Сайрамда ТОП-5-ке кіретін мал сою кешенінің әлеуеті жоғары

Oinet.kz 02-12-2024 58

image.png

Қазір елімізде мал шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Мұндағы басты мақсат – мал өнімдерінің көлемін ұлғайту, халықтың сұранысын толық өтеу, оған қоса шетелдерге экспорттаудан пайда табу. Қазақстанның халық саны аз, жер аумағы өте кең. Жеріміздің басым бөлігін шабындықтар мен жайылымдар құрайды. Мал шаруашылығын дамытпайынша, сол жайылымның қызығын көре алмайтынымыз анық. Мал бағу – қазақтың ата кәсібі. Енді осы кәсіпті жаңа заман талаптарына бейімдеуіміз керек. Сонда мыңдаған жыл бойы шұғылданып келе жатқан ежелгі кәсіп жаңа қырынан дами түсетіні анық. Жылдан-жылға саны артып келе жатқан адамзат қауымының табиғи және сапалы азық-түлік өнімдеріне сұранысы да уақыт өткен сайын өсе түсуде. Бұл біздің еліміз үшін зор экономикалық мүмкіндік деуге болады.

Мал өнімдерінің экспорты дегенде, алдымен ауызға сиыр еті ілігеді. Себебі сиыр етін өткізу нарығы жылқы мен қой етіне қарағанда, әлдеқайда ауқымды. Көршілес Ресейдің өзі жылына жүздеген мың тонна сиыр етін шетелдерден сатып алып отыр. Сиыр етін бүкіл әлем халқы тұтынады. Сондықтан оны экспорттауды дамыту бағытында елімізде шетелден асыл тұқымды сиырлар әкеліп, ірі қараның сапасын арттыру, сол арқылы ет экспортын санаулы жылдарда 60 мың тоннаға дейін жеткізу жөнінде ірі бағдарлама қабылданған болатын. Отандық асыл тұқымды ірі қара туралы айтқанда, алдымен 1930 жылдардан бастап өсірі¬ле бастаған қазақтың ақбас сиыры еске түседі. Ақбас сиыр – Қазақстанның мал шаруашылығы¬ның брендтерінің бірі. Асыл тұ¬қым¬ды ірі қара ішінде ең кең тарағаны да, шаруашылықтарға көбірек пайда әкелгені де – ақбас сиыр. Ақбас сиыр басын көбейтіп, етін экспорттау мал шаруашылығын дамыту бағыт¬ына да сай келеді. Бордақылау алаңдары ет өндірісінің технологиялық тізбегінің негізгі қатысушыларының бірі болып табылады және елдің ет индустриясын дамытуда маңызды рөл атқарады.  Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытудың ұзақ мерзімді жоспарларына байланысты қолда бар өндірістік қуаттарды жаңғырту және мал өсіру мен бордақылауға инвестициялар салу қажеттігі туындайды.

Аграрлық салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында мал шаруашылығы тұрақты даму үстінде. Еліміздегі ірі қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 19 пайызы, өндірілген еттің 11 пайызы, сүттің 13 пайызы өңірдің үлесінде. Бүгінгі таңда облыста 1 млн. 120 мың бас ірі қара мал, 5 млн. 34 мың бас қой, 474,7 мың бас жылқы, 43,9 мың бас түйе, 2 млн. 167 мың бас құс бар.

Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізіп отыр. Облыста жалпы 9183 ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде, 400 бастан — 1000 басқа дейін 13 бірлік, 1000 бастан жоғары 22 бірлік мал бордақылау алаңында 35 мың бас ІҚМ бордақылануда.

Ет экспортын арттыруда Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, 8 айда «Тұран Агро Ет-Сүт» АШӨК-і 3500 тонна сиыр етін және 1560 тонна қой етін Өзбекстан еліне экспорттаса, «Қайып ата» ЖШС 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін Өзбекстанға, 118 тонна қой етін Иранға экспорттады.

Қайнарбұлақ ауылдық округі Қасымбек Датқа ауылында орналасқан «Қайып ата» шаруа қожалғы ат  шаптырым аумақты алып жатыр. Қожалық жалпы 80 гектар жерде орналасқан. Мұнда жалпы 10 қоражай салынған. Әрқайсысының ені 40 метр, ал ұзындығы 180 метрді құрайды.  Қазіргі таңда қораларда 17 мың бас бұқа бағылуда. Олар 4-6 ай бордақыланып, әрмен қарай мал сою алаңына жіберіледі. Сойылған мал еті әрмен қарай тұтынушыларға жеткізіледі. 

Өнімдері  шетел асып жатқан  шаруа қожалығы  саялы Сайрам жерінде 2011 жылы құрылған болатын.Әрине мұндай ірі қожалықтың бастамасы кішкентай ғана бизнестен басталғаны анық. 

«Жалпы мал шаруашылығымен 2007 жылдан бері айналысып келемін. Алғашқыда 2-3 бас малдан бастаған болатынбыз.  Үйде бағып, семіртіп, қалаға әкеліп ресторандарға етін сатып дегендей. Кейіннен осы саланы тереңірек зерттей келе мал бордақылау алаңдарын салдық»,- дейді «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаев. 

Мұнда шамамен 40 адам жұмыс істейді.  «Қайып-Ата» кәсіпорны «Қазақстанның Ет одағының» мүшесі, «Nurym Group» ЖШС құрамына кіреді. Етті өңдеу және консервілеу, ірі қара мен буйвол өсіру, көкөністер мен жемістерден басқа азық-түлік тауарларын сақтау, ветеринарлық қызмет секілді бағыттары бар.

Мал  бордақылау кешенінде 15 мың басқа арналған бордақылау алаңы, шоғырланған жем өндіруге арналған жем цехы, тоңазытқыш және сою цехы кіреді. Сиыр еті, жылқы еті, қой еті халал және HASP стандарттарына сәйкес өндіріледі. Осы жобаға «Қазақстан Халық Банк» АҚ ОҚФ-нан құрылыс жұмыстарына 231 миллион теңге, құрал жабдықтар алуға 115 миллион теңге несие қаржы алынып, бүгінде белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Сондай-ақ  «Бизнестің жол картасы 2020» субсидиялау бағдарламасы демеу болған. 

Кешенде қазір 10 қоражай салынған. Оның 5-еуінде өгіздер қазақы тәсілмен бағылса, қалған 5 қоражай түркі техноолгиясы бойынша салынған. Кәсіпкер бұл кешенді ашпас  бұрын  көп ізденіп, мал шаруашылығымен айналысатын шетелдік бернеше қожалықтарды, ірі фермаларды аралап, жұмыстарымен танысып қайтқан.  «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқа¬лардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі. Өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігін пайдалануымыз қажет. Осы орайда біз мал сою цехын ашар алдында шетелдерді аралап, осы саладағы озық технология¬лармен таныстық. Еліміздің өнімін экспортқа шығаруды көздедік. Көрген-үйренгенімізді, ізденістен түйгенімізді сараптап, өз цехымызда қолдандық. Нә¬ти¬жесінде, ет өнімдерін экс¬порт¬қа шығарудамыз. Қатар елінің ет өнімдерін дайындау және экспортаумен айналысатын ең ірі «Widam Food Company», «KOWKABET ALSHARQ» компанияларының басшыларымен кездесіп, компания жұмысымен танысып қайтқан болатынмын. «Widam Food Company QSC» – Қатардағы ең ірі мал жеткізушісі және балғын, салқындатылған және мұздатылған ет өндірушісі. Қатар нарығына тек ең балғын, ең сапалы ет жеткізуші. Осыған дейін Қатардағы ет жеткізу тізбегі дұрыс әртараптандырылмағандықтан, бұл азық-түлік қауіпсіздігіндегі ықтимал қауіптерге әкелді. Бүгінгі таңда компания ауыл шаруашылығына инвестиция салу, жергілікті өндірісті қолдау және стратегиялық халықаралық серіктестік арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары сапалы ет жеткізуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Компания 2004 жылы қарапайым мақсатпен жұмысын бастаған. 

Ал «KOWKABET ALSHARQ» серіктестігі – Таяу Шығыс елдеріндегі бөлшек сауда орындарына ет (қой етін) жеткізуші. Сонымен қатар Америка мен Еуропаның біраз шаруа қожалықтарының жұмысын зерттеп, танысып қайтқанмын. Түбі бір Түрік еліне де барып, ол жақтың мал шаруашылығы саласын да зертттедік. Бірер жыл бұрын Австралияға барып келдік. Австралия әлемдегі  мал шаруашылығы дамыған ең алпауыт мемлекет. Ол елде бір мезгліде 10 миллионға жуық ірі қара мал бордақыда тұрады екен. Қазақстан , яғни біз де соған жетуіміз керек, еңбектенуіміз керек. Еліміздің мүмкіндігі жетеде деп есептеймін. Ол жақтың мал асырау тәсілі, ет өңдеу саласы өте керемет дамыған.  Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес»,- дейді кәсіпкер.

  Атакәсіпті қолға алған Сырым Махамбетұлы осылайша шартарапты шарлап, соңында Түркияның тәжірибесін қолдануды шешеді. «Америка, Еуропа болсын көптеген мемлекеттер бордақыланатын ірі қара малды піштіреді. Ал піштірілген малдың еті басқаша болады, майлы келеді. Мұндай етке біздің нарықта сұраныс жоқ. Тіпті оны  Өзбекстан да алмайды. Сондықтан ол елдердің тәжірибесінен мұны ысырып тастадық та, түрік бауырларымыздың технологиясын таңдадық. Себебі олар малды піштірмейді. Қазақтар ежелден өгізді  байлап баққан. Түріктерде де солай болған. Десе де олар бұл саланы жетілдіріп, дами келе кейінгі кездері байламай, еркін жіберіп баққан. Міне, бұл тәсіл біздің оң жамбасымызға келіп, осы технологияны өзімізде ендірдік»,- дейді қожалық басшысы.

 Мұнда қазақы тәсілмен бағылатын өгіздер байлаулы тұрады. Себебі олар бос болса бір-бірін жарақаттап, зиян келтіруі мүмкін. Ал түрік тәсілімен бағылатын өгіздер әр қоршауда 7 өгізден қамалады, бірақ байланбайды және олардың мүйізі болмайтын көрінеді. Бос жүруінің себебі олар бір-біріне зиян келтірмейді. Мұның сыры олар аз уақытта бір-біріне «бауыр басып» қалатын көрінеді. Тек ақырда жем үзілмесе болды. Егер жемдері таусылса өгіздер «мінез көрсете» бастайды екен. Мұндай еркін жайылып бағылған малдың еті  де сапалы болатын көрінеді.

Кешен иесі малды еліміздің Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстаннан сатып алады. Алты айлықтан жоғары өгіздерді алып, осында қораларға жібермес бұрын сорттайды. Яғни олардың жасына қарап «тетелестерді» бір қораға жібереді. 

Қожалықта санитарлық тазалық талаптары қатаң сақталған. Сатып алынған мал бастары міндетті түрде алдымен бір ай карантинге қойылады. Бұл уақытта мамандар оларға тиісті екпелерін салып, жағдайларын бақылайды. Содан соң ғана қоражайларға жіберіледі. Мұнда тұрақты түрдем4 ветеринар мамандары қызмет етеді. Олар күн сайын барлық мал басын бір тексеріп, бақылап шығады. 

Қоражай алып болғанымен жұмысшы саны аз. Себебі мұнда барлығы автоматтандырылған. Малдың астын да автоматты құрылғы тазалайды. Су да ыдыстарға автоматты түрле өзі құйылады. Ал жем-шөпті арнайы  көлік ақырларға төгіп береді. Күніне 2 мезгіл жем беріледі. Жұмысшылар тек соның барлығын қадағалап жүрсені болғаны. Мұнда 5 қораға небәрі 2 қызметкер қарап жүреді. 

Қоражай өгіздерге  жайлы етіп салынған.  Кең, биік әрі жарық. Қыста жылуды ұстап тұру үшін терезелерге арнайы перделер орнатылған.     Перделер  арнайы Германиядан алынған. Өзі автоматты түрде ашылып жабылады. Бұл пержелер қыстың күні қатты желден, бораннан сақтау үшін қойдық. Перде 15 пайыз жел өтеді. Яғни ауа кіріп тұру үшін. Негізі мұндағы  бұқалар суыққа төзімді, жергілікті климатқа жерсінген. 

Бұқалардың қасынуы үшін қораларда  массажды щетка қойылған. Оның екеуі Қытайдан алынса, біреуі Түркиядан келіпті. Мамандар бұл құрылғының әзірге малға пайдасы бар-жоғын бақылап жүр. Егер пайдасы болса түгел орнатамыз дейді.  

Кәсіпкер мал бордақылауға байланыс¬ты өзінің бірнеше кеңесін де айтып өтті. Мәселен, малды базардан сатып аларда әуелі оның тұқымына қарау керек. Ірі қараның ішінде қазақтың ақбас тұқымды бұқалары күнгейдің климатына төзімді келеді, әрі жем жегенде азық таңдамайды, соның есебінен тез қоңданады екен. Содан соң малдың тұратын асты құрғақ болған жөн. Сондықтан еденді ағаш тақтайдан жасаған абзал. Сонымен бірге, қыста малдың үстіне күннің көзі түсіп тұруы керек. Ол үшін қораның шатырын «Қайып ата» ЖШС-нің үлгісі бойынша төбеден күн түсетіндей етіп жабу қажет. Қора жылы болса, мал да жылдам семіреді. Ал, суық қорада тұрған мал жаурап, көп жем жесе де қоңы көтеріле қоймайды. 

Жоғарыда атап өткеніміздей қораның асты автоматты құрылғымен тазаланады. Малдың нәжісі бір жылға есептелген үлкен бассейнге жиналады. Себебі ол да кәдеге жарайды. Кәсіпкердің айтуынша малдың тезе нағыз табиғи тыңайтқыштың көзі. Сондықтан оны жақын маңдағы егістік алқабының иелері сатып алатын көрінеді. Сондай-ақ бизнес иесінің өзінің де егістік алқабы бар екен. Біраз бөдігін сонда қолданады. Айтуынша алқапқа арпа, бидай егеді екен. 

 «Біз сұранысқа сай жұмыс істейміз. Қазіргі таңда ет өнімдерін үлкен көлемде  Өзбекстанға экспорттап отырмыз. Ақ мөлшерде ішкі нарықты қамтимыз. Сұранысқа бацланысты кейде күніне 200 бас мал сойылады. Яғни күніне 17 тоннадан бастап, кейде 32 тоннаға дейін жетеді. Бір бұқа бізге 250 келі салмақта келеді. Оны біз жемдеп, 500 келіге дейін жеткіземіз»,- дейді «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаев.

  Бордақыланатын мал етінің сапалы болуы әрине оның жем-шөбіне байланысты. Сондықтан мұнда олардың азықтарына жіті көңіл бөлінеді. Кешенде алып жем сақтайтын қойма бар. Барлық азық осында сақталады. Қойманың іші кең , ең бастысы құрғақ. Малға азық рационын әзірлейтін арнайы мамандар бар екен. Олар күн сайын жемге шөбін, кебегін тағы да басқа ингредиенттерін мөлшеріп қосып беріп дайындап отырады. 

 «Жем-шөпті Қазақстаннан сатып аламыз. Өзімізде жарты жылға дейін бордақылап, сосын оны шетелге экспортқа шығарамыз.  Ішкі нарықты толық қамтып қойғанбыз. Толық қамтылғаннан кейін барып біз экспортқа шықтық. Шикізат күйінде емес. Өндіріс. Еттің өзін тазалап, сол күйінде экспортқа шығарып жатырмыз. Енді ішкі қалдықтарын бәрін тереңдетіп өңдеп, Қытай нарығына шығаруға дайындалып жатырмыз. Біз өнімде экспортқа шығаратын елдердің тағамтану мәдениетін зерттеп, талапқа сай өнімдерді жіберуге басымдық берудеміз. Көптеген ауылдардан, тіпті өзге облыстардан келіп мал шаруашылығы бағытын¬да кәсіпкерлікті мең¬геруге қызығушылық танытушы¬лар көп. Олар¬дың оқып-үйренуіне барлық жағ¬дай жасаудамыз және тегін. Яғни бізде кәсіпкерлік мектебі жұмыс істеуде», дейді Сырым Ертаев.

Аспан асты елі ірі қараның ішкі органын ет құнынан 2 есе қымбатқа сатып алуға дайын. Қазір асыл тұқымды мал бордақылап, етін экспортқа шығарып отырған шаруа енді сойылған малдың бас-сирағы мен терісін де кәдеге жаратуды көздеп отыр. Ішек-қарын өңдейтін жаңа зауыт келер жылы іске қосылады деп жоспарланған. «Қытайдың қазіргі сұранысы тек етке емес, біз қазір сата алмай отырған, құны өте төмен болып тұрған ішек-қарындар. Малдың ішкі органдары 2-3 есе қымбат бағамен Қытайға кететін болады. Ол тек қана шикізат күйінде кетпейді, қазіргі таңда біз қытай компаниясымен бірлесіп аштық. Үлкен цехтарын әкеліп қойдық. Олар 30 мың шерты метрге үлкен цехын соғады. Ішек-қарын терең өңделіп, өнім ұзақ мерзімге жарамды болады. Ашып жей беретіндей, кішкентай ыдысқа салынып, Қытайға шығаратын болады»,- дейді ол. 

. Қытай нарығына шығуды көздеген кәсіпкердің айтуынша, бұл жоба экологиялық жағынан да тиімді. Себебі Сайрам ауданында күніне мыңдаған бас мал сойлып, жүздеген тонна ет өндіріледі. Ал сойылған малдың ішек-қарнын ешкім алмайды. Көбі қоқыс полигонына тастайды. Қалдық қоршаған ортаны ластаса, жағымыз иіс қолқаны қабады. Жоба жүзеге асқанда өңірдегі бірнеше мәселе шешімін таппақ. «Даму» қоры өңірде осындай ерекше жобаларды қаржыландыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келеді. «Көбінесе бізде өңдеуші өнеркәсіп, медицина, білім беру саласы, жүк тасымалдау, тағы да басқа бизнестің түрлеріне қолдау көрсетеміз. Биылғы жылдың басынан бері субсидиялау құралы арқылы біз 271 жобаны, жалпы несие көлемі 25 млрд теңгеге қолдау көрсеттік»,- дейді Қаржы институтының директоры Мұқасан Қаңлыбаев. 

 Ал «Қайып атаның» мал сою алаңының өзі бір әлем секілді. Бекет  тәулігіне 400 мал союға қуаты жетеді. «Біз Қазақстан бойынша топ-5 мал сою бекеттерінің қатарына кіреміз. Мен осы жерде малдың сойылуынан бастап клиентке жетуіне дейін жауап беретін маманмын. Бұрындары тұтынушыларға етті туша күйінде жіберетін едік. Енді қазір тұтынушы қай бөлігін қалайды сол жерін кесіп туралап береміз. Қажет болса тартылған ет күйінде де жасап береміз.  Жалпы мал сойылғаннан кейін бірінші салқындатылады. Кейін мұздатылады. Тұтынушыға жеткенше етті орап береміз. Ол орауыш ішіндегі бүкіл ауасын сорып тастап мұздатып тұады. Осылайша өнім қажет жеріне балғын күйінде жеткізіледі. Тасымал жағы да жолға қойылған. Барлық көліктеріміз мұздатқышпен жабдықталған»,- дейді Әділет. 

 Жұмысы қайнаған, өндірісі жолға қойылған кешенде қызметкерлерге жоғары дәрежеде жағдай жасалған. Шаруа қожалығы ауылдың  шетінде орналасқандықтан мұнда жұмысшылар үшін арнайы, заманауи стильде  жатақхана соғылған. Әр бөлмеде 4 кісіден жатады. Жатақхананың іші жайлы төсек-орын, жуыну бөлмелері, киім ауыстыру бөлмесі, асхана, намаз бөлмесі, қонақтарға арналған демалысбөлмесі  секілді бөлмелермен жабдықталған. Мұнда тіпті тегін уай-фай да бар. Ал аспаздар үшін бөлек жатақхана қарастырылған. Кешен аумағында үлкен асхана да бар. Онда қызметкерлерге күніне 3 мезгіл тегін тамақ беріледі. Ал жатақхананың ауласына алма көшеттері егіліпті. Үш-төрт жылда ол жайқалған бауға айналады.  

Жоғарыда кәсіпкер Сырым Ертаевтың  республикалық делегация мүшелерімен  Австралия еліне  іссапармен барғанын жазған едік. Міне сол іс-сапар қорытындысымен жалпы құны 55,2 миллиард теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның ішінде «Қайып ата» ЖШС 3 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ.

Атап айтқанда, 2025 жылы Арыс қаласында 25 мың ІҚМ басына арналған бордақылау кешені іске қосылады. Ал 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында «1500 басқа арналған ірі қара малды сою және өңдеу» жобасы мен «Мал сату биржасы» жобасы жүзеге асырылады.

«Біздің еліміздегі мал өнімдері, ет араб елдерінде де жоғары бағаланады. Өйткені шөбіміз құнарлы, табиғатымыз, климаты-мыз мал өсіруге қолайлы. Елі¬міздің қай өңірінде болсын. Жас¬тарды мал шаруашылығына ден қоюға шақырудамыз. Кәсіп¬ке деген махаббат барлық қиын¬дық¬ты жеңетінін айтудамыз. Етті тереңдетіп өңдеуді қолға аламыз, ол үшін мал санын көбейту қажет. Атакәсіпті жаңғырта сапалы мал азығын дайындап, сапалы өнім шығарып, әлемге тантытуымыз қажет», дейді кәсіпкер.

Тағы бір айта кетерлігі  жақында  «Қайып ата» ЖШС-нен Тәжікстан еліне алғаш рет ет экспортталды. Бұған дейін «Қайып ата» ЖШС мен Тәжікстан елі арасында 110 тонна ет экспорттау туралы келісімшарт түзілген болатын. Таяуда 110 тоннаның 16 тоннасы жіберілді. Жалпы келісімшарт бойынша жұмыстар қыркүйек айынан басталды.

Бұл кәсіпорын еліміздің экспорттық әлеуетін көтеруге өзіндік үлесін қосып келеді. Айта кетейік, 2023 жылы 4500 тонна ірі қара етін Өзбекстан еліне жөнелтті. Бұдан бөлек, Иран мемлекетіне 140 тонна ұсақ мал етін экспорттады. Ал, биыл 5000 тонна ірі қара мал етін шет елге шығаруды жоспарлап отыр.

Жыл басынан бері «Қайып ата» ЖШС Өзбекстан еліне 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін, Иранға 118 тонна қой етін экспорттап үлгерді.

 Айта кетейік, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, 10 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемінің өсімі 105,8 пайызды құрап, 957,8 миллиард  теңгенің өнімі өндірілген. 

Аудан, қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, өсімдік шаруашылығы бойынша дәнді дақылдар 1,3 есе (1061,1 мың тонна.), картоп дақылы 115 пайызға (330,1 мың тонна), көкөніс 103 пайызға (1231 мың тонна.), бақша 114 пайызға (1967 мың тонна), малазықтық дақылдар 111 пайызға (5,5 миллион тонна) артығымен жиналған. 11 ай және жыл қорытындысымын мәліметтерді толық статистикалық есепке енгізуді қамтамасыз ету қажет. 

Ауыл шаруашылығы техникалар паркін 6,5 пайызға жаңалау жоспарланған. Бүгінгі күнге, 1 655 дана техника сатып алынып, жаңалау үлесі 6,5 пайызды құрап, жылдық жоспар орындалған.

Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 130 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе (145,7  пайызға), тамақ өндірісінің негізгі капиталына 22,7 миллиард  теңге инвестиция тартылып, тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9 есе (186,9  пайызға) артқан.

Ет экспортынан бірінші орында тұрған түркістан облысы мал шаруашылығын аустралиялық тәсілмен дамитын болады.  Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде көшбасшы саналады. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80 пайызы, яғни, 6,9 мың тоннасы, қой етінің 75 пайызы өңірімізге тиесілі. 4,7 мың тонна қой еті экспортталды. Аустралия елінің тәжірибесін қолданып, ет кластерін дамытуды жоспарлануда. Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны іске асыру көзделуде. Бұл бағытта 55 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынып, 600 жұмыс орны құрылды. 35 мың тонна өнім шығарылады. Аймақта сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша 2 ірі тауарлы сүт фермасы жобасы жүзеге асырылды (12,6 мың сүт ). Жобалардың құны – 7,8 миллиард теңге. 

Еске сала кетсек, инвестициялық салымдар кезінде мал бордақылауға арналған объектілерді құру және кеңейту кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтарға жұмсалған шығындардың 25 пайызына дейін өтеу көзделген. Агроөнеркәсіптік кешен  мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарау аясында жалпы субсидиялау қағидалары мен нормаларына өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар, фермерлерге кредит беру саласында тиімді бағдарламалар жұмыс істейді. Олар негізгі құралдарды сатып алуға және толықтыруға, нысаналы мақсаты мен қаржыландыру көздеріне байланысты 120 айға дейінгі және жеңілдікті кезеңі 12 айдан 36 айға дейінгі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін 10 пайызға дейін субсидиялау қарастырылған.

Агроөнеркәсіптік кешенді  дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде ет, сүт, дәнді және майлы дақылдар, жемістер, көкөністер, қант өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйені қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру және қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту есебінен 1 миллион  ауыл тұрғындарының табысын тұрақты арттыру бойынша шаралар қамтылды.

Жалпы, етті мал шаруашылығын дамыту әлеуеті жоғары өңірлерде, атап айтқанда, ірі қара мал басының санын ұлғайту және ет өндірісінің өзіндік құнын төмендету мақсатында маусымдық жайылымдық бордақылауды жүргізу үшін жайылымдардың бос алаңдары бар өңірлерде бордақылау алаңдарының инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр.

Өгіз бордақылап, табыс табуда
Шаруалар 46,4 миллиард теңгенің өнімін өндірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу