Ұлдары ұра бергесін үйден кетіп қалған ана көшеде қайыр сұрап жүр

Oinet.kz 15-04-2023 4620

Жақында қала орталығындағы көшелердің бірінде қайыр сұрап отырған ақжаулықты ананы көзім шалды. Сырттай қарасақ, оның қайыршы еместігі айдан анық көрініп тұрды. Үстінде таза киім, басында ақ орамалы, бірақ көңілі жабырқаулы екен. Алдына тиын-тебен тастағандарға көмек сұрағандай көзқараспен қарайды. Ішінде бір айтар мұңы бар.

Screenshot_5.jpg

Содан ақырындап әңгімеге тартқанды жөн көрдік. Кейуана жылы қабақ танытты. Бірақ оның астарында өз қайғысын жасырған үлкен жүректі жан екенін сездік. Екі ұлдың анасы екен. Биыл 79 жасқа толады. Шаңырағында шат-шадыман күй кешетін шағы емес пе? Әйткенмен ол кісі балаларынан да қамқорлық емес, қорлық көріпті.

– Бірі балам болмады деп жылайды. Енді бірінің баласы болса, одан қорлық көріп қиналады. Соның бірі – мына мен ғой, қарағым, – деп әжей көзіне еріксіз жас алды. Сөйтіп әңгімесін қайта жалғастырды. 

«Үлкен ұл наркологиялық ауруханада жатыр. Екіншісі де сол ішімдіктің кесірінен маған екі рет қол жұмсады. Сондағы жазығым – оған ақыл айтқаным. Екінші мәрте ұрған кезде шыдамай өзім кетіп қалдым. Енді үйге барғым келмейді. Қазір ағайынның үйлерін паналап жүрмін. Салмақ салмайын деп арасында көше кезіп, қайыр тілеп кетемін. Алатын зейнетақым да дәрі-дәрмектен артылмайды. Кейде өз баламнан көрмеген ықыласты туыстарымның балаларынан көріп отырамын. Мен үшін бұл – өте ауыр», – деді ақжаулықты ана күрсініп. Іштегі шері жүрегін ауырта түскендей. Арасында жылап та алды. Ол кісіні жұбатуға, жылы сөзімізді арнауға тырыстық. Бірақ оның жан жарасын кім емдейді?…

– Алланың берген қос баласынан осындай күй кешіп отырмын. Немерелерімді сағындым. Алайда олар бөлек кеткен. Өйткені ішетін әке кімге керек? Ішімдікке жақын болған ұл қадірсіз болады. Отбасының, елдің алдында абыройсыз болады. Оны түсінетін бала қайдан?, – деді ана мұңая мұңын айтып.

Иә, осыншама жасқа келгенде жылы үйінен кетіп, ағайын-туыстың шаңырағын паналау оңай емес. «Шіркін, жұрттың баласына қарап, қызығамын. Аналарына мейірімдерін төгіп отырған кезде еріксіз жылап аламын. Себебі барлық ана балаларының арасында бақытты, әдемі қартайғысы келеді. Мен үшін бұл жәй ғана арман болып қалады», – деп аяқтады сөзін кейуана.

Өзі жылап отырса да жүрегі басқа аналардың бақытты болуын тілейді. Біз де бар жылы сөзімізді арнадық. Жұбатқандай болдық. Сонда да болса, тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген балаларындай бола алмасымыз анық. «Іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, солардан қанша қорлық көрсе де ананың көңілі бәрібір баласында екенін байқадық. Жаны қиналса да ана алаңдаулы. Міне, ана дегеніңіз – сондай кең жүректі жан.

Бірақ кең жүректіміз осылай әр көшені кезіп, жылап жүр… Жанға батады, әрине. Жаны жабырқаулы ана әңгіме барысында алдағы уақытта қарттар үйіне барып тұратынын да айтып қалды. Өмірде осындай тағдырлардың бары өкінішті-ақ…

P.S. Алладан кейін бізге жарық өмір сыйлаған аналарымызды жылатпайық, көзі тірісінде жоғалтпайық, ағайын! Себебі әр көз-жастың, әр сөздің, әр істің өз сұрауы бар екенін ұмытпайық.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ, 

Ақмешіт апталығы

Әкесі өлген соң анасын қарттар үйіне өткізуге шешім қабылдады
Көп балалы жесірге қарайласқан Құдай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу