Шаруалар 46,4 миллиард теңгенің өнімін өндірді
Саялы Сайрам – Оңтүстістік өңірінің аграрлы, кәсібі дамыған аудандардың бірі. Сайрам – облыстағы ең кіші аудан болғанымен мұнда егін және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Ауыл тұрғындарының дені бос жатпай үй іргесінде аулаға көкөніс егіп, енді бірі жылыжай ұстайды. Енді бірі қорасында төрт түлік бағып, өңірді ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Сайрам ауданының теріс-кейіндегі Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Нұркөл» шаруа қожалығы жыл сайын меже биігінен көрініп жүр. Қожалыққа тиесілі 4650 гектар алқап бар. Оның ішінде егіс алқабы: күздік бидай — 2000 гектар, арпа — 1000 гектар, мақсары — 1000 гектар. Серіктестікте 30-дан астам техника бар, 50 шақты адам жұмыспен қамтылған.
Ауылдық округтің Тоған елді мекенінің аймағында орналасқан қожалықтың диқандары 880 гектарға арпа, ал 900 гектарға бидай еккен. Бір айта кетерлігі, дақылдардың бәрі де тәлімі жерге орналасқан.
Негізінен, шаруа қожалығында 50 адам еңбек етеді. Ал қырман басында 15 жұмысшы жүреді. Олардың басты мақсаты – шілденің шіліңгір ыстығында бір сәтке де еңбек қарқынын бәсеңдетпей, өсірілген өнімді ысырапсыз жинап алу.
«Біз жанар-жағармай жағынан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Алқап төсінде кезінде лизинг арқылы алынған американдық 4 «Джон-Дир» комбайны еңбек көрігін қыздыруда. Бұған қоса «DEUTZ- FAHR» фирмасы арқылы 2 тракторды тіркемесімен алуға қол жеткіздік. Бұл техникалар науқанның ойдағыдай өтуіне септігін тигізіп отыр»,- дейді шаруа қожалықтың басшысы.
Жағдайы жасалған, еңбек өнімділігін арттырудың барлық мүмкіндігі қарастырылған қожалықта науқанға қатысушылар төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Дала қосындағы аспаздардың тіл үйірер асы көңілден шығады. Осылайша, «Нұркөлдің» нұрлы сәттері жақсылықпен жалғасын тауып жатыр. Диқандардың бар мақсаты – ел ризығын шашпай-төкпей қамбаға құйып алу.
Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округі Қасымбек-Датқа ауылында орналасқан «Бозінген» шаруа қожалығы 1989 жылдан бері егін және мал шаруашылығын қатар өркендетіп келеді. Жыл сайын бірінші өнімге мал азықтық дақыл жоңышқа егіп, екінші өнімге тамшылатып суару әдісімен 5 гектар жерге қияр егеді.
Кәсіпкер Әбілқасым Мұстафаев еккен голландиялық қияр сортын аудандағы консервіленген өнімдерді шығаратын кәсіпорын сатып алуда. Одан бөлек, өнім жергілікті сауда орындарында да саудаланып жатыр. Шаруашылықта өнім жинау уақытында 15-20 ауыл тұрғыны жұмысқа тартылады.
Аудан негізінен аграрлы өңір. Егін мен мал шаруашылығы дамыған. Үздік технологияны да шаруалар меңгерген. Мәселен, сайрамдық шаруа Батыр Имамов өз үйінің іргесіндегі 10 соттық жеріне қызанақ, картоп, баялдыр, больгар дақылын екен. Жылына екі өнім алады. Үй іргелік жеріне тамшылатып суару жүйесін енгізген. Үнемді, пайдалы, жер қатпайды, су мен дәрумен — дақылдың түбіне барады. Жүйені орнатуға небәрі 70 мың теңге жұмсаған. Өнімін жергілікті базарда саудалап, жемісін көруде.
Ал Арыс ауылдық округінің шаруа қожалықтары жыл сайын екі рет көкөніс түрлерін егеді. Ондағы мақсат – мол өнім жиып алу. Жаңашыл әдісті тәжірибеге енгізген шаруалар жыл сайын мол табыс алуда.
Бір жерден екі өнім алатын шаруа қожалық басшылары жерлеріне еккен қызанақ, қияр, сәбіз, жүгері, қырыққабат, сарымсақ, пияз, болгар бұрышы, картоп көкөністерінен молынан өнім алуды көздеуде.
Сондай-ақ екі рет өнім алуға қызығушылық танытқан диқаншылар қатары артқан. Олар, өнім көлемін арттыру мақсатында жылда екі рет егетін егін түрлерін жоспарлап отырады. Шаруа қожалық басшылары, бүгінгі күнге екінші өнімге күздік дақылдарын егуді жоспарлауда.
Ал "Ханжук" шаруа қожалығының төрағасы Рүстем Абдурасуловтың аула гүлдерін өсіруді отбасылық кәсіпке айналдырғанына он жылдан асыпты.Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округі Ақсуабад елді мекенінің тұрғыны 2013 жылдан бері 3,30 гектар жерге гүл өсіріп келеді. Жылыжайдағы әр гүлді жеке стақанда өндіріп, сәуір, мамыр айларында сатылымға шығарады.
"Ханжук" шаруа қожалығы өндірген гүлдер еліміздің астанасы Астана қаласынан бастап, Өскемен және Шымкент қалаларының көшелеріне де сән берген. Сондай-ақ, Сайрам ауданындағы білім ошақтарының ауласын көркейту үшін де аталған шаруа қожалығының сан алуан гүлдері сатып алынған.
Жеке кәсіпкер Р.Абдурасулов жайқалған гүлдерді Астана қаласына жүк көлігімен ақысыз жеткізіп берген қайырымды ісімен белгілі. «Көшелерді абаттандыру жұмыстары басталғаннан жылыжайдағы гүлдерімізге көптеген тапсырыстар түсетін. Шымкент, Түркістан қалаларына жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар», -дейді Р.Абдурасулов. "Ханжук" шаруа қожалығы гүлден бөлек, жылыжайда бұрыш өсіреді және 1,3 гектар жерден бір жылда екі рет картоп өнімін алады.
«Арзимат» шаруа қожалығының басшысы Зафар Байметов болса , шаруа қожалық жерінің 0.30 гектар жеріне наурыз айында пияз көшетін отырғызып, 10 тонна шамасында өнім алыпты.
Кәсіптің түр-түрімен айналысатын Қарабұлақ ауылы егін шаруашылығы картоп, қызанақ, қияр сынды көкөніске басымдық беретін. Соңғы жылдары ауылдықтар қауын-қарбыз егу ісін қолға ала бастады. Шағын жерден көп өнім алуға тамшылатып суғару технологиясы себеп болған.
Қазіргі таңда "Ибадулла" шаруа қожалығы 2 гектар жерде жоңышқа мен қарбыз егіп, өз ісін дөңгелетіп отыр. 1 гектар жоңышқасы малға азық, тағы 1 гектар жерден жылына 40 тоннадан 55 тоннаға дейін қарбыз алады.
Аудандағы "Камран" шаруа қожалығы құлпынай, таңқурай, картоп өсірумен және мал бордақылаумен айналысып, өңірдің ауылшаруашылық саласының, экономкасының дамуы мен ауыл-аймақтағы жұмыссыздық мәселесінің оңынан шешілуіне септігін тигізіп отыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері ауданда егін шаруашылығында 46,4 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 61,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Биылғы жылы 52,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар орындалды (24,6 мың га дәнді және бұршақты дақылдар, 6,3 мың гектар майлы дақылдар, 11,6 мың гектар мал азықтық дақылдары, 5,8 мың гектар көкөніс, 3,9 мың гектар жерге картоп). Жыл басынан 35,4 мың тонна ет, 106,5 мың тонна сүт өндірілді.
Аудан аграрлы аймақ болғандықтан ағын су мәселесі өзекті. Коммуналдық меншікте 363 шақырымды құрайтын 47 каналдың 254 шақырымы (70 пайыз) жөндеуді қажет етеді. Биылғы жылы 96 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Облыстық бюджеттен 527,7 миллион теңгеге «Ақбай-Қарасу» каналының 4,8 шақырымына бетондау жұмыстары жүргізілді (2023 жылы-131,8 миллион теңге, 2024 жылы–376,2 миллион теңге). Нәтижесінде 230 гектар егістік жердің су жеткізу қабілеті жақсарды. Сонымен қатар, 8 каналды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық құжаттамалар әзірленуде. (Аламан,Жоғарғы Аққала,Төменгі Аққала,Бауарық,Әсіл,Теспе,Сай, Закира). Бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналған. Ауданда 31 462 гектар жайылым жер бар. Аудан аумағындағы төрт түлік малдың жайылымдық жерлермен қамтылу деңгейін есептегенде, қажетті жайылым көлемі 693,4 мың гектарды құрайды (Мал басына қажетті жайылым көлемі -693,4 мың.гектар. Өріске шығатын әр мал басына 9 гектар деп есептелді, 77048 х 9=693 432 гектар). Аудан бойынша барлығы 9971 гектар жайылым жер қайтарылуы тиіс. Оның 5264 гектар жер учаскесі (2022 жылы-722 гектар, 2023 жылы- 4184 гектар, ағымдағы жылы 358 гектар) ортақ жайылымға қайтарылды, 3457 гектар жайылымды қайтаруға сотқа дейінгі келісім рәсімдеу үшін жер иелеріне хабарлама берілді. Биыл 500 гектар жайылымды ортақ жайылымға қайтару жоспарланып, жыл басынан 358 гектар жер қайтарылды. Елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығын жою – басты назарда.