Жетім қыздың анасына жазған хаты

Oinet.kz 20-05-2023 1833

Анашым  өзіңе айтатын жаңалығым көп. Соңғы уақытта көп жылап жүрмін.Сізді сағындым. Қарным ашқанда, сіздің ыстық бәліш пісіріп, аш болып қаласың деп сабаққа кетерде сумкама салып беретінің есіме  жиі түседі. Көршіміз, әрі сыныптасым Құралайдың шашын әдемілеп екі өрім ғып анасы бантик тағып беріп жатқанда да жылағым келген. Өзің білесің ғой Құралаймен сабаққа бірге баратынымды. Үйіне барып күтіп тұратынымды.

Screenshot_14.jpg

Ал менің шашымнан ешкім сипамағанына үш жыл болды. Сізді көрмегеніме де үш жыл. Мен ең алғаш мектепке барғанда өте бақытты едім. Өйткені жанымда өзің болдың.Сол жылы  ...қыста мен сізді жоғалтып алдым анашым. Көп адамдар  ақ кілемге орап алып бара жатқанында еш нәрсеге түсінбесем де, енді қайтып көрмейтінімді сезіп артыңнан жүгіргенмін. Бірақ  Құралайдың анасы мені жібермей ұстап қалды. Содан бері сізді күтем. Келмедіңіз. Далаға аппақ қар жауғанда жаурап қалды -ау деп  ойлап,жолға елегізе қараймын.

Өткен жолы қатты жыладым. Неге екенін білесіз бе,мама? Сіз кеткен соң әкем үйге бір бейтаныс әйелді әкеліп,"енді анаңыз осы кісі" дегенде дымға түсінбей шошып түскенмін. Ана әйелден жылулық іздеп кемсеңдеп бетіне қарағанымда,өзіме қадалған сұп -суық жанардан тайсалып, дыбыс шығара алмай үнсіз жылағам. Одан бері үш  жыл. Мен тоғызға қарадым. Кішкене ес жидым. Өзімнен басқа ешкімге арқа сүйей алмайтынымды біліп, ештеңеге  шағымданбайтын болдым. Аш қалсам да  үнсіз көнуді үйрендім.Әкем үнемі жұмыста. Үйде ана әйелмен мен ғана қаламыз.

Анашым,кеше сол әйел мені аяусыз қорлады. Жуған ыдысыңның майы кетпеген деп жазалап далаға жалаң аяқ қуып шықты. Ақ қарда ұзақ тұрдым. Ешкім мені іздемеді.Үнсіз жыладым. Сенесіз бе  күннің  суықтығы соншалық көз жасым кірпігімде мұз болып қатып қалды. Суыққа тоңғанымнан аяқ- қолым икемге келмей сіресіп  қалды.

Кешкісін үйінен оны-мұныға шыққан Құралайдың мамасы менің түрімді көріп шошып айқайлап жіберді. Жылап жүріп үйіне апарып жылы көрпеге орап ыстық шәй берді. Өзіме келген соң  үйге алып келіп  өгей анама:" Сенде жүрек бар ма? Титімдей қызды өлтіресің ғой. Сол ыдысты өзің жусаң да өлмейсің. Енді тағы осындайыңды байқасам әкесіне айтамын "- деп ұрсып кетті.

Оған қысылған өгей шешем жоқ. Қорлаудың басқа амалын тауып алды. Сәл жақпай қалсам темір аяғы бар орындықты көтертіп қояды. Оның салмағы басында білінбегенмен уақыт өтуімен көтеріп  тұруға шамам жетпей, қолым мұздай темірге қарысып қалатын. Сондай сәттерде ылғи өзіңді ойлаймын мама!

Биыл қыс қатты болатын сыңайлы. Бұдан екі жыл бұрын алған етігім аяғыма тар болып қалды. Аяғымды етігім қажап  ақсаңдап жүргенін көрген Құралайдың  анасы, Құралайдың кимей тастаған етігін берді. Ескі болса да бүтін. Анашым сіз келгенде  ештеңеге шағымданбаймын. Киімім жоқ, етігім тар деп мазаңызды алмаймын. Тек сіз келсеңіз болды. Өйткені мен басқа адамды «мама» дей алмай жүрмін. Сізді қатты сағындым...

Сіздің мені қатты жақсы көретініңіз, еркелететінің бәрі есімде. Кейде сабақ оқып немесе үй тірлігімен алаңдап  кеткенде мені ұмытып кетті деп ойлама анашым. Мен сіздің суретіңізді шкафтан тауып алғанмын. Оны ешкім көріп қоймасын деп көйлегімнің жеңіне салып жүрем. Сағынғанда, тоңғанда, қарным ашқанда  қасымда мейірлене құшақтап отырғандай сезінемін. Ия мама үнемі қасымда жүргеніңізді білем. Мен  сізге  жаңа жылда сыйлық бергім келген. Бірақ оған менде ақша жоқ. Сондықтан өзім жемей сіз жақсы көретін батончикті  сақтап жүрмін. Сізді қуантқым келеді келгеніңізде... Тезірек келші мама!

Айсұлу Кеңесбай

Сәбиімді түрмеде босануыма тура келді
Ажырасқан әйел болғаным үшін әркімге көзтүрткі болдым
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу