Бір кездері үйден қуып шыққан енем, енді босағамды жағалап жүр

Oinet.kz 02-05-2023 8866

Бір ұл, бір қыздың анасымын. Жолдасыммен ажырасқанмын. Оған себеп енем мен жолдасымның әпке-қарындастарының біздің өмірге араласуы.

Screenshot_6.jpg

Әкемнің тұрмыс құрмаған жалғыз әпкесі бар еді. Мен ол кісіні «Апашым» деп атайтынмын. Апашым мұғалім кісі еді, Алматы орталығында екі бөлмелі пәтерде жалғыз тұратын. Апашымның кеңесі бойынша мен Астанаға оқуға кеттім. 2-курста оқығанда анам өмірден озды. Әке-шешемнің жалғыз қызы болғандықтан, сол кезде маған апашым қатты көмектесті.

Оқуымды бітіріп, жұмысқа орналасып, тұрмыс құрдым. Жолдасым бір үйдің жалғыз ұлы, өзінен 2 жас үлкен әпкесі мен 5 жас кіші қарындасы бар. Енем зейнеткер болса да, жұмыс істейтін еді. Барлығымыз Астанада 3-бөлмелі пәтерде тұрдық.

Тұрмысқа шыққан соң, жұмысымнан шығып кеттім. Үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын едім. Жолдасымның жағдайынан бұрын, үйдегі қыздардың, енемнің жағдайын көп жасайтынмын. Киім-кешектеріне дейін жуып беретінмін. Арасында олар арамызға түсіп, жолдасым екеумізді араздастыратын. Бір шетінен енем, бір шетінен қыздар тиіссе де, бәріне көндім. Апашым да «Не болса да, көн. Болашағыңды ойла» деп ақылын айтатын. Ұлымнан кейін қызым дүниеге келді. Пәтер тар болып, көшуді ойлап едік, бөлек шығып кетуге енем рұқсат бермеді.

Қызым 6 айлық болғанда балаларымды алып, Алматыға, апашымды қарауға кеттім. Ол кісінің өкпесіне суық тиіп, біраз жылдар бойы емделгенмен, нәтижесіз болып, хал үстінде қалды. Апашыма қарайтын менен басқа ешкім болмады. Жолдасым ол туралы білетін, басында түсіністікпен қарады. Ал енем мен қыздар болса, соны пайдаланып, жолдасыма мені жамандап, телефонға маза бермей, қайта-қайта «кел де кел» деп хабарласатын.

Мұның барлығын көріп-біліп жүрген апашым бір күні енеме хабарласып: «Сәл шыдаңыз, құдағи. Бұл қыз маған қарап жүр. Жағдайым нашар. Мына пәтерімді балаларға қалдырамын. Сатса да, пәтерге берсе де өз еркі. Сіз балалардың ортасына түспеңіз. Бөлек шықсын» дегенінде енем ащы сөзін айтып, қайырып тастады. 1 апта уақыт өткен соң, енем хабарласып: «Бір айға жақын үйде тұрған жоқ, квартплата төлеу керек. Не келсін, не кетсін. Пропискадан шықсын. Артық ақшам жоқ менің» деп айтты. Сонда апашымның қалы нашар еді. Жолдасыма хабарласқанымда ол да анасының сөзін айтты. Апашым болса «Семьяңа бар» деп айтты.

Поездға билет алып, ертең жол жүреміз деп отырғанымызда, апашым дүниеден кетті. Хабарды естіссе де, жерлеуге, көңіл айтуға жолдасым да, енем де, қыздар да келмеді. Сөйтіп, екеуміз сырттай ажырастық. Енем айтқанындай, мені және балаларымды пропискадан шығарып тастады.

Содан, мінеки, 10 жыл өтті. Апашым қалдырған пәтерде балаларыммен тұрып келемін. Әкем басқа семья құрды. Жолдасым мен қайын жұрт осы уақыт ішінде бір хабарласып, көмегін тигізген жоқ.

Енді жақында Алматыға енем мен қайынбикем келіпті. Жанында жолдасы бар. Жолдасында дерт болып, оны Алматыдағы онкологиялық ауруханаға жіберіпті. 10 жылдан кейін ештеңе болмағандай, үйге келді. «Қыздың жаманы - бір шәй береді» дегендей, үйіме келгендіктен қуып шықпадым. Балаларымды көріп, беттерінен сүйіп, ақша беріп жатты. Балаларым біздің жағдайдан хабардар. Олардың көңілдері келген қонақтарға жыли қонған жоқ. Жолдасым туралы сұрамасам да, өздері айтып берді. Өзінен 2 жас кіші қызға үйленген екен, ол бір бала туғанын міндетсініп, енем мен тұрмыс құрмаған қайын сіңліме күн көрсетпей, үйге өзінің студент сіңлісі мен інісін кіргізіп алыпты-мыс.

Ертесі күні қайынбикемнің жолдасы ауруханаға жатқызылды. Қайынбикем мен енем пәтер жалдап тұра бастады. Қайынбикем күндіз жолдасының қасында болады. Ал іші пысқан енем балалармен кездесгісі келетінін, бізді сағынып кеткендігін айтып күнде маған хабарласады. Балаларым болса, онымен кездескісі келмейді. Әкем де жолатпа деп отыр. 10 жыл хабарсыз жүрген жандардың өмірімізде қайта пайда болып жатқанына мен де ырза емеспін.

Әсем, Алматы

Білдей бір имам «тоқалып бол» деп етегіме оралып жүр
Әкесі өлген соң анасын қарттар үйіне өткізуге шешім қабылдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу