Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Сіздерге үнемі бикештердің хат жолдап, өздерінің жан әлемінің сырын ашып жүргенін байқаймын. Анығында жігіттердің де түйткілді мәселелері бар екенін ұмытпауымыз керек. Біз ер адамдар көбіне осылайша ақтарылып, кеңес сұрауға дағдыланбағанбыз.
Жасым биыл отыздың бесеуіне келеді. Үш қыздан кейінгі ұл болғандықтан әке-шешем келіншек алғанымды күтті. Күтіп жүріп былтыр әкем дүниеден озды. Енді анам көзімнің тірісінде бір шақалақты иіскетпедің деп күнде мазалайды. Үйленейін десем, тәуір қыз жоқ. Қыздардың барлығына астында көлігі бар, табысы мықты жігіттер ұнайды. Демек, олардың махаббаты да сатулы болып тұр ғой. Мен қыздарды алдап, өтірік айтып, бай көрінгенді ұнатпайтын адаммын. Ал достарым осынымды қызға қырсықсың деп сөгеді. Ал, анамды қуанту үшін біреудің қызын үйге алып келейін. Оны ертең қалай асыраймын? Әкемнен қалған құлағалы тұрған тамға құдаларды қайтіп күтеміз? Ес жинап, өз-өзіме келгенше қырық жасқа келетін шығармын. Неге екенін білмеймін, жолым бір болмай қойды. Менің хатымды оқып отырғандар, мынау бір ез екен деп ойлайтын шығар. Олай емес, шамамның келгенінше мен де адал нан таптым. Ауыр жүк арқалап, анам екеуміздің ас-ауқатымызды тауып жүрмін ғой. Бірақ той жасау, асай-мүсей мен ырым-жоралғыларды жасауға кететін қаражатты қайдан табамын? Қыздардың барлығы ақ көйлек киіп, тойдың төрінде отырғысы келеді. Қысқасы – үйлену деген қып-қызыл шығын ғой. Сөзімнің басында әкемнің дүниеден озғанын айтып едім. Сол әкемнің асын өткеруге де аз қаржы кетпейді. Тусаң да, өлсең де барлығын ақшаға тіреп қойғанбыз ғой. Жалған намыс жайында да сөз қозғадым ғой, «мен кімнен кеммін» деген дүние біздің үйде де бар. Әкемнің әруағы үшін ешкімнен кем түспейтін ас өткізуім керек. Одан кейін үйленемін. Қыздың әке-шешесінің намысы үшін, барған жері жақсы екен дегізіп, тағы да «ешкімнен кем түспейтін» той жасау қажет болады. Алдымдағы әкпелеріме салық салғым келмейді. Анам «ештеңе етпейді, соларды мен тауып, мен баққам, сенің қуанышыңа жинайды, сен алдымен үйленші», – дейді. Ал мен олай жасағым келмейді. Әкпелерім үйде бала күтімімен отыр. Олар мен үшін жезделерімнің алдында төмендегенін қаламаймын. Өздерінен артылып жатса, арқа сүйеуге болар еді. Көріп тұрып қалай көмек сұраймын? Ешкім жетісіп жүрген жоқ. Достарымның барлығының бастарында несие бар. Егер менімен бақытты ғұмыр кешуге дайын, барға қанағат, жоққа сабыр ететін қыз бар болса, оны жар етер едім. Осы жасқа ұйықтап жүріп келген жоқпын. Көріп жүрмін ғой, ондай тәубешіл және сабыршыл қыздар жоқ. Барлығы инстаграмдағы жұлдыздар секілді өмір сүргісі келеді. Адал да, бөтенге қиянаты жоқ мен секілді жігіттің келіншегі болғанша, бір байдың үшінші әйелі атанып, байлыққа барынша малынып, балқып-толқып өмір сүргенді дұрыс санайды. Қыздардың бұл әрекетін де сөккім келмейді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда, жақсы өмір сүргісі келетін шығар. Бірақ өмір болған соң, кілкіген шаттықтан тұрады деп қателеседі ғой. Ертең жолым ашылып, дәулет қонып, менің де байып шыға келуім мүмкін ғой. Бас екеу болмай, мал екеу болмайды демекші, бас құрасам мен де жарқырап шыға келетініме сенемін. Тек қыздар неге мен секілді жігіттерге сенбейді екен? Осыны білгім келеді. Мен көлік тізгіндеп, үй сатып алғанша уақыт өтіп кететін болды. Осы жағдай мені күнде мазалайды. Жүзіне иман ұйып, бар мен жоқта болмысын өзгертпейтін жақсы қыздармен қайдан танысуға болады? Барлығы мен ойлағандай емес шығар…
Дастан ТҮЗЕРБЕКҰЛЫ
ОҚО, Жетісай қаласы