Алтын ұрлаймын деп онкологиялық ауруға шалдыққан жігіт өксіп кешірім сұрады

Oinet.kz 23-04-2023 3594

Ой да-жоқта өз үйімнен алтындарым жоғалды, – деп бастады әңгімесін Айша апай. Келін-баламнан, тіпті отыз жыл отасқан күйеуімнен, үйге жиі келетін ағайындарымнан көріп, күнәға бата жаздадым. 

Screenshot_5.jpg

Ақшаға бола, ломбардқа тапсырған боларсыңдар деп жағаларына жармастым. Полицияға да хабарластық. Нәтиже шықпады. Арада бір жылдай уақыт өтті. Үйдегілер де, ағайындар мен көршілерім де «жоғалған алтындарың бойыңдағы барлық ауру-сырқауды алып кеткен шығар. Еш жерің ауырмайтындай өзіңді жеңіл сезіне бастадың. Бұрын дәрігерден шықпаушы едің» деп айта бастады. Сөздерінің жаны бар еді. Шынымен де бүкіл ауруым жоғалған алтындарыммен бірге кеткендей болды. 

Күзге қарай баламның мектепте бірге оқыған досы аяқ астынан ауырып қалды. Әке-шешесі, тумалары Самараға, Алматыға апарып, қаратты. Бала жүдеп-жадап, қара су ішуден қалды. Ешқандай емшілер мен дәрігерлер ауруының бетін қайтара алмады. Жиырма жеті жастағы шауып жүрген жігітке не болғанын білмедік. Тамағынан ас өтпейтін жаман ауруға шалдығып, облыстық онкологиялық ауруханада айлар бойы жатты. 

Содан бір күні балам қасыма келіп, «мама сенімен Айдос сөйлескісі келеді. Бір нәрсе айтқысы келеді. Ауруханаға баршы» деді. Келістім. Ойымда түк жоқ. Палатада шешесі екеуі көңілсіз отыр екен. Өз баламдай Айдостың ұсқынын көріп, шошып кеттім. Денесінде бір сылым ет қалмапты. Сәлден соң шешесі бізді оңаша қалдырып, өзі жылап палатадан шығып кетті. Мен әлі еш нәрсеге түсінер емеспін. Бетінің бері қарамайтынын сезіп, қоштасуға шақырған шығар деп ойладым. Көзіме тіке қарай алмаған Айдос сыбырлап қана сөзге келді. «Апа, кешіріңіз мені. Сіздің алтындарыңызды мен ұрладым. Балаңыздың сеніміне кіріп, кілтті де алдын-ала қолға түсірген едім. Тапсырысты мен бергіздім. Ломбардтарға бүкіл алтыныңызды апарып, ақша таптым. Бірақ маған алтындарыңыз жақпады. Ұрлық жасағаным ойымнан еш кеткен жоқ. Кейде өз қолыңызға немесе Берікке қайтадан алтындарды апарып бергім келетін. Қазір қатты өкінемін. Сол кезде сізден кешірім сұрап, қателігімді мойындағанымда дәл бұлай жатпас едім. Ұрлығымды Алла тағала желкемнен шығарды. Жаңа ғана сол оқиғаны апама айтып бердім. Мен бір жағына шыққан соң, әкем екеуі сізге алтыныңыздың ақшасын тауып берер. 

Ал мен… Уақытымның аз қалғанын сезіп, сізді әдейі шақырттым. Мені кешіре алсаңыз, кешіріңіз. Анау жаққа күнә арқалап кеткім келмейді» деп Айдос өксіп қоя берді. Өзімнің де көзімнен жас шығып кетті. Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей есімді жия алмадым. Қанша дегенмен ақ адал заттарымды кім алды, не үшін алды?! Табалдырығымнан аттап кіріп, дұшпандық ойлаған кім деп уайымдаған күндерім көп болды ғой. 

Айтайын дегенім, «Ұрлық түбі – қорлық!» Біреудің ала жібін аттаған адам түбі оңбайды. Сол кезде Айдос үйіме келіп істеген ісін мойындағанда кешіретін едім. Қателеспейтін адам болмайды. Өзі айтқандай, алтындарым оған жаққан жоқ. Жасаған ұрлығынан бойына ас батпай, ақыры қылтамақ ауруына шалдықты. Жастай өмірден озды. Біреудің көз жасы, біреуге жақсылық әкелмейтінін ұмытпауымыз керек. Кезінде ломбардта жұмыс жасаған бір келіншектің қазір ауруға шалдыққанын білемін. Пендешілікпен бәрі шалыс басады. Кінәләрін кеш түсінеді. Қазір алтын ұрлап, біреудің қымбат әшекейлерін ақшаға саудалап, күнелтіп жүргендер түнде тыныш ұйықтайды, күндіз уайымсыз тамақ ішеді деп ойламаймын. Ешқашан алтын мен ақшаға құнықпаған жөн. Дәл осы оқиғадан соң сары темірге қарамайтын болдым. Айдос өмірден өткен соң анасы құлағындағы сырға-сақинасын шешіп, жылап-сықтап аяғыма жығылды. «Осыларды ала тұр. Жетпегенін ақшамен төлейміз» деді. Әрине қыздарыма, жеке басыма қажет болып тұрса да кеткен зат кетті, басымнан садақа болсын деп алмадым. 

«Алтын жүрген жерде шайтан жүреді» деген сөзге көбірек сенемін. Алла бәрін өзі реттейтініне көзім жетті. Сол оқиғадан бері басым аман, отбасым тыныш болғанына шүкіршілік етемін.

Құлдықтан ерекше әдіспен құтылып кеткен патша уәзіріне алғыс жаудырды
Сүйіктімнен басқа қыздың аяғы ауыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу