Анаммен ұрысамын деп мүгедек болып қалуға сәл қалдым

Oinet.kz 26-04-2023 1602

Үйден ашуланып шығып кеткем. Даудың басы КИА дейтін темір тұлпар алудан шыққан болатын. Елдің баласы құсап машина мініп, сән боп жүрейінші,- десең, өмірі кесе-көлденең бірдеңе шыға беретіні бар осы. 

Screenshot_4.jpg

Ақша жинамайды емес жинаймын ғой, енді жинадым дегенде өмірі соған лайықты бір проблеманың дайын тұратынына ашынамда. Жолыңды байлап бір қырсық аяқтан шалады да тұрады. Бітпейтін отбасылық проблемалар, әйтеуір. Қанша жерден ғұлама боп данагөйсіп жүргеніммен кей-кейде балалығым басым тұрады екен менің де. Айтқаным болмай қалса бітті, содан үнемі шарт-пұрт боп, шала бүлініп жүргенім сол. 

Не керек, пендешілікке бой алдырып, анашыммен ұрсысып қалдым бұл жолы. Бұдан алдын екі рет иттің күніндей тірнектеп жүріп жинаған ақшам -- әпкемнің бесік тойы мен үйдің жөндеу жұмыстарына кеткен болатын, одан кейінгісі -- майда-шүйде қарыздарымызбен інімнің үйін тұрғызуға кетті, енді бұл жолғысы үйдің қомақты кредитіне кетіп отыр. "Әні машина алам, міні машина алам",- деп өз-өзімді алдаудан да шаршап кеттім сөздің шыны.

Үлкен отбасымыз ғой. Оның үстіне жеті баланың ішінде оқығаны да, тоқығаны да -- мен едім, мансаптысы да -- мен, содан болар, үйдің бар проблемасын шешу жағы маған қарап тұрады, әйтеуір. Анам: "Сүйенішім де, ақасүйерім де -- өзің ғана",- деп мақтап қойса болды, алдына түсіп жүгіре берген екем. Негізі, былай қолымнан келгенше үйден көмегімді бір аяған емеспін. Ә дегеннен "Санжар анау керек еді", "Санжар мынау керек еді", "Санжар ана тірлігіміз бітпеятыр, мына жұмысымыз тоқтап қалды",- деп звандайды да тұрады өмірі. Төзімнің де шегі бар емес пе, бұл жолы "бомбадай" жарылдым нақ. Жаспын ғой, айналамдағы достарым құсап мен де машина мініп жүрсем жараспай ма, ә? деп дастархан басына келгеннен арызымды айта жөнелдім. "Жұрттың баласы" құсап қашан машина мінеді екем, мен байғұс қашан бүтінделеді екем,- деп бір бастасам аузы-басым жыбырлап тоқтамай кететін -- әдетім. 

Не керек, өстіп анама ашуланған күйі сыртқа аласұрып шығып кеткем. Вокзал жаққа қарай беттеп жүре бердім. Бір қызығы, жолдың арғы бетінде мүгедектер арбасына таңылған бір кісі де менімен жарысып, жол жүріп келе жатыр. Мән бермегенсіп алға қарай жөйткіп бара жатырмын. Ақырындап жүрісімді тездеттім. Тездеткенім сол екен, әлгі арбадағы кісі де арбасының дөңгелегін шыр айналдырып, соңымнан зуылдатып келе жатыр. Екеуара осылай жарысып, екі бекет аралықтағы жолды жүріп өтіппіз. Бір кезде әлгі арбадағы кісі арбасының дөңгелегі әлденеге тіреліп қалса керек, арбасы төңкеріліп, етпетімен құлады,- дейсің. Азғана жүрдім де, іштей өзімді кінәлі сезінгендей артыма тарс бұрылып қарадым, әлгі мүгедек кісі тұралмай жанталасып жатыр екен. 

Құдайдан қорықтым, бір жағы жаным да ашып кетті. Жолдың арғы бетіне өттім. Бейтаныс мүгедектің алдына барып қолтығынан демеп, дереу арбасына отырғыза қойдым. Содан біраз жерге шейін арбасын алға қарай сүйреп, жолсерік болдым. Көңілін аулаған боп, аздап әңгімеге де тартқандай болдым. Әйтеуір, осы кісіге деген жанашырлығым ұстап қалды. Бір бекетке келгенде екеуіміз біраз бөгелдік, мен дүкеннен сусын мен жейтін анау-мынау алып шығып, біраз жүрек жалғап алдық. Ол да мені бауырындай көріп, бар сырын ақтарды. Көңілі ашық, ақжарқын кісі екен, айтуы бойынша қайбір жылы отбасылық жағдайларға байланысты қатты стресс алған екен. Содан жүйкесі сыр беріп, екі аяғы бірдей істемей қалған екен. Осы аурудан арылу үшін бармаған жерім, баспаған тауым қалмады,- дейді күйініп. Бар дүние-малымды шаштым, қайран болмады,- дейді. Жеке кәсіпкерлікпен айналысқан екен, мықты іскер азамат болғаны да сөзінен көрініп тұр. 

"Малым жанымның садағасы", деп денсаулығымды қалпына келтіру үшін үйімді де саттым, соңғы үлгідегі машинам да кетті,-  дейді. Кеткен малыма өкінбеймін ғой, өкінетінім сол, дертіме шипа таппадым,- дейді тұтығып. Арада біраз ішкілікке бой алдырғанын да тілге тиек етті.

"Бәрін қидым ғой, бәрін қидым, деп аяғын бір ұрды, тек мына қу аяққа жан бітпеді, нестейін,- деп аяғын еріксіз мыжғылай берді. Әй істемеді, істемеді",- деп зар иледі-ау байғұс ағам. Адам құсап жұбата да алмадым, мүсіркегендей болмайын деймін ғой. Бар айтқаным: "Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады",- дей беріппін ғой. Сенің анаң бар қарның ашса, аузыңа сарымай жағылған наны мен ыстық шәйін тоса қояды. Менде жаныма медеу болар не қалды, бауырым-ау? деп сөйлеген кезде, шынын айтайын, көзіме жас үйірілді. Бұл да болса, мендей көкірек көзі соқыр пендесіне Алланың ескертуі болса керек,- деп топшыладым. Пендешілікке салынып, бардың қадіріне жете бермейміз-ау осы біз. "Анашым-ай, байқаусызда сенің де көңіліңе қаяу түсіріп алдым-ау",- деп ішімді ит тырнады кеп. 

Негізі, менің басымда осындай жағдайлар көп болып тұрады. Мектеп қабырғасында оныншы сынып оқып жүрген кезімде де анама ренжіп, қыңыр мінез танытқаным бар. Сыныптағы ер балдар барлығымыз қара көзілдірік сатып алып, қыздармен бірге "маевкаға" шығатын болдық. Үйдегі күнделікті жеп-ішетін тамақты жеткізу қиын болған бір кезеңде анама қара әшки алып бер,- деп жағасына жармасқаным бар. Сол кезде де ашуланып көшеге шыққан кезімде қолына асатаяқ ұстаған бейтаныс бір зағип кісі қыр соңымнан қалмай қойған. Сірә, бұл да Құдыреті күшті Алланың көзің көретініне шүкір ет, сенің айналаңда соқыр жандар да күн кешіп жүр,- дегені болар деп топшылағам.

Санжар Ғұлама

Енемнің қайын атамның көзіне шөп салып жүргенін біліп қойдым
Күйеуіме ақша берсем ғана жақсымын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу