Әкесін аяусыз сабаған бала жұрттың жағасын ұстатты

Oinet.kz 08-07-2024 3444

Естіген кезде жағамды ұстадым. Жаным түршікті. Жақын бір туысымыздың баласы әкесіне пышақ ала жүгіріпті... Ертесі үйіне бардым. Еркін есік алдында жүр екен. Көзінің алды ісіңкі. Жағы ішіне кіріп, азып кетіпті.

Screenshot_10.jpg

 - Ассаламуғалайкум! Қал қалай, Ереке?

- Уағалайкумуссалам! Шүкір.

- Иә, не жағдай?

- Жағдай сол: үйде ешкім жоқ. Кішкене екі ұлымнан басқасының бәрі кетіп қалыпты... Сол жынды бала құсап сенделіп жүрмін...

- Неден басталды өзі?

- Әй, сол баяғы қу дүние!.. Мына көршінің машинасын жасап болып, үйге кіргем «шәй ішіп жылынып алайын» деп. «Неге түскі асқа шақырмады?» деген ызалы оймен кірсем, тамақ жасалмапты. Мінезім шапшаң сорлы емеспін бе? Жарылып кеттім. Дүрсе қоя бердім жеңгеңе. «Май жоқ, сол үшін жасамадым» дейді бәтшағар. «Оу, дүкеннен неғып әкелмейсің онда?» десем, «Ақша бітіп қалған» дейді. «Оу, 2-3 күн бұрын ғана берім еп ғой» десем, «Жоғалтып алғам» дейді! «Оу, онда неғып айтпайсың?» десем, «Қорықтым» дейді. «Шындығын айт» деп тұрғаным: алдында, бұл байғұс бауырмал ғой, ана кредит алған сіңлісінің артын жабам деп, ақшамызды соған беріп жіберіп, тағы да «жоғалтып алдым» деген. 

- Содан?

- Содан, «Тағы алдап тұр ма?» деп, зығырданым қайнап тұрса, сол арада келесі бөлмеден балам шыға келмесі бар ма! Көзі шатынап кетіпті! «Қойсаңызшы, әке! Қанды ішіп болдыңыздар ғой!» дейді өзінше! «Ей, ақылсынбай бар ары! Шалжиып жатып-жатып алып, енді келіп маған дікеңдемекшімісің! Құрт көзіңді!» деп, оған да бас салдым. (Менің далада тырбаңдап жатқанымды біле тұра ұйықтап жатқанына жыным келіп, бір жағынан «оятып алайын түйсіксіз немені» деп ойлап кіргем.) Сөйтсем, «Өзің құры!» демесі бар ма тұңғышымның! Қаным басыма шықты! «Не оттап тұрсың, ей, а?! Жоғал жүгір, таяқ жемей тұрғаныңда!» деп ақырып қалдым. «Өзің жоғал! Мамамның қанын ішіп біттің ғой!» дейді! Қанын ішіне тартып сұрланып алған! «Ой, мамаңның сенің..! Жоғал көзіме көрінбей! Ой, әкеңнің!» деп, «бетін қайтарайын» деген оймен қарманып, жанымда тұрған кішкене орындықты жұлып алып ұмтылдым. Қашу қайда! Сөреде тұрған пышақты ала салып маған оқталғаны! «Жарып тастаймын!» деп айғай салғаны! Алла-ай! Алла-ай! Құдай сақтады ғой! Бір-екі жұдырығы бетіме тиіп кетті.

Қойшы! Бір-бірімізге айтпаған сөзіміз жоқ! Бала болып ол қайтпады, әке болып мен тоқтамадым!.. Қолындағы пышағын сұқпаса да, тілімен жүрегімді тілгілеп-тілгілеп шықты да кетті! Уһ-һ... қайтіп бір орыныңда отырасың?!Мен де машинама отырып кетіп қалдым. Ары жүріп, бері жүріп, сабама түсе алмаған соң, мешітке кіріп дәрет алып, намаз оқыдым. Содан әйтеуір әрең өзіме-өзім келіп үйге келсем, шешесі мен кішкентайларды алып кетіп қалыпты... Уһ-һ... Қор болғаным-ай, Ақжан, қор болғаным-ай!..

Екі қолымен басын сығымдап ұстаған Еркін еңкілдеп кетті. Естігенімнен есеңгіреп қалғандай абдырап мен тұрмын.

- Болды, болды, Ереке, сабыр етші...

- Ішім күйіп барады! Бұл қалай болғаны сонда? Әй, бала деген әке ашуланғанда айылын жимай ма екен? Әкесі ұмтылса, арқасын төсемесе де, қашып кетпей ме екен, а? Не боп барады бұ жастар?! Әй, біз әкемізге қарсы шықпақ тұрмақ, бетіне бағжиып қарап көрмептік... Аллам-ай!.. Өзіме де обал жоқ! Ит мінезімнің кесірі!.. Тәрбиеден жіберген қателігім ғой!.. «Жұмыс-жұмыс», «тіршілік-тіршілік» деп жүріп, балаға қарадық па? Қарынын тойдырып, киімін бүтіндегенімізге мәз болып жүре беріптік қой... Ал, енді жемісін же! Ақымақтығың мен салғырттығыңның жемісін же!.. Жоқ әлде кезінде әкемді ренжіттім бе екен, а?.. Я, Жаратқан Ием, кешіре гөр пендеңді!..

Жаны байыз тапппаған Еркін біресе тұрады, біресе отырады. Аузыма сөз түспей мен тұрмын сілейіп. «Я, Алла, бәле-жалаңнан Өзің сақта! Бауырыма Өзің жар бол! Бала-шағасына иман бер, отбасымен біріктіріп, татулық-берекеңді бере гөр!..» деп ішімнен дұға жасап қоям.

Сөйтіп мен баласымен сөйлестім:

- Е-ее... Әкеңе неғып жүгіріп жүрсің? Соны түсіндірші.

- Ой, ызың-ызың етіп қанды ішіп бітті ғой! Мамамды әбден қорқытып алған! Ұрсады да жатады!.. Ұйықтап жатқам, тағы да сол баяғы батяның айғайынан оянып кеттім. «Не боп қалды?» деп шықсам, мамам жылап отыр! Жаным ашып кетті... Алдында да сөйтіп жылатқанын көргем! Ой жынымның келгені-ай!..

- Содан?

- Содан сол! Араша түстім мамама... Мені боқтағанымен қоймай, орындықпен ұрмақшы! Сонан кейін пышақты алуға тура келді!.. Біз де жігіт болдық қой! Армияны да көрдік! Олай істеуге болмайды ғой, аға! Қанды ішіп бітті!..

- Е-ее... Түсінікті. Онда, Қазтай, енді мені тыңда. Әкеңе жеккөрінішпен қарайтындай, ол саған не жамандық істеп еді?.. Жалпы, сенің әкең кімнен кем еді? Мас болып мазаларыңды алды ма? Біреулер құсап шешелеріңмен қосып сабаған ба еді? Өзі ләйліп, сендерді аш қалдырып па еді? 

- Жоқ...

- Қысқасы, әкеңнің алдына кешірім сұрап бар. Ақылың бар жігітсің ғой... «Ұлым бар!» деп мақтансын, «Азаматым!» деп мейірленсін!.. «Атаңа не қылсаң – алдыңнан сол шығады!» дегенді де есіңнен шығарма, Қазтай... 

- Жақсы... Рахмет, аға!.. – деді ол сүмірейіп. Қол алысып қоштастық.

Алғадай Әбілғазыұлы

Қатігез күйеуім көгерген нан жегізеді
Ағам тұрмыста болған келіншекке үйленем деп қоймай жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу