Әйелі бұрын есік көрген екен

Oinet.kz 17-05-2023 5255

Шәкеннің соңғы кезде көңілі бір нәрсеге алаңдаулы. Ол жанарының жасаурай беруі. Айналасындағы адамдардың жүзі мен заттардың күннен күнге көмескіленіп бара жатқаны еді. Ота жасатып та көрді. Оңалып кеткені шамалы.

Screenshot_4.jpg

Ең бастысы, жанынан тастамай жүрген жалғыз суреттің көмескіленіп, аңсаған жанның жансыз бейнесі көз алдында алыстап бара жатқаны.

Ол суретке тағы қарады. Әлдекімнің мейірімін аңсап алаңдаған, бейкүнә сәбидің кішкене қолдарын ербеңдете созған бейнесі.

Сәби қолдарының ауаны қармауы жүрегіне салмақ, жанына жара салғандай. Қалай болып еді өзі...

Иә, екеуі де жас болатын. Аралас-құралас жандардың себебімен танысты. Бірін-бірі біліскендей болды. Түсініскен де болатын. Үйленді. Той дабырасы басылғаннан кейінгі түн жігіт жанын тыныштандырмады.

Оны Күміс те сезді. Екеуі тоң-теріс жүргенмен тұрмыс тірлігі жалғаса берді.

Балаларының көңілсіздігін ана жүрегі сезбей қалған ба?! Анасы алаңдай бастады. Осыны күтіп тұрғандай ауыл үйдің сып-сыңы да шыға бастады. «Шәкеннің әйелі бұрын есік көрген екен». «Отыз тістен шыққан сөз...» жата ма? Анасының құлағына шалынды, оның «білетін бе едің?» – деген сұрағы жауапсыз қалды.

Бұл жайдың шет жағасы Күмістің де құлағына тиді. Үйде жайсыз жағдай орнады. Бір-біріне қадалатын сенімсіз жанар араларындағы селкеу тартқан сенім деген жібек жіптің тіні тарқатылып үзілуге шақ тұрғанын екі жақ та байқады.

Күміс өз қателігін кеш түсінді. Тағдырына мойынсұнды. Тек аяғының ауыр екенін айтуға батылы бармады. Осылайша ажыраған тағдырлар өмір атты қым-қуыт тірліктің талқысына түсіп жүре берді.

Шәкен өз бақытын тапты. Үйлі-баранды болды. Балалары есейді. Ата-анасын өзі түтінін түзу ұшырып отырған қарашаңырақтан қайтпас сапарға аттандырды. Қызметте де абыройлы болды, ағайын туғанға да жат болмады.

Ағайындар жиналған бір жиында жақын жеңгесі бір әңгіменің ұштығын шығарды. «Баяғы Күміс кетерде аяғы ауыр болып кеткен екен ғой? Сенен айнымайтын қызы бар көрінеді».

Бұл Шәкеннің тағдырдан татқан кермек дәмі болатын. Аузына өттің дәмі келді. Кеудесі шаншып, кеңсірігі удай ашыды.

Көп ұзамай осы сурет қолына түскен. Сыртындағы «Жәния» деген жазудан сәбидің есімі екенін білді. Неден сескенгенін, айтарын айтып қалған жеңгесі баланың жайын тәптіштеп сұраған бұдан ат-тонын ала қашты.

Өзі де алаң көңілде болды. «Осы уақытқа дейін ізі де, түсі де назарына түспеген өзін, жасы кәмелетке келген жанның мойындай қоюы да екі талай-ау. Біреуге жар болған Күміс те сол бір тағдырдың тәлкегіне түскен кездерін есіне алып, балаға болған жайды айта қойды дейсің бе?»

Дегенмен тағдырдың кермек дәмі аузынан, сәбидің бейкүнә жүзі көз алдынан, әкелік сезім жүрегінен өшпеді.

Іздестіре жүріп, Күмістің онша қашық емес Н. әскери қалашығында тұратынын білді. Жабық қала. Кіру де оңай емес. Таныс жандардың бәріне дабыралағысы да келмеді. Есебін тауып екі рет кіріп, Күмісті жұмыс орнынан таппады.

Екінші рет салы суға кетіп келгенде зайыбы бірдеңе сезген болу керек:

– Н. қалашығына қайта-қайта барып жүргеніңді естідім. Неге барып жүргеніңді жасырмай айт. Жұрттан естігенше, өзіңнен есітейін, – деген.

Жанын жегідей жеген ойдан, енді ғана құтылатынын түсінген Шәкен бар жайды жайып салған. Ойланып қалған келіншегі:

– Ізде... Тауып ал. Бәрібір жаның тиыштық таппайды. Әкем деп мойындап жатса, қолына сақина салып, қыз қылайық, – деді.

Неше түрлі ой жанын жеп жүрген Шәкенге бұл сөз дем берді. Түскен еңсесін түзеді. Сол тәуекелмен ұл-қыздарына да шет жағасын білдірді.

Бұл жолы бар жігерін жанып, бір хабарын білмей қайтпауға бекініп жолға шыққан.

Күмісті жұмыс орнынан тапты. Екеуі еңселі ғимарат алдындағы талдардың астындағы орындыққа отырды.

– Неге келдің?

– Жәнияны көргім келеді.

– Бұл қай уақытта іздегенің?

– Ертерек іздейтін ештеңені білгенім жоқ.

– Білудің де керегі жоқ болатын. Қыздың әкесі бар. Оның өміріне енді араласуыңның қажеті жоқ. Сондықтан мені де, қызды да мазалама.

Орнынан тұрып бара жатықан Күміске:

– Үйленерде бәрін неге айтпадың? – деді.

– Бұл да кеш қойылған сұрақ. Сенен айырылып қалғым келмегендіктен болар. Қателігімді кеш түсіндім.

– Жәния мені біле ме?

- ......

***

Тұрлаусыз дүние барлық жанның ойындағысын орындатып, арманына қол жеткізеді дейсің бе?! Шәкен де көкірегіндегі арманын көз алдына ­елестете алмай, сәби күйінде көңілінде сақтаумен ойда жоқта бұл жалғанды тәрк етіп кете барды.

Оқыс қаза отбасы мен жақындарының жанына қатты батты. Әсіресе жыл аралатпай екі бауырынан бірдей айырылған жалғыз қарындасы Аққағазға ауыр соққы болды. Жақында ғана жүрек талмасынан ауруханаға түсіп, ота жасатып оралған жанға бұл оңай жағдай емес еді.

Тіршіліктің тірлігімен жүргенде ағасының денесін жер қойнауына тапсырғанына қырық күн болғанын білгенде жан дүниесі жалғызсырап қоя берген. Ағасының бөлмесіндегі кітап сөрелерін жинастыра бергенде, қолына «Жәния» деп жазылған сәбидің суреті түсті. Жүрегі дүрс-дүрс соқты. Ағаларынан қалған ұл-қыздың ішінде ­Жәния есімді бала жоқ болатын. Осы кезде жанына келген жеңгесіне суретті көрсетті. Жеңгесі қайынсіңлісінің көзқарасынан-ақ «Бұл кім? Қайдан пайда болған сурет?» – деген сұрақты айтқызбай-ақ ұқты.

Осы кезде жандарынан өтіп бара жатқан көрші аға:

– Шәкенді оң жаққа шығарарда жастығының астынан шығып еді. Мен сөреге қоя салғанмын, – деді.

Жеңгесі артық сөзге келмей бөлмеден шығып кетті.

Қырық күндік садақасын өткізіп, абыр-сабыр басылғаннан кейін Аққағаз әлгі сурет құпиясын білетіндерді сұрастырды. Тапты да. Шәкенге қызының хабарын жеткізген жеңгесі бар жағдайды біледі екен.

– Айтарымды айтып алып, отбасының шырқын бұзармын деп дабыра қылмағаным рас. Қызды да, қыздың анасын да білемін. Н. қалашығында көп қабатты үйде менің сіңліммен көрші тұрады. Отбасылы, төрт баласы бар. Өгей әкесі науқас анасын тастап кетіп, қолына алған екен, анасы жақында қайтыс болды деп естідім, – деді.

Толық мағұлматты есіткен Аққағаз жеңгесі мен ағасының балаларымен сөйлесті. Болған жағдайға қанықты. Ағасының аңсаған арманы, шер болып ішінде кеткені өксік болып тамағына тірелді. Көз жасына ерік беріп алып, есін жиып жеңгесі мен бауырларына «ағасының бір көруді армандаған адамын, бауырым» – деп іздеуді өзіне парыз көретінін айтты. Олар қарсы болмады.

Жәнияның ұялы телефонын тауып алған Аққағаз онымен ауызба-ауыз сөйлесті. Телефонмен болса да екі жақ та бар жағдайға қаныққан. Кім екендерін білген, әзірге біреуі арманы ішінде кеткен бауырынан айырылған, біреуі бар сырын ішіне бүккен анасынан айырылған тағдырдың тәлкегінен осы күнге дейін бірін-бірі көрмеген екі бауыр байланыс желісінің екі жағында өксіктерін баса алмай, жанарларынан жас парлап тұрды.

Ертеңіне Аққағаз үлкен жеңгесі Бақытжамал екеуі жеңіл көлікпен Н. қалашығын бетке алып жолға шықты...

Құдайберген ЕСЕКЕЙ,

Жездем «ұятсыз» балдызымен бір үйде тұрғысы келмепті-мыс
Анам маған «сен өскенде шешең сияқты жезөкше боласың» дейтін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу