Анасын тірісінде қадірлеп үлгере алмай қыздың орны толмас өкініші

Oinet.kz 21-05-2023 4017

Көктемнің жанға жылу берген жаймашуақ күндерінің бірінде мен дүниеге келіппін. Әкем анам екеумізді ауруханадан шығарып келе жатқанда күн өз нұрын барша әлемге молынан шашып тұрған екен анамның айтуынша. 

Screenshot_27.jpg

Солай күн артынан күн өтіп мен үш жасқа толғанда анам дүниеге тағы бір қыз әкелді. Әкемнің қуанышында шек жоқ. «Осы қыздарым патшаның он ұлына татитын,ақылды әрі сұлу қыздар болып өседі,қараңдар да тұрыңдар» деп айтады екен.

Сөйтіп біз де бой жеттік. Мен 16-да, ал сіңлім 13-те. Ата-анамыздың сүйікті балалары болып өсіп жаттық. Асып-тасып жатқан бай болмасақ та, не ішем,не кием деген сөз болмады. Анам да, әкем де екі жақтап біздің бар қажеттілігімзді әперуге тырысты. Әкем автобус жүргізушісі, ал анам сол мекемеде есепші еді. Домбыра, би, шахмат үйірмесіне де қатысатынбыз, сонымен қатар қосымша тереңдетіп оқытатын курстарға және жаздырып қойып еді бізді. Ай сайын жаңа киім-кешек, ұялы телефон ауыстыратынбыз. Сондағы әке-шешемізге қалай рахмет айтады деп ойлайсыздар: жыйналмаған үй, әр жерде,тіпті ата-анамыздың кереуетіне дейін тамақтың қалдықтары, қабықтары шашылып жататын. Ыдыс-аяқ жуылмай,кешке анам жұмыстан келгенше тұратын мелдіреп. Әкем ұрсатын бізді салақ болып өсіп келе жатыр деп. Ондайда анам байқұс бізді қорғап шыр-пыры шығатын. Кейде екеуінің біз үшін қатты жанжалдасып жатқанын еститінбіз. Әкем бізге ренжіп талай рет үйден кетіп қалып жүрді. Бірақ одан түзелетін біз болмадық. Бақытты отбасының шаңырағын шайқалтып жүргенімізді тіптен ескермедік. 

Сонымен не керек, баяғыдай уайым-қайғысыз өмір сүріп жүре бердік. Әкем де, анам да екі жерде жұмыс істеп жүрді. Ай сайын жаңа киімдер, ең соңғы үлгідегі аудиоплеерлер, үйірмелер,қысқасы нағыз толыққанды балалар едік. Ал үйде әкем мен шешемнің біз үшін күнде жанжалдасып жататынын және анамның дәрілерді уыстап ішіп жүргеніне де назар аудармайтынбыз. Біздің ақыры түзелмейтінімізді білді ме, анам ұрысып бастағанда әкем жайбарақат теледидар көріп жата беретін. «Қыздар әлі кішкентай ғой, есейгенде бәрін өздері түсінер» деп анам бізді,мына екі есерсоқ оңбағанды, қорғаштап жүретін.

Осылай өмір сүріп жаттық. Бір күні сіңліміз екеуіміз үйде отырғанда анам хабарласты. Өзімен бірге жұмыс жасайтын құрбысын үйге ертіп әкелетінін және бізден үйдің ішін жыйнастырып қоюымызды өтініп сұрай бастады.

- Қызым, мен кешке құрбымды ертіп әкелемін.

- Ал?-дедім мен сағызымды шайнаңдап.

- Жаным, сенің ақылың бар ғой, құлыным! Үйдің ішін ретке келтіріп қойыңдаршы,сендерден басқа ештеңе сұрап тұрған жоқпын ғой,-деп анамның үні өте жалынышты шықты.

- Жарайды, кішкентай емеспіз!- Мен тұтқаны қоя салдым.

Сіңліміз екеуіміз анамның көңілін қалдырмайық деп үйді жыйнай бастадық. Бір уақытта сүйікті сериалымыз басталып, біз тәтті тамақтарды алдымызға үйіп қойып, теледидар тамашалауға кірістік. Үй жыйнау, анамның өтініші,бәрі-бәрі жайына қалды. Тек әлден уақыттан соң есіктің кілтпен бұралған дауысы шығып және анам үйге кіріп келген соң ғана есімізді жидық. Құрбысы да келіпті. Ол жан-жағына таңданған көзбен қарап босағада тұрып қалыпты. Әрине, таңданбағанда ше? Асүйде бығып тұрған ыдыстар, әр жерде шашылып жатқан қоқыс пен тағам қалдықтары, кір киім-кешек. Анам сөмкесін тастай салып қолы тиген жерді жыйнап жүр. Қыздарының сабақтарын өте жақсы оқитынын, түрлі көрмелер, үйірмелер, фестивальдер мен жарыстарға қатысып, марапатталып жүргендерін, үйге қарауға уақыттары жоқ екенін айтып, бізді тағы қорғауда, қайран анам. Ал құрбысының жақтырмағаны түрінен көрініп тұрған еді. Өтірік бірдеңені сылтауратып үйден сытылып шығып кетті. Анам сол кезде бізге тұңғыш рет қол жұмсап, дауыс көтерді. Бізді бетімізден ұрып, жұлқылап, шапалақпен тартып-тартып жіберді.

- Сендер үшін бәрін істеп жатырмын ғой, енді менен не керек? Неге осындай безбүйрексіңдер? Не жетпейді сендерге, айтыңдаршы? Ең құрымаса үйдің ішін ретке келтіріп қойсаңдар қайтер еді,- деп мамам қатты жылады.

- Біздің ата-анамыз болған соң, біздің бар жағдайымызды жасауға міндеттісіңдер!- дедім мен. Анам аузымнан құлаштап ұрып жіберді. Тағы жұлқылады. Ал мен болсам безеріп, ішімнен қалай кек қайтарудың амалын ойластырып тұрдым. Әлден уақытта үйге әкем келді, оның бізде шатағы жоқ, анама «өзің кінәлісің» деп теледидар көріп жата берді. Анам болса ыдысты да, кірді де жуып, үй тазалап жүрді және көзінен жас парлап ағып жатқан еді. Ал біз сіңліміз екеуіміз мамамның кешірімін алып, көмектесудің орнына бөлмемізге барып жатып қалдық.

Үйдегі у-шудан оянып кетіп, қарасақ, үйде әкем көңілсіз, бірдеңе деп күбірлеп жүр екен, өзі қатты абыржулы. Анамды дәрігерлер алып бара жатқанын көрдік. Сөйтсек, анамның миына қан құйылған екен. Бірнеше ай бойы қатты қан қысымынан азап шегіп, дәріні уыстап ішіп жүргені сол екен. Қайран анам ауруханда 2 күн ес-түссіз жатып, үшінші күні қайтпас сапарға аттанып кетті. Жүрегімді біреу жұлып алғандай болды. Мама...Енді ол жоқ, оған сене алмадым, көндіге алмадым. Есалаң адам сияқты состиып анамның суретіне қарап тұра бердім, ішім қан жылап жатқан еді. Тіпті өзіме қол жұмсамақ болдым. Бірақ мені бір нәрсе алға жібермей тұрды. Ол мені қапсыра құшақтап жылап тұрған сіңлім еді.Кешірші бізді, анашым!

Анам қайтқан соң әкем үйге мүлдем келмейтін болды. Қонбайды да, тамақ та ішпейді, жейдесін жууға да бермейді, «сендер әлі кішкентайсыңдар ғой» дейді. Ондайда ұяттан өліп кете жаздаймын. Үйге келмей автобус станциясына қонып, көшеден тамақтанып жүргенін жақсы білетін едік. Аяғына жығылып, жылап, үйге қайтуын сұрап, кешірімін алғандай болдық. Әйткенмен әкемнің бізге көңілі суыған еді. Бізді бауырына басып тұрып «мені алтын қазынамнан, өмірімнің мәнінен айырдыңдар» деп, өксіп жылады.

Қазір Анам жоқ, әкем үйге онша келмейді, тек қажетіңе жарат деп ақша беріп тұрады. Сүйрелеңдеп өмір сүріп жатырмыз, көңілсіз. Анамды қатты сағынам, онымен өткізген әрбір минутымды еске аламын. Дәл қазір анамды қайтару үшін бәрін де беруге даярмын. Бірақ, әттең, ештеңе орнына қайтып келмейді. Сондықтан айтарым, әрқашан аналарыңызды қадірлеңіздерші. Ата-аналарыңыз болмаса бұл өмірде бала деген ешкім емес екен. Оларды ренжіту өте оңай, ал кешірімін алу, жүрегіндегі жарасын жазу-қиынның қиыны. Ата-анамыз кейде сондай дәрменсіз, қорғауышы жоқ жас нәресте сияқты көрініп кетеді. Өтінем, оларды ренжітпеңдерші!

53-ке келген анама күйеу іздеп жүрмін
Шайыма етеккірін қосып беріп жүрген екен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу