Мәпелеп өсірген ұлы жаман келін алып, анасына көресіні көрсетті

Oinet.kz 23-05-2023 2771

– Апа, тез жинал, моншаға апарып келейін, – деп әмір бере сөйлеген ұлдың соңынан жетекке көнген бұзаудай ере берген шүйкедей кемпір жалғызынан бөлек тұрып жатса да, «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» тұрған шағында қалған күндерін осылай өткіземін деп ойлады ма?!.

f9676cb7e35c50f4d6aee37b-original.jpgЖәмиға апа кезінде бір ауылдың үлкен-кішісін түгел ауызбіршілікке, бітімгершілікке шақырып, тентегін тезге салып отыратын көшелі жан болған. Білім-білігін қастер тұтатындар ақыл-кеңес сұрап, шаңырағына жиі келетін.

Ажары тая қоймаған көрікті әйелге көз тігіп, сөз салған еркек те аз болған жоқ. Жастайынан жесір қалса да, «Маңдайыма басқан жалғызымды жаутаңдатпай өсіремін» деп, ешкімнің етегінен ұстаған жоқ. Үлкен үміт артқан Айдыны институт бітірді. «Міне, өз қолы өз аузына жетті деген осы!» – деп жүрегі жарыла қуанып, марқұм отағасының осы сәтті көре алмай кеткенін ойлап, қамықты. 

Жинап-терген бар қаражатына ұлына машина сатып әперді. Ол кезде бүкіл ауыл бойынша темір көлік тізгіндеген Айдын ғана болатын. Сол Айдыны үйленді. Ел қызыққан дүбірлі той өтті. Барлық жайсыздық осы тойдан кейін басталған. Бұлаң қаққан сұлу да ерке келіннің алдында қу жалғызы еркінен айырылып сала берді.

Даңғарадай төрт бөлмелі пәтерде үшеуі-ақ тұрса да, байғұс кемпір көзге шыққан сүйелдей артық адам болады да тұрады. 

Бірде: «Айналайын, Айдын жұмыстан келетін уақыт таяды, бірдеңе шыжғырып жібере ғой», – дегені сол еді, «Отыр, қақпас, өзім білемін!» – деп, оқыс жекіріп жіберді келіні. Тамағына тап-тастай бірдеңе кептеліп тұрып қалған Жәмиғаның жас балаша жаутаңдап: «Балам, мұның қалай?» – деуге ғана шамасы жетті. 

«Шаруаң болмасын менде!» – деп, келіншек қасы-көзін сүрмелеп, алаңсыз отыра берді. Содан кейін оған бір ауыз сөз не өтініш айтып көрген емес. «Көрген-түйгені аз кердең келіннің кесіріне қалармын. Ештеңелеріне араласпай, өз алдыма тыныш отырайыншы» дегені еді бұл. Бәрібір сол кең үйге бір сыймай-ақ қоғаны. Бірінен кейін бірі өмірге келген екі немере де тілі шыға бере бұған «кәрі қақпас» дейтінді шығарды. Бірақ ұлына тіс жарып ештеңе айтпады. «Маған бола шаң-шұң боп айқайласып, үйдің берекесін алып, араздасып жатпасыншы» деп, арызданбады.

– Апа, менің бір танысымның орталықта жекешеленген жатақханада бір бөлмесі бар, сонда тұрсаң қайтеді, өзіңмен-өзің боласың дегендей. Қазір, өзіңіз білесіз ғой, бизнесім де оңды болмай тұр. Кейін өзіңізге ыңғайлы пәтер сатып алып беремін. Әлгі бөлменің ыстық-суық суы да ішінде, әжетханасы да... – деп күмілжіді баласы. – Өзім жиі-жиі барып тұрамын. Қанат пен Талғат та өсіп келеді, «бөлек бөлмелерде жатсақ» дейді...

«Жарайды. Сыртқа кіріп-шығатын қауқарым бар ғой. Менен қысылмай, арқа-жарқа болып, өздеріңмен-өздерің еркін тұрғандарың да жөн шығар», – деп, оған да мойынсұнған.

Сөйтіп, жатақхананың ұядай бір бөлмесіндегі ұйқысыз, мазасыз ойлары бір-бірімен мүйіздескен түндері де басталған. Алғашқы айда аптасына бір рет келіп тұратын ұл кейін төбе көрсетуді сиретті. Ал келін мен немерелер ат ізін де салған емес.  Оған ренжіген Жәмиға жоқ, «Жалғызымның өмірі жақсы болса, соған да тәубамды айтамын» деген аналық тілеумен таңын атырып, күнін батырып, қоңторғай тіршілігін кешіп жүріп жатты. Бірақ тар бөлменің төрт қабырғасына емес, қартайған шағында 

қадірінің қашқанына налып, талай түн кемсеңдеп жылағанын жан адам көрген жоқ-ау.

Жатақхананың бірінші қабатында тұратын мың болғыр қыз-келіншектер мереке сайын бірі ыстық бөлкесін, енді бірі «үлкен кісі ғой дей ме», өрік-мейізін көтеріп келіп, өздері дастарқан мәзірін жасап жіберіп, бір уақ әңгімелерін айтып, күліп-ойнап кетеді. Орталарындағы бір кемпірдің көңілін аулау әрекеттері екенін іші сезеді. Өткен жолы бәрі жиналып, «айтшылап» келіп, иығына алтын түстес жіппен зерленген қамзол жауып кеткенде, терезеге телміре қарап, тағы да иығы селкілдеп жылағаны бар. 

Тар құрсағын кеңітіп, жатырын жарып шыққан жалғызынан көрмеген жылылықты өзгелерден тапқанына, әлі де қадірінің бар екендігін сезініп, көңілінің босағаны шығар, бәлкім. Бір қызығы – жатақханадағылар кейуанадан бала-шағасы туралы сұрамайды, бұл кісі де олар жөнінде тіс жарған емес, осы үнсіздік-ақ талай 

жайды аңғартатынын екі жақ та іштей сезеді.

Есік алдында үнемі ой үстінде отыратын сол кемпірден көршілері бір кеште көз жазып қалды. Моншаға кеткен Жәмиға оралмады. Оны ұлы моншаға емес, қарттар үйіне өткізуге алып шыққан болатын.

– Айдын-ау, не жаздым саған, тарыдай да мінім болды ма, осынша тасырлық көрсететіндей?! Тастамашы мені бұл жерге, жатақханамда тұра беремін ғой, – деп, кемпір оны білегінен тастай қып құшақтап алып, жібергісі жоқ.

– Досым «Бөлмені босатарсың» деп еді... – деді жерден көзін алмаған ұлы.

– Тағы да сондай бір бөлме табылар, пенсиям өзіме жетеді ғой төлеуге. Тастап кетпеші, құлыным! Мен бұл күнді Алладан да сұрамап едім ғой, – кемсеңдеген Жәмиға апа ұлының оң қолынан бері тартса, әйелі Айдынның сол білегінен ары сүйреп, екі жақ 

арқан тартысқандай біраз тұрып қалды. Анасының киесінен қорықпаған жалғыз ұл жанарымен жер сүзген күйі сұлу әйелінің соңын ала шығып кетті. Ал шешесі әжім аяусыз торлаған бетін жуған көз жасын тоқтата алмай, екі иығы тоқтаусыз селкілдей жылап, басындағы жаулығы да жерге сыпырылып түсіп, аппақ шашы қобырап, қарттар үйі күтушісінің иығына сүйеніп қала берді...

***

Бір адам ұлы ұстазға келіп: 

– Мен Алланы шын беріле сүйгім келеді, маған сол жолды көрсетіңізші, – дейді. 

Ұстаз одан: 

– Сен бір әйелді немесе баланы мейірлене шын ықыласпен сүйіп көрдің бе? – деп сұрайды. 

– Бұл мені қызықтырмайды, маған Аллаға барар жолды көрсетіңізші, – дейді әлгі адам өзеуреп. 

Сонда еңкілдеп жылап қоя берген ұстаз:

– Бұл жол саған жабық! Сен алдымен Әйел-Ананы сүюге тиіссің, бұл – алғашқы баспалдақ. Ал Алла – сенің жолыңдағы ең соңғы саты. Сен болсаң, алғашқы баспалдақты баспай тұрып, ең биік сатыға ұмтыласың. Анаға деген махаббат – кез-келген істің, кез-келген жолдың алғашқы сатысы, – деп жауап берген екен. Ал ұлы Абай 29-шы қара сөзінде қазақтың «Ата-анадан – мал тәтті, алтын үйден – жан тәтті» деген мақалын «Әке-шешеден мал тәтті көрінетұғын антұрғанның «тәтті» дерлік не жаны бар? 

Ата-анасын малға сатпақ – ең арсыздың қылығы емес пе?! Әке-шеше шамасы келсе, мехнаттанып мал жиса да, дүниелік жинаса да, «Артымдағы балаларыма қалсын» дейді. Ол ата-анасын сатқан  соң, Құдайға дұшпандық іс емес пе?!» – деп сынайды. Ащы сын. 

Иә, «Қарттар үйі» деген бұрын біздің ұғымымызда жоқ еді. Өкінішке қарай, соңғы кезде ұл-қызы тұрғанда, айдың-күннің аманында мемлекеттің қазаны мен шөмішіне күні қарап, жалғыздық жанын тоңдырған, қалт-құлт еткен сәттерін қазынаның үйінде өткізіп жатқан Жәмиға кемпір сияқты қарияларымыз көбейіп барады.

Нұржамал Жұмағалиқызы

Бір жас қатын шалымның ақшасын сорып отыр
Анамды жұмысқа қабылдағанын міндетсінген жігіт маған тиісуін қояр емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу