Анамның сезімталдығының арқасында бір өлімнен аман қалдым

Oinet.kz 26-04-2023 2849

Тұрмысқа шықпаған кезім. Төсекке таңылып жатқан Ата-Анама көмек болсын деп, көшенің бас жағындағы наубайханада нан жабатынмын. Түркістанның тең жартысын, осы наубайхана нанмен қамтамасыз етеді. Жоспар бойынша, бір тəулікте мыңға тарта нан жауып, үлгеру керек.  Ақшасын аздау төледі ме,  əлде жұмысы қиындау болды ма, əйтеуір тұрақты істейтін жұмысшыға жарыған емес. Сол наубайханаға бірде нан сатып алуға барғанмын. 

Screenshot_6.jpg

Пеште пісіп жатқан нанды күтіп, сол жерде 5 минуттай тұрып қалдым. Ыстығына шыдай алмай, жүрегім қысылып,  маңдайым терлеп,  үфілеп барып, сыртқа қарай атып шықтым. Қызық, жұмысшылары қалай шыдайды екен? Миллион берсе де, мынандай ыстықта жұмыс істеутеуге төзе алмаспын. Арада бірнеше күн өтті. Ауырып жатқан ата-анамның халі,  күннен -күнге нашарлап бара жатты. Студентпін. Жолкіремді де, оқу ақысын да өзім табуым керек. Ата-анамның дəрі-дəрмегі де бар. Не болса да, оқып жатқан оқуымды тастамауым керек. Онсыз да, сіркесі су көтермей жатқан кісілерге, күнде алақан жаю ұят. 

Осы ой мазалап,  кеше ғана өзім "мына жерде жұмыс істеу мүмкін емес" деп кеткен, көше басындағы наубайханаға келіп, жұмыс беруін өтіндім.  

Егесі  —- үлкен сары қатын. Қарқылдап күліп алды.

— Жұмыс дейсің бе? Кеше, сен мына ыстыққа 5 минут та шыдай алмап едің ғой. Қалай жұмыс істемексің? Болмайды! Сен шыдай алмайсың. "Шыдай алмайсың" дегенге, көкірегім қарс айырылды. 

— Жоқ, мен істеймін.  Бір күн тегін жұмыс істеп көрейін. Ары қарай істей алмасам,  сіз де, мен де ұтылмаймыз.  

Ол келісе кетті. Өзінің үйретуімен,  нан жабуды тез-ақ үйреніп алдым. Ертесі күні, толық өзім жауып шықтым. 

Тіпті,  жапқан нандарым томпиып, қызарып, əдемі шықты. Үшінші күні, өздері жалынып келетін болды. Сөйтіп, басы -қасы,  екі-үш күннің ішінде, нан жабудың шебері болып, шыға келдім. Рамазан айы да келіп жеткен. Ауыз бекітіп, таңғы сəріге бір таба ыстық нанды жей салдым. Ең бастысы — ниет.

Рамазан айында ұстаған оразам мен тілеген тілегім қабыл болып,  Ата-анам сауығып кетсе екен деген арман. Наубайхананың да жұмысы оңай емес. Үлкен қазандыққа бір қап ұнды төгіп, ашытасың. Қазанның арнайы айналдырғышы дұрыс илей алмайды. Иін қандыру үшін, қолдың көмегіне жүгінемін.  Қолды қазанның түбіне тығып, қамырды қайырамын дегенше,  айналдырғыш та келіп жетеді. Осы айналдырғыш, наубайханада істеген талай əйелді қолынан айырып, мүгедек еткенінен хабарым бар. Абайламасаң, қолыңды қамырмен қосып, айналдырып жібереді.

Шапшаң қимылдау керек. Анам байғұс, көбіне осыған алаңдайды. Төсектен сүйретіліп тұрып, жұмыс істепжатқан маған келеді. "Істемей-ақ қойшы" деп, жалынады. Жұмыс қанша қиын болса да, сездірмеуге тырысып, өтірік күліп, шығарып саламын. 

Маңдайымнан сүйіп,  үйге қайтады. Ұйықтап қалды деп ойлап, жұмысыма алаңсыз кірісемін. Сөйткен Анам, сəресі кезінде, жаңа піскен бауырсағы мен ыстық тамағын алып, жетіп келіпті. Қанша ауырып тұрса да, бауыр еті баласы үшін, батылданып кеткендей. Ана деген осы екен ғой!

Табаларды майлап тұрған болып, көз жасымды бір сығып аламын. Мына жас тоқтасашы. Парлап аққан жас, бетімді жуып кетеді. Иығымның селкілдеп кеткенін, Ана жүрегі сезсе керек:

— Қызым-ай. Тағы жылап тұрсың ба? Қорықпа,  мен де, Əкең де жазыламыз.  Сен өзіңе қара. Дұрыстап, тамақтанып ал. 

Бұл наубайхананың тұрақты жұмысшысы жоқ деп едім ғой. Демалысқа жібергісі келмейді. Үш-төрт сағат ұйықтаймын ба,  жоқ па, əлгілердің өтінішін жерге тастағым келмей, тағы да түн баласы, ұйқысыз нан жабамын. 

Қамыр ашыту, оның əр бөлігін таразыға тарту, əдемілеп нанның формасына келтіру, бірінен соң, бірі пісіп үлгеретін үш қабатты екі пештің нанын күйдірмей, сыртқа алып шығу, оңай емес. Асығыстықпен табаларды жерге тастап жатқанда, ыстық табалар аяқты да, қолды да талай рет, күйдірген еді.

Қамыр ашытатын суды, даладағы құдықтан тартып əкелесің. Терлеп тұрып, сыртқа атып шыққанда, терің қатып, өзің де біржақты боласың. Тым жас едім ғой. Тер басып, шықсамшы. Білместік. Соның зардабын, міне, қазір тартып жатырмыз.

"Кипительникті" шелекке салып, су ысытамыз. Ондайда, тіпті шелектің сыртын ұстауға да болмайтынын қайдан білейін? 

Мен ақымақ, саусағымды тығып, судың ысыған-ысымағанын тексеріп жүріппін.  Осылай істеп тұрғанымды Анам көріп, шар ете қалғанда барып, шелекке салып тұрған қолыммен қоса, тұла бойымды дызылдатып тоқ ұрып, сонадайға лақтырып жіберді. 

Қанша жатқанымды білмеймін. Аманмын.  Өлмеппін.  Тұла бойым жансыз.  Жүрек соғып тұр. Анамның шыр-пыры шығып,  жылап жүр. Міне, содан кейін,  ол жерде істеуіме түбегейлі тыйым салды.

Сонша уақыттан бері тоқ тартпай келіп, Анамның шар еткен кезінде барып, тоқ тарта қалғанына, əліге дейін, таңмын. Бəлкім,  Ана жүрегі одан да үлкен қауіптен осылай, аман алып қалған болар.

Жылдар өтті, өз қолым өз аузыма жетті.  Тұрмыс құрып,  төрт баланың Анасы атандым. 

Бірақ, мені баяғыдай өмірдің ыстық-суығынан қорғап, шыр-пыры шығып жүретін Анам да,  Əкем де, енді жоқ. Шіркін, қазір сол кісілер жанымда болса ғой деп, армандаймын. Қиналғанымды да білдірмей, тек жүздеріне қуаныш қана сыйлап, алақаныма салып, аялар едім-ау.  Бірақ,  енді бұл —- орындалмас арман. Ата-аналарыңды барында бағалаңдаршы.

С. АБЫЛБЕКОВА

Күйеуіме ақша берсем ғана жақсымын
Сап-сау әкемді мен өлтірдім бе? Нағашы әжем солай дейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу