік қиындықтары бар. Мал азығынан бөлек оларды түрлі аурулардан сақтау шаруасы тағы бар. Мысалы, сиырлар 40 түрлі аурумен ауырады. Сондықтан малды бордақылау – біршама шығынды кәсіп. Шаруашылықтың жеке мал сою алаңы бар. Ірі қара малдың еті жан-жақты зертханалық тексеруден өткеннен кейін ғана сатылымға шығарылады. Өндірістік кооператив бүгінде қазақстандықтарды ет-сүтпен қамтамасыз етіп, өнімді облыс базарларына ғана емес, Алматы қаласына да жөнелтуде. Болашақта шетелге де экспорттау жоспарлануда.
Аққала елді мекенінде «Шерзад-1» шаруа қожалығы жұмыс істеп келеді. 2000 жылы негізі қаланған қожалық ірі қара малын өсірумен айналысады. Бүгінде қожалықтың меншігіндегі мал басы саны 120-дан асып жығылады. Мекеме басшысы шаруашылық ауқымын тағы да кеңейте түсуді жоспарлап отырғанын айтады.
«Мен бұл шаруаны екі сиырмен бастағанмын. Алдымен өсіріп, семіртіп біреуді екеу ету үшін жас танашықтарға ауыстырдым. Малдың басы құрала түскеннен кейін мемлекеттік бағдарламамен кәсіпкерлерді қолдау бағыты бойынша көмек алдым. Бұл да шаруамның ілгерілеуіне үлкен септігін тигізді. Мал басы санын арттыра түскім келеді. Бірақ, техника жеткіліксіз, енді мемлекеттік қолдаудың арқасында осы қажеттілікке қол жеткізіп алуды көздеп отырмын», – деді Шухрад Абдукаримов.
Қазіргі таңда қожалық сүт өндіруді де қолға алған. Күніне 2 тонна сүт өндіріп, «ФудМастерге» өткізіп келеді. Мұнда 80 мен 150 мың теңге аралығындағы жалақымен 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бүгінде бұл кәсіпкердің атқарып отырған жұмысы көпшілікке үлгі болып отырғанын айтады аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары. Мәселен, Зәуре Сансызбаева үйінде 5 сиыр байлап бағып отыр. Одан күн сайын 70-80 литр сүт алып, дүкендер мен сүт өңдейтін цехтарға өткізіп келеді. Бүгінде шаруа кәсібінің ауқымын кеңейту мақсатында Төлеби ауданынан жер алып, қора соғып мал басы санын көбейтуді жоспарлап отыр.
Ал «Алиқұл ата» шаруа қожалығы болса 420 бұқа сатып алып, бордақылауға қойған.
Манкент ауыл округiне қарасты Аққала ауылында орналасқан «Алиқұл ата» шаруа қожалығында таңның атысынан кеш батқанға дейін қызу тірлік қайнап жатады. Ұзындығы 150 метрлiк стандартты қос қора мал бордақылау үшiн салыныпты. Жем тасыған тракторлардың бiрi кiрiп, бiрi шығуда. Қожалық басшысының орынбасары Дiлшат Юнусовтың айтысына қарағанда мал бордақылау үшiн үкiметтен 7 пайыздық жеңiлдiкпен несие алған. Сол қаржыға «ақбас», «сементал», «герфорд» тұқымдас 420 бұқа сатып алып, бордақылауға қойған. Ерекше күтiмдi талап ететiн бұқалардың күнделiктi жем-шөбiн уақтылы берудi тәжiрибелi мамандар әрдайым назарда ұстап отырады.
Бағымдағы бұқаларға күн сайын салмақ қосу үшiн 60 сығымдалған шөп пен 700 келi жентек жем қайнатылып берiлсе, ай сайын 10 тонна шрот, 30 тонна жентек жем, 30 тонна кебек жұмсалады екен. Барлық зоотехникалық талаптар сақталып, 4 ай бағылған бұқалардың салмағы 270-350 келiге жеткенде етке өткiзiледi. Яғни әр тоқсан сайын 130 тоннадан есептелгенде, жылына 520 тонна ет өндiрiледi деген сөз.
Қазiргi күнi бұл шаруашылықта 11 адам жұмыспен қамтылған. Ауылда Семей малдәрiгерлiк-ветеринарлық институтын бiтiрiп келген жоғары бiлiмдi, 22 жыл еңбек өтiлi бар малдәрiгерi Айдар Маликов пен көмекшiсi Ұлықбек Балтаходжаев өз iсiнiң нағыз шеберлерi саналады. Атшаптырым мал қораның айналасы тап-таза, көлденең жатқан шөп-шалам да байқалмайды. Барлық жерде – тазалық пен тәртiп. Талапқа сай бордақыланған бұқалар Сайрамдағы құшқанада сойылып, етi Алматыға жөнелтiледi. Өйткенi, «Алиқұл ата» шаруа қожалығы өндiрген тәттi ет оңтүстiк астанада да үлкен сұранысқа ие.
Шағын ғана Аққала ауылында 3000 халық бар. Жергiлiктi тұрғындар негiзiнен егiн егумен, мал өсiрумен айналысады. Қарап отырсаң, бұрынғыдай бейсауат, жұмыссыз сенделiп жүрген ешкiмдi көрмейсiң. Кез келгенi бiр-бiр кәсiптi дөңгелетiп отыр. Демек, ынта-жiгер, ниет болса қай жерден де жұмыс табылады.
Аудандағы ірі мал бордақылау алаңдарының бірі – Манкент ауылдық округіндегі "Курвантай Ата" ЖШС. 2014 жылы жұмысын бастаған шаруа қожалығы жылына 300 тоннадан астам ет өндіреді. 2015 жылы мал бордақылау кешенінің құрылысын толық аяқтап, 1 мезетте 700 мал басын бордақылауға қол жеткізді.
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған серіктестік өндірілген мал етін Шымкент, Алматы, Байқоңыр, Қызылорда қалаларына саудаға шығарады. Одан бөлек, ауданда 10-15 бастық 400-ге жуық шағын мал бордақылау алаңы жұмыс істесе, сүт өндіру мақсатында 10-15 бастық 78 жанұялық сүт ауласы құрылды.
Мамандардың дерегіне сүйіенсек ағымдағы жылдың 9 айдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоспарға сәйкес орындалды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы аудан экономикасын дамытып, бюджеттің кірістер бөлігін ұлғайтуда жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Биылғы жылы 9 айда аудан бойынша барлығы 203,1 миллиард теңгеге жалпы өнім өндіріліп, өсім 119,2 пайызды құрады (2023 ж.-9 ай 170,4 миллиард теңге). Жалпы өнімнің 53,5 пайызы ауыл шаруашылығына, 20,2 пайызы өнеркәсіп саласына, 17,5 пайызы сауда, 8,8 пайызы құрылыс саласының үлесінде.
Жалпы өнімнің 108,7 миллиард теңгесі ауыл шаруашылығында өндіріліп, шаруалардың еңбекқорлығының арқасында өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемі индексі 129,8 пайызға артып отыр. Облыстық «Алтын күз-2024» іс шарасында аудан Агроөнеркәсіп кешен көрсеткіштерін орындаудан 1 орынды иеленді. Сонымен қатар, ет өндіруден және қайта өңдеу саласын дамытудан озат аудан атанды.
Бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналған. Ауданда 31 462 гектар жайылым жер бар. Аудан аумағындағы төрт түлік малдың жайылымдық жерлермен қамтылу деңгейін есептегенде, қажетті жайылым көлемі 693,4 мың гектарды құрайды (Мал басына қажетті жайылым көлемі -693,4 мың гектар. Өріске шығатын әр мал басына 9 гектар деп есептелді, 77048 х 9=693 432 гектар).
Аудан бойынша барлығы 9971 гектар жайылым жер қайтарылуы тиіс. Оның 5264 га жер учаскесі (2022ж.-722 гектар, 2023ж.- 4184 гектар, 2024 ж-358 гектар) ортақ жайылымға қайтарылды, 3457 геатар жайылымды қайтаруға сотқа дейінгі келісім рәсімдеу үшін жер иелеріне хабарлама берілді. Биыл 500 гектар жайылымды ортақ жайылымға қайтару жоспарланып, жыл басынан 358 гектар жер қайтарылды. Елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығын жою – басты назарда.
Ауыл шаруашылығы өнімінің 57 пайызы мал шаруашылығында өндірілді. Сайрам ауданы еліміздегі ең ірі мал сою орындары бар өңір. Сондықтан мұнда бұл салаға байланысты біршама үлкен жобалар қолға алынуда. 2024-2025 жылдары мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттарды салу жоспарланып отыр.