Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ағам бар. Жасы қырыққа жақындады. 3-4 рет үйленіп ажырасты. Алған әйелінің бірін бақытты ете алмады. Өзге тұрмақ, өз өміріне жауапкершілікпен қарай алмайтын адам да болады екен.
Анам ағамды шала босанған. Босанып болғасын, дәрігерлер қимылсыз, үнсіз шарананы өлі туды деп тастай салған. 6-7 сағаттан кейін ағам жылаған көрінеді. Ал сонша уақыт ол мұздай жерде жатқан. Соның кесірінен денсаулығында кінәрат пайда болды. Ағам - белсіз. Балалы болады деген үміт атымен жоқ. Оны әке-шешеміз бала кезен біліп, қаратпаған жері жоқ. Амал жоқ мойынсынды.
Дегенмен ағамды өте бос қып өсірді. Оқымаймын деді. Оқытпады. Бұзықтық жасады. Ақтады. Үйленемін деді. Үйлендірді. 3-4 рет. Өкінішке орай, ағам жауапкершілік арқалай алмайтын, боркемік болып өсті. Әке-шешеміздің етегіне оралып, жатып жеуді ғана біледі. Оны ағаларым қанша рет ақшасын беріп жүріп бірталай жерге жұмысқа орналастырды. Тиянақсыз адамды байлап қойсаң да, тиянақты жұмыс атқара алмайды екен. Әр жерден қарыз алып кете береді, әкем төлейді, інім төлейді деп.
Жас кезінде әжептеуір реңді еді. Кейін өзіне тіптен қарауды қойды. Қатты толып кетті. Қырыққа жетпей шашы түсіп жатыр. Олай өзін тастап жіберуге болмайды ғой.
Онымен сөзге келіп қала беремін. Мен әйел адамның тірлігіне ер адамның араласқанын жек көремін. Үйді де біліп жинаймын, тамақты да біліп істеймін. Істеп жатқан дүниеңді енең сияқты, ағаң сынап отырғаны жаман екен. Сол үшін көп ұрысып қаламыз. Кейде өзімен-өзі келіп тиісіп кетеді. Құдды бір белсіздігіне біз кінәлі сияқты.
Негізі қолынан келмейтіні жоқ. Кез келген нәрсені оңай меңгереді. Ағашты да ояды, сваркі, электр сымдары деген дүниенің бәріне шебер. Тіпті тамақты да жақсы жасайды. Тек жалқау ма, әлде әке-шешемізге әбден сеніп алған ба ұқпаймын.
Әке-шешем де аман жүрсе болды деп, әлі күнге дейін тілі шықпаған балаға ұқсатып айтқанын жасап отыр. Біздің басымызға не түсетінін құдай біледі ғой. Әке-шеше деген сол екен ғой өзі, іштен шыққан баланы өмір бойы арқалап жүруге бар...
Бұны, ата-аналарға балаларыңызды қатты бос өсірмеңіздер деген ниетпен жазып отырмын. Ертең өздігімен күн көре алмай жүрсе, жүрегіңізді тіптен ауыртып аласыз.